Ахмет Ясауи университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты Түркия Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жанындағы Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесінің қаржылық қолдауымен 2016 жылдың 22 қарашасында Түркия астанасы Анкарада «Еуразия стратегиялық зерттеу орталықтарының кездесуі» симпозиумын ұйымдастырды.
Ахмет Ясауи университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты Түркия Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жанындағы Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесінің қаржылық қолдауымен 2016 жылдың 22 қарашасында Түркия астанасы Анкарада «Еуразия стратегиялық зерттеу орталықтарының кездесуі» симпозиумын ұйымдастырды. Симпозиум аясында Еуразия аймағындағы экономика, тасымалдау, энергетика, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік мәселелері талқыланатын болады. Осы тұрғыда Еуразия аймағында қызмет ететін стратегиялық зерттеу орталықтары/ғылыми-зерттеу орталықтарының ғылыми зерттеушілеріне бір-бірімен кездесіп, болашақта бірлескен жобалар мен зерттеу жұмыстарын жасау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Симпозиумға жалпы 13 түрлі елден 37 ұйым атынан 42 сарапшы қатысады.
«Еуразия стратегиялық зерттеу орталықтарының кездесуі» симпозиумының ашылу отырысында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Невзат Шимшек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз, Түркия Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жанындағы Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесінің төрағасы доцент, доктор Кудрет Бюлбюл, Түркі әлемі және халықаралық қатынастар бойынша Ұлттық қозғалыс партиясы төрағасының орынбасары, Анталия депутаты доцент, доктор Мехмет Гюнал сөз сөйледі. Ашылу рәсімінен кейін Ясауи өнер қауымдастығы концерт берді.
Конференцияда алғашқы болып сөз сөйлеген Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Невзат Шимшек Еуразияда бейбітшілік пен тұрақтылықтың жалғасуы Түркия үшін маңызды екенін, Түркия мемлекетінің Еуразияны әр түрлі қауымдастықтар мен мәдениеттердің бейбітшілік пен тыныштықта бірге өмір сүрген үлгілі аймақ ретінде көргісі келетінін, сондықтан да елдердің тәуелсіздігі негізінде қалыптасып, экономикалық тұрғыдан өзара тиімділік маңызды болып табылатын ынтымақтастық аясында қарым-қатынастарды дамытуға баса мән бергенін тілге тиек етті. Осы тұрғыда Симпозиумның екі негізгі мақсатының болғанын атап өтті: 1) Еуразиялық аймақтағы экономика, көлік, энергетика, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік мәселелерін ең білікті сарапшылардың басын қосу арқылы жан-жақты талқылау. Осы тұрғыда, Еуразия аймағындағы өзгерістер, Еуразиялық экономикалық одақ пен басқа да интеграциялық үдерістер, Түркиямен қарым-қатынастар және аймақтан тыс акторлардың рөлі сияқты тақырыптарды талдау және кейін ол материалдарды баяндама түрінде жариялау; 2) Аймақтың жетекші стратегиялық зерттеу орталықтарымен тиімді ынтымақтастық тетіктерін жүзеге асыру. Бұл симпозиумның ең маңызды нәтижелерінің бірі болып табылатынын атап өтіп, Еуразия аймағындағы стратегиялық зерттеу орталықтары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін зерттеушілердің бір-бірімен кездесіп, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруы үшін арнайы ортаны қалыптастырғандарына назар аударды. Доцент, доктор Невзат Шимшек симпозиумнан күтілетін нәтижелерді келесідей айқындады: 1) Еуразия аймағындағы жергілікті және аймақтық мәселелерді анықтауда, шешу жолдарын ұсынуда және болашақ зерттеулерді жоспарлауда пайдасын тигізетін идеяларды дамыту; 2) Түркияда Еуразия аймағы мен түркітілдес мемлекеттер жайлы хабардарлықты арттыру; 3) Түркиядағы ғылыми-зерттеу институттарының Еуразия аймағы мен түркітілдес елдердегі басқа да стратегиялық зерттеу орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастығы үшін негіз жасау; 4) Еуразия аймағындағы стратегиялық зерттеу орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттарының Түркияға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізуін ынталандыру. Доцент, доктор Невзат Шимшек симпозиумның биыл Түркияда өтуі Еуразия аймағындағы стратегиялық зерттеу орталықтарына Түркиядағы қоғамдық институттарды зиярат етуге мүмкіндік беретінін, осылайша Түркияның сыртқы саясаты мен Еуразия аймағы туралы ақпаратты негізгі нұсқадан қарап білуге мүмкіндік туғызатынын айтты. Бұл симпозиум алдағы жылдары басқа елдерде өткізілетін болса, мұндай ақпараттандыру үдерісі әрбір елде жүзеге асырылуы мүмкін деп қоса айтты.
