Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен «Түркітілдес елдердегі діни білім беру мәселелері» атты семинар-практикумға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттерінен дінтанушы ғалымдар қатысты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен «Түркітілдес елдердегі діни білім беру мәселелері» атты семинар-практикумға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттерінен дінтанушы ғалымдар қатысты. Семинар-практикумда түркітілдес елдердегі діни білім берудің ерекшеліктері, өзгешеліктері мен ұқсастықтары, теориясы мен практикасы, сондай-ақ діни білім беруде оқытушылардың біліктілігін одан әрі арттыру және мектептерде діни білім беруді жоғары сапалы деңгейге жеткізу мәселелері талқыланды. Семинар-практикумның алғашқы отырысында түркі мемлекеттерінде әлеуметтік ғылымдар саласындағы діни білім мәселелері туралы баяндамалар жасалып, екінші отырысында түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындарындағы діни білім берудің бүгінгі тәжірибесі мен перспективасы талқыланды.
Семинар-практикумның ашылу рәсімінде Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, теол.ғ.д. Балғабек Мырзаев, Жоба үйлестірушісі Хазірет Али Турсын және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек сөз сөйледі.
Алғашқы болып Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз сөз сөйледі. Қаған Йылмаз өз сөзін Регаип канділ кешімен құттықтаудан бастады. Діни білім берудің өте маңызды тақырып екенін және бұл мәселе бойынша Түркия мен Орталық Азия елдерінің белгілі бір тәжірибесінің болғанын айқындады. Бүгінгі таңда исламофобия мен экстремистік топтардың артқанын және лаңкестіктің діні, тілі немесе ұлтының болмайтынын, оған қарсы барша адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажеттігін мәлімдеді. Түркияның діни экстремистік және лаңкестік бағыттағы ұйымдармен күресіп жатқанын және ФЕТӨ лаңкестік ұйымы тарапынан 15 шілде күнгі төңкеріс жасау әрекетінде көптеген адамның қаза тапқанын айтты. Осының бәрі діни білім беру мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін түпкілікті көрсеткенін, жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастырудың маңызды екенін атап өтіп, өз сөзін аяқтады.
Екінші болып сөз сөйлеген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, теол.ғ.д. Балғабек Мырзаев Қазақстанда діни білім беру туралы толық ақпарат ұсынды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үшінші жаңғырту жоспарында адами капиталды арттыру тақырыбында діни білім беру мәселесін қозғағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда Қазақстанда діни білім беру саласында мамандар даярлайтын университеттер мен діни білім беретін оқу курстарының болғанын айтып, бұл курстардың бекітілген оқу жоспары мен оқытушыларының болғанын атап өтті. Дегенмен діни білім беруде оқулық жетіспеушілігінің бар екенін айтып, бұл мәселені Дін істері министрлігі мен ғалымдардың кешенді жұмыс жүргізуі арқылы шешуге болатынын тілге тиек етті. Түркия мен Орталық Азияның түрлі елдерінен келген ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызып, семинар-практикум ұйымдастырғаны үшін Еуразия ғылыми-зерттеу институтына алғысын білдірді.
