Конференцияға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз бен Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли құрметті қонақ ретінде қатысты.
Конференцияға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз бен Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли құрметті қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар, конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы PhD Ықтияр Палтөре «Түркі әлемінің бірлігіне Қазақстан жастарының үлесі хақында», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов «XX ғасырдың басындағы қазақ-түрік саяси байланыстары» атты баяндамалар жасады.
Конференцияда модератор болып, кіріспе сөз сөйлеген Институт директоры доцент, доктор Вакур Сүмер Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне орай ұйымдастырылған конференцияға қатысқан барлық құрметті қонақтарға, ғалымдар мен баяндамашыларға алғыс айтып, Тәуелсіздіктің 27 жылдығында Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне өзінің ең ізгі тілектерін білдірді. Вакур Сүмер Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел Түркия екенін баса айтып, екі ел арасындағы бауырластық пен достыққа негізделген қарым-қатынастардың одан әрі тереңдей түскенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Түркияның Орталық Азиядағы басқа да түркі елдерінің тәуелсіздігін алғашқы сәттен бастап үнемі қолдап келе жатқанын атап өтті. Сүмер өз сөзін жалғастыра келе болашақта түркі республикалары арасында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту керек екенін айтты. Бұл бағытта Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан бүгінгі күнге дейін жүргізіліп келе жатқан жұмыстар мен іс-шараларға тоқталып өтіп, болашақта атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.
Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз өз сөзінде Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға тоқталып өтіп, бауырлас екі мемлекеттің ортақ тіл, тарих және мәдениет салаларында бір-біріне қолдау көрсетіп, екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды жалғастырып келе жатқанын айтты. Атап айтқанда, тәуелсіздіктен кейін мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы сөз қозғады, Түркияда білім алған мыңдаған қазақстандықтардың өз еліне оралып, ірі мекемелерде маңызды лауазымдар атқарып жатқаны туралы диссертация жазуға болатынын айтты. Сонымен қатар, Рыза Қаған Йылмаз Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық инвестициялар, Баку-Тбилиси-Жейхан жобасы, Ақтау порты жобасының екіжақты қарым-қатынастарға қосқан үлесі туралы айтып беріп, экономика саласында екі ел арасындағы сауда көлемін әуелі 5 млрд. долларға, кейін 10 млрд. долларға жеткізу мақсаты қойылғанын тілге тиек етті. Сыртқы саясат тұрғысынан, Қазақстан мен Түркияның аймақтық және халықаралық аренада бірге әрекет етуінің ең айқын мысалы ретінде Астана үдерісін атап өткен Йылмаз екі мемлекеттің стратегиялық серіктестігінің артықшылықтарын түсіндірді. Йылмаз, сондай-ақ, мәдени байланыстардың дамуындағы маңызды оқиғалар ретінде Ахмет Ясауи университетінің құрылуы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетімен ынтымақтастық, Астана қаласында Юнус Эмре институты және ТИКА қызметіне тоқталып өтті. Түркияда тұратын қазақ азаматтарының тәуелсіздіктен кейін Қазақстанға оралып, ел болашағы үшін қызмет етуі және екі ел арасында маңызды байланыстар орнатқан ортақ адамдардың болуы да екіжақты қарым-қатынастардың оң дамуына үлес қосқан факторлар екенін бас айтты. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жобасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына тоқталып өткен Рыза Қаған Йылмаз осы орайда ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және Түркі кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың жүзеге асырып жатқан мәдени іс-шаралары мен жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
«Қазақ тілі» қоғамынан келген құрметті қонақ Нұрлан Асқар өз сөзінде Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін айтып, Тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған ел Түркия Республикасына өз алғысын білдірді. 70 жыл бойы белгіленген шарттар шеңберінде Кеңес Одағының құрамында болған түркі елдері үшін Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің «Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек» деген болжамы көптеген жылдар өткеннен кейін жүзеге асырылғанын айтты. Ататүріктің «Тіл деген бір көпір, дін бір көпір, тарих деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» деп айтқаны бар. Бүгінгі таңда 300 миллионға жуық түркі халықтары арасында Ортақ терминология комитетін құру қажеттігі туралы идеяны ұсынды. Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранына сәйкес әрекет етудің уақыты келгенін атап өткен Нұрлан Асқар бұл комитеттің Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ, Еуразия ғылыми-зерттеу институты және Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты сияқты институттармен ынтымақтастығын жалғастыра беретін жоба екенін айтты.
Конференцияның жалғасында қазақ тілінде сөз сөйлеген Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ ұлтының қасиетін сипаттағандағы үш тірегін атап көрсетті. Ұлт жағынан – қазақ, тегі жағынан – түркі, дін жағынан мұсылман болып табылатын қазақтар Қазақстанда көптеген ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет құра алғанын айтты. Ол қазақстандықтардың Конституциядағы басқа топтармен бірге көпұлтты мемлекеттегі барлық ұлттар бейбітшілігінің кепілі ретінде берілген құқықтарын атап өтті. Көпұлтты мемлекетте бүкіл этностардың бейбіт өмір сүру кепілі ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясында қазақтармен бірге басқа ұлттарға берілген құқықтардың бірдей екендігін атап өтті. Қазақстан Парламентінде 9 депутаттың Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлануы, елде көп тілде білім беретін мектептердің болуы Қазақстанның тұрақтылық пен бейбітшілікке негізделе отырып дамып келе жатқанын дөп басып айтуға болады.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, Қазақстанның күллі түркі әлемінің қара шаңырағы (атажұрт) екенін атап өтті. Әсіресе Қазақстанда латын әліпбиіне көшу және ежелгі Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы сияқты маңызды әлеуметтік және мәдени оқиғалар түркі әлемінің интеграциясы тұрғысынан маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов «XX ғасырдың басындағы қазақ-түрік саяси байланыстары» атты баяндамасында Ресей империясы кезіндегі қазақ-түрік қатынастарына тоқталды. Атап айтқанда, 1853-1855 жылдары Қара теңіз аймағында болған Қырым соғысы кезінде Патшалық Ресейдің жеңіліске ұшырауына қарамастан, Орталық Азиядағы түркі халықтарына қатысты отаршылдық саясаты жалғасқанын айтты. Рашид Оразов, сондай-ақ, Османлы түріктерінің қазақ территориясында тұрғаны туралы мұрағат құжаттарына негізделген маңызды ақпараттармен бөлісті.
Конференциядан кейін Институт директоры доцент, доктор Вакур Сүмер қатысушыларға алғыс сертификаттарын табыс етті.