Екінші болып сөз сөйлеген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз 2016 жылдың ЮНЕСКО тарапынан «Қожа Ахмет Ясауидің жылы» деп жарияланғанын еске сала отырып, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының бұл бірлік аясында осы күнге дейін маңызды қызметтер атқарғанын тілге тиек етті. Бүгінгі симпозиумның да осы іс-шаралардың бірі болып табылатынын, бұған дейін Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесімен бірге Еуразия жазғы мектебін ұйымдастырғанын атап өтті. Бұл жазғы мектепте Еуразия аймағының болашақ жас ғалымдарының 10 күн бойы Алматы, Астана және Түркістан қалаларында болғанын, еліміздің әр түрлі институттарымен бірге осындай іс-шаралардың бұдан кейін де өткізілетінін хабарлады.
Үшінші болып сөз сөйлеген Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесінің төрағасы доцент, доктор Кудрет Бюлбюл Еуропа мен АҚШ-тың барған сайын алаңдай бастап, әлемде нәсілшілдік пен исламофобияның арта бастағанына назар аударды. Бұл мәселелердің тараптардың бір-бірін жеткілікті дәрежеде танып-білмегенен туындағанын айтты. Кудрет Бюлбюл іс-шараның арқасында стратегиялық зерттеу орталықтары жиірек кездесіп, тәжірибе алмасатынын және ортақ болашаққа үлес қосатынын айтып, Еуразиядан келген стратегиялық зерттеу орталықтарынан жаңа ақпарат, идеялар мен көзқарастарды үйренуге болатынын ерекше атап өтті. Сөз барысында Түркия мен Еуразия арасында тамыры терең тарихи қарым-қатынастардың болғанына назар аударған Бюлбюл Еуразия елдері жиірек кездесіп, тәжірибе алмасу арқылы ортақ болашаққа үлес қосатынын айтты. Кудрет Бюлбюл Еуразия елдерінің қоғамдық мекеме мен стратегиялық зерттеу орталықтарының Түркиядағы серіктестерімен өткізетін іс-шараларына Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесінің қолдау көрсете алатынын да қоса айтты.
Төртінші болып сөз сөйлеген Ұлттық қозғалыс партиясы төрағасының орынбасары, Анталия депутаты доцент, доктор Мехмет Гюнал барлық елдермен экономикалық, саяси және мәдени ынтымақтастықты дамытуға мән бергендеріне назар аудара отырып, мұндай ұйымдардың саяси емес ұйым тарапынан жүзеге асырылғанына өз қуанышын білдірді.
Ашылу рәсімінен кейін Әділет және даму партиясы Сакария депутаты Мұстафа Исен модератор болған «Еуразиялық экономикалық одақ: Аймақ елдерінің тәжірибелері мен мәселелері» атты симпозиумның бірінші отырысы басталды. Бірінші отырыста доцент, доктор Невзат Шимшек (Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан), Вугар Байрамов (Экономикалық және әлеуметтік даму орталығы, Әзірбайжан), Галина Селари (Стратегиялық зерттеулер және реформалар орталығы, Молдова) баяндамаларын ұсынды. Бірінші отырыста талқылауға қатысқандар: Махир Накип (Чанкая университеті, Түркия), Сардор Азам (Болжау және макроэкономикалық зерттеулер институты, Өзбекстан), сондай-ақ Айдарбек Амирбек (Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан).
«Еуразияда көлік дәліздері: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты екінші отырыста Экономикалық және әлеуметтік даму орталығының төрағасы Вугар Байрамов модератор болды. Екінші отырыста Вусала Джафарова (Экономикалық реформалар және байланыс орталығы, Әзірбайжан), Хасан Октай (Кавказ стратегиялық зерттеу орталығы), Алена Дастанка (Беларусь мемлекеттік университеті Халықаралық зерттеулер орталығы, Беларусь), Өзге Нұр Өгүтчү (Еуразиялық зерттеулер орталығы, Түркия) баяндамаларын ұсынды. Екінші отырыста талқылауға қатысқандар: Георгий Таграмадзе (Грузия стратегиялық және халықаралық зерттеулер қоры, Грузия), Лидия Пархомчик (Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан) және Мехмет Арслан (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан).
«Еуразия стратегиялық зерттеу орталықтарының кездесуі» симпозиумы 2016 жылғы 22-23 қараша аралығында жалғасып, Бештепе Президент кешені, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі және Түркия Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі жанындағы Шетелдегі түріктер мен туыс қауымдастықтар мекемесіне сапардан кейін аяқталады.