Хазірет Али Турсын түркітілдес елдерде діни білім беру мәселелері бойынша семинар-практикумның ғылыми-зерттеу үдерісінің жалғасып жатқан жоба екенін және бұл жұмысты посткеңестік аймақта діни білім берудің тарихынан бастап өзекті мәселелеріне дейінгі түрлі тақырыптарды зерделеп, гуманитарлық ғылымдарда интеграцияға септігін тигізетін жоба ретінде бағалады. Түркияда діни білім беру әдістемесінің жоғары дамып, ғасырлық тәжірибесінің бар екенін атап көрсетті. Ал аймақта коммунистік атеизм салтанатының 70 жылға созылғанын және әлі күнге дейін Ресейдің ықпалынан шыға алмағанын тілге тиек етті. Осы орайда ортақ әдістеме құрып, Түркиядан үлгі алу қажет деп өз пікірін білдірді. Сонымен қатар, орта сыныптарға арналған оқулықтар дайындап, діни білім беретін және маман даярлайтын оқу орындарының санын көбейту қажет деді. Сондай-ақ, діни білім беру саласында тәжірибе алмасу мен болашаққа қатысты идеяларды дамыту қажеттігі туралы айтты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек өз сөзінде Еуразия ғылыми-зерттеу институтының көптеген мәселелер бойынша жұмыстар атқарғанын және әсіресе дін сияқты өте маңызды тақырыпқа ерекше көңіл бөлетіндерін мәлімдеді. Тіл, дін, тарих және археология салаларында жобалар мен зерттеулер жүргізгенін айтты. Бұл семинар-практикумның өз саласын жетік білетін маман ғалымдардың қатысуымен түркітілдес елдерде діни білім беру мәселелері бойынша жобаның қорытынды отырысы ретінде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Дінді түсіну, түсіндіру және жүзеге асыру тұрғысынан түрлі тәсілдердің болғанын, бұлардың бірі ақылға, бірі күшке, бірі мистикалық тәжірибеге көбірек көңіл бөлетінін, Ясауи, Ханафи, Матуриди мазхабының ақыл-ойға аса көп мән беретінін айтып, Анатолы мен Орталық Азиядағы ислам дінінің осы бағытта дамығанын айқындады. Ваххабизмнің хариджиттерге негізделгенін және діни радикализмге жақын екенін тілге тиек етті. Мұндай экстремистік ағымдардың көбінесе діни білімі нашар орталарда өздеріне негіз табатынын айтып, діни білім берудің маңыздылығын атап өтті.
Семинар-практикум отырыстарында модератор болған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры доцент міндетін атқарушы, доктор Мұстафа Эрен өз сөзінде діни білім берудің әрбір кезеңде өміршеңдігін сақтағанын мәлімдеді. Кезінде кейбір әлеуметтанушылар «дін тарихта бір сәт болып қана қалады» деп айтып, кейінірек «1980-1990 жж. кейін дін әлеуметтік және саяси өмірде бұрынғыға қарағанда әлдеқайда шешуші рөл атқара бастады» деп пайымдағандарын мәлімдеді. Эрен бүкіл патологиялық жағдайларда қарамастан, діннің адамдарға материалдық және рухани тұрғыда әлі де елеулі үлес қосып жатқанын тілге тиек етті.
Отырыстың алғашқы қатысушысы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Асылбек Избаиров «Қазақстан Республикасында дін саясатын іске асыратын үкіметтік құрылымдар және мүфтияттың қызметі» атты баяндамасында жалпы Қазақстанда діни білім беру тарихы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Діни білім беру бойынша жұмыстарды тарихи тұрғыдан 2005 жылға дейінгі және одан кейінгі деп екі кезеңге бөлді. 2000 жылға дейін діни білім беру саласында онша көп жұмыс жүргізілмегенін, алайда 2005 жылы құрылған Дін істері комитетімен көптеген бірге жұмыстардың атқарылғанын мәлімдеді. 1990 жылдардың басында діни білім беру мақсатында арабтардың Қазақстанға келіп, арабша сабақ бергенін, кейбір жоғары оқу орындары мен Араб бөлімдерінің ашылғанын тілге тиек етті. Дін істері комитеті дін істерін бақылауға алып, институттандырыла бастағаннан кейін көптеген сабақ беретін орындардың жабылғанын атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанда 9 медресе мен дін бөлімі бар 6 университеттің бар екенін айтты.
