Ф.ғ.д., профессор Гүлнар Надирова «Американдық дереккөздердегі саяси исламның дамуындағы кейбір үрдістер» атты тақырыпта семинар өткізді.
Ф.ғ.д., профессор Гүлнар Надирова «Американдық дереккөздердегі саяси исламның дамуындағы кейбір үрдістер» атты тақырыпта семинар өткізді. Баяндамасында Надирова «саяси ислам» құбылысы туралы, сондай-ақ оның ғылыми ортада, қоғамда және саяси топтарда қолданылуы туралы қызықты ақпараттармен бөлісті. Саяси тұрғыда Ислам сөзінің қолданылуы мен анықталуы жөнінде түрлі мысалдар келтірді. Кейбір саяси үрдістерді ислам дінінің қағидаларымен байланыстыратын бастамалардың Гарвард және Джорджтаун сияқты бірнеше американдық университеттердегі шығыстану зерттеулерінде кездесетінін мәлімдеді. 1950-1960 жылдары саяси ислам бойынша жасалған ғылыми зерттеулердің жиілігі зайырлылықтың нығаюына байланысты азайғанын мәлімдеді.
Соңғы онжылдықта күшейген экстремизм, фундаментализм және лаңкестікке қарамастан, әлемнің көптеген ғалымдары, саяси қайраткерлері, белгілі тұлғалары мен дәулетті адамдарының да исламның жағымды бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, көптеген Еуропа елдері мен АҚШ-тың жергілікті деңгейде исламофобияға қарсы күрес жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, исламға және саяси исламға қатысты теріс пікірлердің көпшілігі батыс елдерінде кең таралғанын атап өтті. Надированың айтуынша, бұл жағдайды жақсарту үшін бұқаралық ақпарат құралдарын дұрыс пайдаланып, ғылыми зерттеулердің жетіспеушілігі мәселесін шешу қажет.
Семинар барысында Надирова тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеулердің саны 1970-шы жылдардан кейін қайтадан арта бастағанын айтып, олардың аса маңыздыларына тоқталып өтті. Көзқарастардың әр түрлі болуына байланысты бүгінгі күні саяси ислам ұғымының түрлі мағыналарға ие екенін мәлімдеді. Семинар соңына таман Надирова саяси ислам ұғымы аясында туындаған пікірталастар туралы ақпарат беріп, баяндамасын аяқтады.
Семинар соңында қатысушылар саяси ислам ұғымының ғылыми ортада пайдаланылуы туралы пікір алмасты.