2019 жылдың 15 сәуірінде Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан ұйымдастырылған және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінде өткізілген конференцияда құрметті қонақ ретінде Таяу Шығыс техникалық университетінің Халықаралық қатынастар бөлімінің профессоры, доктор Хүсейін Бағжы «Белдеу және жол» бастамасы: Түркия перспективасы» атты тақырыпта баяндама жасады.
Профессор, доктор Хүсейін Бағжы баяндамасында Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы туралы айта келе, бұл жоба Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосатындығын, сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси өмірдің дамуына мүмкіндік беретінін айтты.
Бағжы бүгінгі таңда Қытай мен АҚШ-тың экономикалық салада бәсекелесетінін және Қытай экономикасы әлемдегі ең мықты экономикалардың біріне айналғанын атап өтті. Осындай прогреске қол жеткізілгеннен кейін «Белдеу және жол» жобасы іске асырыла бастағанын және Қытай осы жоба арқылы Батыс әлемінің экономикаларына көбірек тауар мен қызмет ұсынуды көздеп отырғанын тілге тиек етті.
«Белдеу және жол» бастамасындағы Қазақстан рөлінің маңыздылығын атап өткен Бағжы Қытай батыс әлеміне Қазақстан арқылы қол жеткізе алатынын айтты. Жылдам қарқынмен дамып келе жатқан Қытай өз тауарларын Еуропаға жіберіп жатса, Қазақстан да бұл жобаның мүмкіндіктерін барынша пайдалануы керек екенін атап өтті.
Семинар барысында Бағжы тарихта Марко Полоның шығыс елдеріне жасаған саяхаты үлкен маңызға ие екендігін және бүгінгі таңда Қытайдың Батысқа бет алғандығын, Қытай Төрағасының жақында Италияға жасаған сапары осының белгісі екенін мәлімдеді.
Бағжы «Белдеу және жол» бастамасы бағыт бойындағы және айналасындағы көптеген елдерде өркениеттік өзгерістер мен елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін, сауда-экономикалық ынтымақтастықпен қатар адамдар арасында жаңа идеялардың дамуына септігін тигізетінін айтты. Ол, сондай-ақ, «Белдеу және жол» жобасының маңыздылығы ойлағаннан да үлкен екенін және бұл жоба еуропалық экономистер мен ғалымдар тарапынан ең көп талқыланатын мәселе екенін ерекше атап өтті.
Қорытындылай келе, Бағжы Қытайдың әлемдік экономикада көшбасшы ел болайын деп жатқанын және бірқатар салада он миллиондаған маман дайындап жатқанын тілге тиек етті. Географиялық тұрғыдан Еуропа мен Қытайды бір-біріне байланыстыратын көпір іспетті Қазақстан да бұл мүмкіндіктерді мейлінше мұқият пайдалана отырып, әлемдік экономикаға өз үлесін қоса алатынын айтты.
Конференция соңында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі профессор, доктор Тыныштық Ермекова профессор, доктор Хүсейін Бағжыға рақмет айтып, алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушыларға Еуразия ғылыми-зерттеу институтының басылымдары сыйға тартылды.