2019 жылдың 15 сәуірінде Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан ұйымдастырылған және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткізілген конференцияда Таяу Шығыс техникалық университетінің Халықаралық қатынастар бөлімінің профессоры, доктор Хүсейін Бағжы «Еуразияда геосаяси тепе-теңдік ізденістерінің өткені мен бүгіні: Түркия перспективасынан Қытай мен Үндістан» атты тақырыпта баяндама жасады.
Конференцияның ашылуында кіріспе сөз сөйлеген Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары профессор, доктор Сайын Борбасов құрметті қонақ профессор, доктор Хүсейін Бағжының жасағалы отырған баяндамасының маңыздылығын атап өтті. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер тиісті салада жүргізілетін ғылыми-зерттеулерде профессор, доктор Хүсейін Бағжының талдаулары мен пікірлері басымдыққа ие екенін атап өтті.
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаздың қатысуымен Тарих институтының конференц-залында өткен іс-шараға ғалымдар мен атақты археологтар қатысты.
Профессор, доктор Хүсейін Бағжы жасаған баяндамасында фактілер мен оқиғалардың саяси және ғылыми аспектілеріне тоқталып өтіп: «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын АҚШ, Қытай және Ресей сияқты ірі акторлар арасындағы бәсекелестіктің нәтижелері Еуразия аймағына да өз әсерін тигізуде. Қытай ХХІ ғасырдағы ең мықты мемлекет болу жолында дамып келеді және кейбір бәсекелес елдердің кедергілеріне қарамастан, бұл елдің даму перспективаларын тоқтату қиынға соғатын тәрізді. Қытайдың Ресеймен қарым-қатынастарындағы мәселелер үшінші елдердің, атап айтқанда АҚШ-тың ықпалы нәтижесінде туындап отыр. Осы уақытқа дейін Қытай басқа елдер арасындағы саяси мәселелерге араласып көрмеген. Алайда болашақта Қытайдың бұған деген көзқарасы өзгереді және бұл елдің толығымен әлемдік державаға айналатынына куә боламыз», – деп мәлімдеді.
Профессор Бағжының айтуынша, Үндістан да қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі саналады. Үндістан Қытайдан қалыспай дамыған немесе дамушы елдермен бәсекелесуде және тіпті көптеген салаларда көшбасшылыққа қол жеткізе алды.
Профессор, доктор Хүсейін Бағжы жақын болашақта Еуразия аймағында жаңа саяси үдерістер басталып, соның нәтижесінде әртүрлі экономикалық және саяси дағдарыстар туындауы мүмкін екендігін мәлімдеді.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары профессор, доктор Сайын Борбасов баяндама жасаған профессор, доктор Хүсейін Бағжыға алғысын білдіріп, «әлемге әйгілі саясаттанушылар тарихшылардың арасынан шығатынына» қатысты қағиданың тағы бір рет дәлелденгенін айтты. Профессор, доктор Борбасов бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Конференция соңында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз қосқан үлесі үшін профессор, доктор Хүсейін Бағжыға алғысын білдіріп, сертификат табыстады.