Хазірет Али Турсын Ташкент Ислам университетінің профессоры, т.ғ.д. Саидакбар Агзамходжаевтың атынан «Өзбекстан Республикасында дінтанушы мамандар дайындау жүйесі» атты баяндама жасады. Өзбекстан аймақ елдері ішінде діни білім беруді мемлекеттік бақылауға алған бірінші ел екенін айтты. Елде жалпы 16 діни сенімдегі 238 діни ұйымның бар екенін және олардың көбісі ислам дініне байланысты ұйымдар екенін айқындады. Сондай-ақ, Өзбекстандағы медреселер санының 100-ге жеткенін және олардың 20-сының мемлекетке қарасты екенін мәлімдеді. XV-XIX ғасырларда мұнда ірі медреселер салынып, көптеген ұлы ғалымдар өмір сүргендіктен Өзбекстанның діни білім беру мәселесіндегі тәжірибесінің мол екненін сөз етті. Бірақ бұл бай мұраның 1917 жылғы төңкерістен кейін азайғанын айтты. Бүгінгі күні Ташкент ислам университеті мен Ташкент ислам институтының діни білім беретінін және университет міндетінің академиялық зерттеулер жүргізу және мамандар дайындау екенін мәлімдеді.
Доцент міндетін атқарушы, доктор Тахир Ашировтың орнына «Түрікменстан Республикасының ЖОО діни білім берудің жайы» атты баяндаманы Сирт университеті Теология факультеті Философия және дінтану кафедрасынан доцент міндетін атқарушы, доктор Ілияс Эрпай жасады. Өз сөзінде Түркіменстандағы діни білім берудің жалпы жағдайын қарастырып, түрлі ақпарат берді. Түрікменстандағы орта және жоғары мектептерде діни білім беру оқулықтарының көбісі Кеңес Одағы кезінде әзірленгендіктен мазмұн жағынан діни білімінен көрі әдеп және этика мәселелеріне арналғанын мәлімдеді. Бұл мәселе бойынша ғалымдардың жұмыс жасап жатқанын, бірақ ескі кітаптар мен жұмыстарды ағымдағы ахуалды ескере отырып дамытқан жағдайда Түркіменстанда діни ақпарат арта түседі деп өз сөзін аяқтады.
Улудаг университеті Теология факультетінен доцент міндетін атқарушы, доктор Мұстафа Өджал «Түркия Республикасындағы діни білім берудің қазіргі заманғы теориясы мен методологиясы» атты баяндамасында Түркияда діни білім берудің тарихы мен ағымдағы жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Діннің адамзат тарихындай ескі тарихының бар екенін және нағыз діндер мен жалған діндер болып екіге бөлінетінін айтты. Тарихта ешбір халықтың дінсіз өмір сүрмегенін және діни сана-сезімнің туа бітетінін тілге тиек етті. Дұрыс берілетін діни білімнің адамзатқа ешқандай зиян келтірмейтінін атап өтті. Сөз барысында Түркиядағы білім беру жүйесі мен имам-молдалар жайлы түрлі ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, діни білім беруге қатысты түрлі жобалар мен жұмыстардың жүзеге асырылғанын айтты. Баяндама жалғасында Түркияда діни білім беретін және мамандар даярлайтын көптеген жоғары оқу орындарының бар екенін, мысалы 86 теология факультетінің бар екенін айқындады. Бұған қоса жалпы Дін істері министрлігінің персоналы мен қызметі туралы біраз ақпарат ұсынды. Діни білім беретін жақсы мұғалімдерді дайындау, оқулықтар әзірлеу, студенттермен алмасу бағдарламалары мен ортақ діни білім беру жұмыстарымен айналысатын комиссия құру діни білім беру сапасын арттыруға үлес қосатынын мәлімдеді. Сөз соңында Түркияда ислам құндылықтарынан алшақтамай мемлекет бақылауында діни білім беріліп жатқанын айтты.
