Доцент міндетін атқарушы, доктор Селим Шанлысой «Адам әлеуетінің дамуы тұрғысынан түркітілдес елдер» атты семинарда елдердің даму деңгейін өлшеудегі Адам әлеуеті даму индексінің (АӘДИ) артықшылықтары мен кемшіліктері, сондай-ақ түркітілдес елдердің АӘДИ бойынша күшті және әлсіз жақтары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды
Доцент міндетін атқарушы, доктор Селим Шанлысой «Адам әлеуетінің дамуы тұрғысынан түркітілдес елдер» атты семинарда елдердің даму деңгейін өлшеудегі Адам әлеуеті даму индексінің (АӘДИ) артықшылықтары мен кемшіліктері, сондай-ақ түркітілдес елдердің АӘДИ бойынша күшті және әлсіз жақтары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдердің даму деңгейін өлшеуде сол жылдардағы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны негізге алынғанын айтты. Бірақ бұл есептеу әдісі уақыт өте келе дамытылып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) АӘДИ-ді жақсарту арқылы елдердің даму деңгейі нақтырақ өлшенетін болды деп айқындады. АӘДИ-дің даму деңгейін ұзақ өмір сүру мен салауатты тұрмыс, білімге қолжетімділік және жоғары өмір сүру деңгейі (сатып алу қабілетінің паритеті) сияқты 3 түрлі факторды ескере отырып есептелетінін тілге тиек етті.
2010 жылы БҰҰДБ-ның индексті өлшеуде табыс деңгейі факторының үстемдігін азайту үшін маңызды өзгерістер жасап, арифметикалық есептеуден геометриялық есептеуге көшкенін мәлімдеді. АӘДИ көрсеткіші бойынша Қазақстанның түркітілдес елдер арасында бірінші орында, ал жалпы тізімде 56-орында тұрғанын, Әзірбайжан 78-ші, Өзбекстан 105-ші, Түрікменстан 111-ші және Қырғызстан 120-шы орынға тұрақтағанын мәлімдеді. АӘДИ бойынша түркітілдес елдердің күшті және әлсіз жақтарын бағалаған Селим Шанлысой Қазақстан мен Түркіменстанның мықты жақтарының табыс пен білім беру, ал әлсіз жақтарының өмір сүру ұзақтығы екенін айқындап, денсаулық сақтау саясатына көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Түркітілдес елдер арасында Әзірбайжанның барлық салаларының теңдестірілгенін және ешбір әлсіз жақтарының болмағанын мәлімдеді. Өзбекстан мен Қырғызстанның білім беру деңгейі жақсы болса да, табыс деңгейі нашар екенін айтты.
АӘДИ табыс теңсіздігін көрсете алмағандықтан, БҰҰДБ индекске табысты бөлудегі теңсіздік көрсеткіші – Джини коэффициенті мен qr (ең бай 10% және ең кедей 10% арасындағы табыс алшақтығы) индексін қосты. Сондай-ақ, Шанлысой елдердің даму деңгейін неғұрлым шынайы талдау үшін түркітілдес елдердің әр түрлі индекстердегі рейтингілері туралы ақпарат берді. Бұл көрсеткіштер бойынша, түркітілдес елдер арасында табыс теңсіздігі ең аз болған ел Қазақстан екенін атап көрсетті. Ал гендерлік теңсіздік бойынша Қазақстан 52-ші, ал Әзірбайжан 59-шы орында деп мәлімдеді. Экономикалық бостандық индексі бойынша түркітілдес елдер арасында Қазақстан 42-ші және Түркіменстан 170-ші орынға жайғасты деп айтты. Түркітілдес елдер белгілі бір салаларда алға басса да, АӘДИ тізімінде алған орындарын дамыған елдермен салыстырғанда үлкен айырмашылықтардың болғанын айтты. Бұл айырмашылықтарды жою үшін елдерге әлсіз жақтарын нығайту тұрғысынан қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, әлі де көп жұмыс істеу қажеттігін тілге тиек етті.
Семинар соңында қатысушылар түркітілдес елдердің даму үдерісі мен АӘДИ есептеу әдістері бойынша пікір алмасты.