Сәуле Ахметқалиева «Климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі» атты семинарында жалпы келісім туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, келісімнің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтті. Париж келісімі Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде климаттың өзгеру мәселесі туралы келісім болып табылатынын айтты.
Сәуле Ахметқалиева «Климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі» атты семинарында жалпы келісім туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, келісімнің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтті. Париж келісімі Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде климаттың өзгеру мәселесі туралы келісім болып табылатынын айтты. Бұл келісімнің Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясына (БҰҰ КӨНК) мүше 195 ел өкілдерінің келіссөздері нәтижесінде 2015 жылдың 12 желтоқсанында қабылданғанын мәлімдеді. Ахметқалиева жалпы әлемдік температураның көтерілуі 2 градустан асқан жағдайда апатты зардаптарға әкелуі мүмкін деді. Мүше мемлекеттер тарапынан жаһандық орташа температураның өсуін индустриялық кезеңге дейінгі деңгеймен салыстырғанда 2 градус деңгейінде ұстап тұру көзделгендіктен бұл келісімнің өте маңызды екені атап өтілді.
2016 жылы 22 сәуірде Париж келісіміне қол қойылғанын айтты. Сондай-ақ, 2017 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша 195 БҰҰ КӨНК-ге мүше мемлекеттің келісімге қол қойғанын және 144 елдің келісімді ратификациялағанын мәлімдеді. Келісімді бекіткен елдердің ішінде әлемдегі көмірқышқыл газы шығарындыларының 40%-ына жауапты Қытай мен АҚШ-тың да болуы атқарылатын жұмыстар тұрғысынан маңызды бетбұрысты сәт екенін атап өтті. АҚШ Киото хаттамасына қол қойса да, оны әлі күнге дейін ратификацияламағаны белгілі. Сондықтан да АҚШ-тың Париж келісімін ратификациялауы таңқаларлық жайт екенін айтты. Бұл келісімнің ратификациялануына АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обаманың ықпал жасағанын тілге тиек етті.
Келісімнің артықшылықтары ретінде елдердің келісімнен 4 жыл бойы шыға алмауы мен ауаға көмірқышқыл газын ең көп шығаратын елдердің келісімді ратификациялауын атап көрсетті. Ал кемшіліктері ретінде келісімде шығарындыларды қалай азайту қажеттігі жөнінде толық ақпараттың тапшылығы мен осы шараларды қадағалайтын мекеменің болмауын айтты. Келісім бойынша әрбір ел өз ұлттық жоспарын дайындап, жаһандық жылынудың алдын алу мақсатын көздегенін мәлімдеді. Алайда, келісімді бүкіл елдердің ратификациялауы 2020 жылға дейін созылуы мүмкін деген болжамдар жасалды. Бұған қарамастан 2017 жылғы жағдай бойынша келісімнің көптеген мүше елдер тарапынан ратификациялануы болашаққа үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік береді.
2017 жылы 7-18 қараша аралығында өткен Марракеш (Марокко) конференциясы Париж келiсiмінің жүзеге асырылуына бағытталған қадамдарды талқылау тұрғысынан өте маңызды кездесу болып табылады. Сондықтан келіссөздер мен бюрократиялық рәсімдерден мәселе бойынша нақты қадамдар жасау кезеңіне өткенін айтты. Сондай-ақ, конференцияда 2050 жылға қарай 48 ел көмір пайдаланудан бас тартатындары жөнінде жариялағандарын тілге тиек етті. Сонымен қатар, климат жобаларын қаржыландыру тұрғысынан 2020 жылға дейін Жасыл қорға жыл сайын 100 млрд. доллар жинау мақсаты көзделгенін және АҚШ, Ұлыбритания және Германияның дамушы елдердің көміртегіні есепке алу жүйелерін дамыту үшін 50 млн. доллар аударатынын мәлімдеді. Семинар соңында жаңадан сайланған АҚШ Президенті Дональд Трамптың сайлау науқаны кезінде АҚШ-ты климаттың өзгеруі туралы Париж келісімінен шығарып аламын деген уәдесі жүзеге асқан жағдайда «домино әсері» бойынша басқа елдердің де шығуына және келісімнің бұзылуына себеп болуы алаңдаушылық туғызатынын айтып, өз баяндамасын аяқтады.
Семинар соңында қатысушылар климаттың өзгеруіне байланысты әр түрлі мәселелер бойынша пікір алмасты.