Газиантеп Университеті Теология факультетінен доцент міндетін атқарушы, доктор Дилара Тынастың орнына Ош мемлекеттік университеті Теология факультеті деканы доцент, доктор Самаган Мырзаибраимов баяндамасында Қырғызстанда діни білім беру мәселесінде географиялық айырмашылық пен діни білім беретін оқу орындары туралы ақпарат берді. Қырғызстанның оңтүстік бөлігінде тұратын халықтың солтүстіктегілерге қарағанда діннен хабардар екенін айтты. Мұның себебі ретінде оңтүстікте орыстандыру саясаты ықпалының аз екені атап өтілді. Қазіргі таңда Қырғызстанда діни білім беретін 1 университет пен 90-ға жуық медресенің бар екенін айқындады. Елде басқа діндерге өткендердің саны азайғанын, сондай-ақ шетелде діни білім алудың қиындап кеткенін тілге тиек етті. Діни білім беру мәселесінде мамандардың мемлекеттік мекемелермен бірге жұмыс істейтінін айқындап, бұл мәселеде Түркияның тәжірибесіне сүйенуге болатынын мәлімдеді.
Хаккари университеті Теология факультетінен доцент міндетін атқарушы, доктор Ислам Мусаев «Әзірбайжан Республикасында тәуелсіздік жылдары діни білімнің қалыптасуы» атты баяндамасында жалпы Әзірбайжанның діни және мемлекеттік саясаты, Әзірбайжан Конституциясындағы дінге қатысты заңдар және діни білім берудің ағымдағы жағдайы тақырыптарын қозғады. Әзірбайжан мен Қазақстанның этникалық құрылымдарының әр түрлі екенін, халықтың 65%-ы шииттер, 35%-ы сүннитер екенін айқындады. Әзірбайжанның ресми дінінің болмағанын айтып, конституциядағы ой бостандығына қатысты кейбір заңдар туралы ақпарат берді. Діни білім беру мәселесінде 1992 жылдан бастап елге арабтар мен түріктердің келгенін және Әзірбайжанда мемлекеттік бақылаудан шыққан 692 мұсылмандық және 17 христиандық діни ұйымдардың бар екенін атап көрсетті. Әзірбайжанда 1990-шы жылдары бастауыш және орта білім беру саласында дінтану пәнінің болмағанын және 2006 жылы сынамалы түрде 4-сыныптарға өмір туралы ғылым ретінде өткізілгенін мәлімдеді. Ал университет деңгейінде Баку ислам университеті мен Баку теология университетінде Теология факультеттерінің бар екенін айқындады.
Сирт университеті Теология факультеті Философия және дінтану кафедрасынан доцент міндетін атқарушы, доктор Ілияс Эрпай «Түркі мемлекеттеріндегі қазіргі заманғы діни білім берудің ортақ белгілері мен ерекшеліктері» атты баяндамасында елдердің діни білім берудегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарға тоқталып өтті. Түркі мемлекеттерінде діни білім беруді салыстыру үшін әуелі бұл елдердің тарихына назар аудару қажеттігін айтты. Тәуелсіздіктен кейін аймақтағы елдерде ислами білім беру жұмыстарының арта түскенін және Өзбекстанды қоспағанда ислами білім беруге мемлекет тарапынан ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді. Эрпай айырмашылықтар мен ортақ белгілерді 4 тақырыпқа бөліп қарастыруға болатынын айтты. Бұлар: конституциялық, этникалық, саяси және әлеуметтік айырмашылықтар мен ортақ белгілер. Түркияда діни білім беру ағымдағы білім беру жүйесінде орын алса, басқа түркі елдерінде таңдау пәні ретінде ұсынылғанын айқындады. Дін және мемлекет байланысындағы зайырлылық мәселесіне қатысты елдердің жүргізіп отырған саясаттары ұқсас екенін, алайда зайырлылық түсінігінде үлкен айырмашылықтардың бар екенін айтты. Этникалық тұрғыдан қарастырған кезде Қазақстанның көпұлтты ел екенін және халқының 63%-ы қазақ, 23%-ы орыс екенін мәлімдеді. Ал Түркия халқының 99,2%-ы мұсылман екенін атап өтті. Түркияда 86 теология факульті бар болса, түркі әлемінде жалпы 14 теология факультінің бар екенін айқындап, осындай көптеген салыстыру мысалдарын келтірді.
Семинар-практикум қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.