1940 Алматы облысы Сарқан ауданы Алғабас колхозында туып, 1958 жылы Бақалы орта мектебін, кейін Алматы шетел тілдер педагогикалық институтын үздік бітірдім.
Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз?
1940 Алматы облысы Сарқан ауданы Алғабас колхозында туып, 1958 жылы Бақалы орта мектебін, кейін Алматы шетел тілдер педагогикалық институтын үздік бітірдім.
Оқу біткен соң Алматы шетел тілдер педагогикалық институтының мұғалімі болып қызмет атқарып, 1965-66 жж. ГДР Карл-Маркс университетінде және Гердер институтында білімімді жетілдірдім. 1966 жылдан осы уақытқа шейін Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде (бұрынғы Алматы шетел тілдері педагогикалық институты) Неміс тілі факультетінің деканының орынбасары, Даярлық бөлімінің деканы және университеттің әлеуметтік және мәдениет мәселелері бойынша проректоры, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің әлеуметтік мәдени істері жөніндегі проректороы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шығыс филология факультетінің деканы; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылым жөніндегі проректоры; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің – Ғылыми-зерттеу орталығының директоры қатарлы қызметтер атқардым.
Москваның МГПИИЯ институтында «Қазіргі неміс тілінің сын дәрежесі категориясы» тақырыбынан ғылыми кандидаттық диссертация қорғадым. Германияның Гамбург университетінде білім асырып, «Неміс және қазақ тілдерінің контрастивтік грамматикасын» шығардым. «Қазіргі неміс тілінің сын дәрежесі категориясы» атты ғылым кандидаттық диссертация және «Сын дәрежесі категориясы: функционалды коммуникативтік табиғаты (Қазақ және неміс тілдері негізінде)» атты докторлық диссертация қорғадым. 2011 жылда «Халықаралық ақпараттандыру академиясың» толық мүшесі – Академигі атағын алдым.
Қазірге дейін 200-ге жуық ғылыми мақала жариялап, «Неміс –қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» (Алматыда, Гамбургта шыққан), «Неміс тілінің теориялық грамматикасы», «Неміс тіліндегі сын дәрежесі категориясы» және «Сын дәрежесі категориясы» қатарлы монографиялар шығардым. Сонымен қатар, «Неміс-қазақ тілашары» атты Жоғары оқу орнының студенттеріне арналған Неміс тілі оқулығы, университеттің екінші курс студенттеріне арналған «Неміс тілі» оқулығы, Республиканың қазақ мектептерінің 10-классына арналған оқулықтар және 48 томдық «Қазақ тіл білімі антологиясының» 48-ші томының бірлескен авторы болдым. Көптеген докторанттар мен магистранттарға ғылыми жетекшілік жасап келемін.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген, сондай-ақ, қазақ қоғамының көкейтесті мәселелерінің бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Осы мәселеде үлкен жауапкершілік арқалаған тіл білімі маманы ретінде, Латын әліпбиіне көшу туралы ойларыңызбен бөліссеңіз.
Рухани жаңғыру – ел дамуының жаң бір арнада өркендеу кезеңінде әлемдегі заманауи үдеріс ауқымында жаңаруының аз уақытында алға қойылып отырған, ел өмірінің барлық дерлік саласында уақыт сындарынан өткен дәстүрлі құндылықтарының мәйегін негізге ала отырып, алға дамудың соны бағдары, бағыты.
Бағдардың негізгі бағыттарының ішіндегі аса бір өзектісі – тіліміздің табиғи қалпына сай келетін, өркениет өресіне сай бола алатын, тіліміздің құнарлы да текті болмысын, ұлттық ерекшелігін, әлеуетін, бай қазынасын, сап алтындай тазалығын айшықтылығын көрсете алатын болмысына сай келетін ұлттық әліпбиді қалыптастыру алға қойылып отыр.
Оның да ғасырлар өрісінде өткен сан қилы қалыптары болды. Осы мәселе тұрғысынан алып қарасақ та қазіргі «рухани жаңғыру» мәселесі ел болашағы үшін маңызды болып отыр.
Қазақстан парламентінде ұсынылған екі түрлі Латынша қазақ әліпбиі жобасының соңғысы Елбасы жарлығымен бекітілді. Ұсынылған жобаларға қоғамда түрлі пікірлер де туындап отыр. Осы жобаларға қалай қарайсыз?
Кириллица қазақ тіліне өз кезінде жоғарының нұсқауымен, пәрменімен енгізілгені белгілі. Оның қазақ тілінің байырғы қалпына сырттан келген өзгерістерге ұшыратқанын бастан кешкен еді. Сөздік қоры орыс тілінің кірме сөздерімен, тағы басқа да тілдік ықпалға түскені белгілі.
Орыс қарпіне көшудің алдыда 1929 жылынан 40 жылдарға дейін латын тектес әліпбиді де ана тіліміз басынан кешті. Қазіргі заманауи кеңістігінде тіліміз сол нұсқа ауқымына қайта оралу үрдісіне тап келді. Бірақ жаңа заман ауқымында, жаңаша қалыптастыру ел талдауына, таңдауына беріліп отыр. Бұның өзі жаңарудың, ұлттық болмысымыздың заманауи деңгейіне сай дамуының белгісі болмақ. Оның нұсқасын қоғамдық талдау барысында көптеген ұсыныстар болды.
