Профессор, доктор Салих Йылмаз «Еуразияда Түркияның рөлі» атты семинарда жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы, Еуразия аймағындағы геосаяси мәселелер және Түркияның Еуразия өркениетінің күшейуіндегі рөлі туралы мағлұмат берді.
Профессор, доктор Салих Йылмаз «Еуразияда Түркияның рөлі» атты семинарда жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы, Еуразия аймағындағы геосаяси мәселелер және Түркияның Еуразия өркениетінің күшейуіндегі рөлі туралы мағлұмат берді. Еуразия аймағының геосаяси құрылымы, жаһандық және аймақтық акторлардың екіжақты қарым-қатынастары мен ынтымақтастықтары туралы сөз қозғап, Түркияның болашақта Еуразиядағы рөліне қатысты өз пікірлерін білдірді. Профессор, доктор Салих Йылмаздың пайымдауынша, Ресей Еуразиялық экономикалық одақта қозғаушы күш болып табылғандықтан Ресейдегі экономикалық құлдырау одақтың даму үдерісіне кедергі келтірді.
Түркияның Еуразияға қатысты саясатының жаңа болмағанын және Түркияның Еуразия ұғымына берген анықтамасының Ресейдікіне қарағанда өзгеше екенін мәлімдеді. Ресей Еуразия ұғымын тек бұрынғы Кеңес Одағы елдерімен байланыстырса, Түркия Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерін қамтитын кең тарихи аймақпен байланыстырады деп түйіндеді. Семинар жалғасында Еуразия өркениеті танымын дамыту маңыздылығына назар аударып, Түркияның бұл өркениет іргетастарының бірі болып табылатынын және аймақтағы қырғи қабақ қақтығыстар деп сипаттауға болатын Қарабақ, Донбасс, Солтүстік Осетиядағы мәселелерді шешуде Түркияның тиімді рөл атқаратыны жайлы баяндады.
Бұдан бұрын Орталық Азия және Кавказ аймақтарында Ресей мен Түркия арасында болған қақтығыс екі елге де ешқандай пайда келтірмеді деп сөз өрбітті. 2000 жж. Ресейде Владимир Путиннің, ал Түркияда Режеп Тайып Ердоғанның билік басына келуімен бірге саясат өзгеріп, екі ел де белгілі бір жетістіктерге жеткен кезеңге келді деп қоса айтты. Аймақ геосаясатына келгенде, ЕО мен АҚШ-тың Ресейді құрсаулау саясатын ұстанғанын және белгілі бір елдерді қалқан елдер ретінде таңдағанын айқындады. Сонымен қатар, Ресейдің Балтық елдеріне қарай ықпалының азаюына аса қарсылық білдірмегенін, ал мәселе Украина мен Грузияға келгенде қатты наразылық танытқанын айтты.
Бұл құрсаулау саясатын бұзуда Түркияның маңызды рөл атқаратынын айтып, Түркияның әрі экономикалық, әрі энергетикалық тұрғыда Еуропаға ашылған жаңа көпір бола алатыны жөнінде пікірімен бөлісті. Профессор, доктор Салих Йылмаз Ресейдің Еуразия өркениеті ұғымына Иранды да қосу пікірлерінің болғанын айтты. Алайда ирандықтар шиит болғандықтан бұл өркениетке интеграциялануда қиындықтарға тап болуы мүмкін, сондай-ақ Еуразия өркениетінің сәйкестігі тұрғысынан қауіпті болуы мүмкін деп түйіндеді. Семинар соңында ортақ өркениет танымын дамыту маңыздылығын қайтадан ерекше атап өтіп, Түркияның осы өркениетті нығайтудағы рөлін жаңа османшылдық орнына Түркияның Еуразия аймағына қатысты саясаты ретінде қарастыру қажет деп тілге тиек етті.
Семинар соңында қатысушылар Түркияның Еуразиядағы рөлін бағалап, осы мәселе бойынша пікір алмасты.