Алғашқы нұсқалары талдаудан өтті. Соның алғашқысында диграфтық тәсіл біраз саралаудан өтті. Оның «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымына сай келмегендігінен, қазақ тілінің ерекше дыбыстарын апострофпен беру нұсқасы алғашқы болып бекітілген еді. Ол туралы да ел пікірлерін айтылып жатыр. Апостроф та екі әріптің кейпіне келіп, жазу кеңістігінде орын алады, оқу, жазуды күрделендіре түседі. Оны кейбір басылымдарда жазыла бастаған нұсқалардан көріп жүрміз.
Осыған орай мен де өз пікірім мен өз нұсқамды алға тартуды жөн көрдім. 1996 жылы Германияның Гамбург университетінде неміс тілінде жазылып, сол университеттің баспасында басылып, сол елде, сондай-ақ өз елімізде таратылған неміс-қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикамда мен сол кездегі сол елдегі компьютерде қазақ кириллица шрифтерінің болмағандығынан өз нұсқамдағы латын әліпбиді қалыптастырып, қолданған едім. Неміс тіліндегі қазақ тіліне ұқсас ә, ө, ү дыбыстарына сай келетін неміс әріптерімен қоса тағы басқа әріптерді қолданған едім. Неміс әріптестеріме алғашқы мәтіндерді оқытқанда, латын әріптеріндегі қазақ сөздері мен сөйлемдерінің дыбысталуы қазақ тіліне сай келгені мен құрастырған әліпбидің оңтайлылығын көрсеткендей болды.
Университетімізде осы мәселеге байланысты өткен «дөңгелек столда» мен де өз пікірімді айтқан едім. Негізгі «бір дыбысқа бір әріп» ұстанымының дұрыс екендігі еш күмән келтірмейді. Соңғы нұсқадағы апостроф әріп соңынан келіп, орын алады да, диграфтың қалыпына ұқсайды. Жазылуда қосымша әріп сияқты апостроф та екі орын алады да, жиілігі оқуды күрделендіреді. Ә – әрпін А әріпіне апостроф қолданғанның орнына А әрпін умлаутпен – Ä ä жазса, бір дыбысқа бір әріп ұстанымына келеді, артық орын алмайды, кеңістікті алмайды. Сол сияқты ө – Öö, ү – Üü, і – Ȉï умлаутпен, ал Ғғ – Ğğ, ң – Ň ň, Ш- Šš «қанатшамен» ұ – Ūū сызықшамен таңбаланса оңтайлы да үнемді болмақ. Ондай дәстүр бар ғой. Мұндай таңбалаулар жүйесі компьютерде бар, ол ешқандай қиыншылықтар тудырмайды.
Егер қазақ тілінің латын әліпбиі жобалары ары қарай талданып жатса, мен мына төмендегі нұсқамды ұсынбақпын. Негізінде орыс тіліндегі әріптерді алып тастаса болады. Оларды қазақ тілінің дыбысталуына келтіруге болады.
Қазақ әліпбиінің латын қарпіде жазылуы
|
Yazılışı |
Sesi |
|
Yazılışı |
Sesi |
|
1 |
Аa |
а |
17 |
Ň ň |
ң |
|
2 |
Ää |
ә |
18 |
Oo |
о |
|
3 |
Бб |
б |
19 |
Öö |
ө |
|
4 |
Дд |
д |
20 |
Pp |
п |
|
5 |
Ее |
е |
21 |
|
қ |
|
6 |
Gg |
г |
22 |
Rr |
р |
|
7 |
Ğğ |
ғ |
23 |
Ss |
с |
|
8 |
Hh |
х һ |
24 |
Šš |
Ш |
|
9 |
Ii |
и |
25 |
Cc |
ч |
|
10 |
Ȉï |
і |
26 |
Tt |
т |
|
11 |
Pp |
п |
27 |
Uu |
у |
|
12 |
Jj |
ж |
28 |
Üü |
Ү |
|
13 |
Kk |
к |
29 |
Ūū |
ұ |
|
14 |
Ll |
л |
30 |
Yy |
ы |
|
15 |
Mm |
м |
31 |
Vv |
в |
|
16 |
Nn |
н |
32 |
Zz |
з |
Түбі бір Түркі халықтарынан Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан латын әліпбиін қолданып отыр. Біз де 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданған болатынбыз. Біздің латын әліпбиіне көшуіміз туысқан Түркі халықтарымен рухани жақындаса түсуімізге септігін тигізе ме?
Қазақ тілінің латын жобасы туралы да кәміл ойланып, қазақ тілінің табиғатына сай келетін, ғасырларға алып баратын, өзге де туыс тілдердегі, әсіресе осы әліпбиге ертеректе көшкен Түрк, Әзербайжан және Өзбек тілдер тәжірибесіне сүйене отырып, түрік әліппесінің — 29 әрпіне ұқсас өз әліпбиімізді асықпай, көпшілік көңіліне сай келетін кемелді нұсқасын қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл ең алдымен туыс жұртымызбен қауыштыруға, рухани жақындығымызды жаңғыртуға бастайтын жол болмақ.