Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Ясауидің бүгінгі ұрпаққа айтары» атты жиынға баяндамашылар ретінде Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз және Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес мүшесі профессор, доктор Мухиттин Шимшек қатысты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Ясауидің бүгінгі ұрпаққа айтары» атты жиынға баяндамашылар ретінде Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз және Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес мүшесі профессор, доктор Мухиттин Шимшек қатысты. Жиынның ашылу рәсімінде отырыс төрағасы доцент, доктор Невзат Шимшек Қожа Ахмет Ясауидің Анадолы, Балқан, Ауғанстан және Орталық Азия аймақтарына жіберген шәкірттері арқылы ислам ұғымының қалыптасуы мен мұсылмандықты жақсырақ түсінуде маңызды рөл атқарғанын айтты. Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері, идеялары мен ілімдерін талқылау үшін баяндамашыларға сөз берді.
Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауиді таныту университет миссияларының бірі екенін айтты. 2016 жыл ЮНЕСКО тарапынан Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жарияланғандықтан, әуелі 25 тақырып бойынша 250 іс-шара жоспарланғанын, бірақ бір жыл ішінде 286 іс-шараның жүзеге асырылғанын айтты. Мысалы, балаларға арналған 5 тілдегі «Диуани Хикмет» кітабы жарық көрді, түрлі түркі елдерінде конференциялар, кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылды және Қожа Ахмет Ясауидің пікірлері мен еңбектері насихатталған көптеген іс-шаралар өткізілді.
Баяндама барысында Қожа Ахмет Ясауидің өмірі, білімі мен еңбектері туралы толық ақпарат беріп өтті. Кішкентай кезінде ата-анасынан айрылғанын және алғашқы білімін Арыстан бабтан алып, оның қайтыс болуына байланысты кейінірек Бұқарадағы Юсуф әл-Хамаданидың шәкірті болғанын айтты. Фуат Көпрүлүнің алғашқы ясауитанушы екенін атап өтті. Тарихшының мәліметтеріне сәйкес, Ахмет Ясауидың 99,000 шәкірті болған. Оның басқалардан ерекшелігі хикметтерін араб және парсы тілдерінде емес, өз ана тілі түркі тілінде жазып, көпшілік қауымның исламды жақсы түсінуіне үлес қосуы деп түйіндеді.
Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» және «Фақырнама» еңбектері туралы мәліметтер берді. Сондай-ақ, хикметтерінің үзінділерін оқып, мән-мағынасын ашып берді. Исламның шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат сияқты төрт асуына тоқталып өткен Йылдыз бүгінде исламның тек шариғат тұрғысынан түсіндірілуіне байланысты кейбір мәселелердің туындағанын айтты. Сөз соңында Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері мен идеяларын насихаттауды жалғастыра беретіндерін және осы салада ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету мақсатында 2 магистрлік және 3 докторлық стипендияның тағайындалғанын мәлімдеді.
Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес мүшесі профессор, доктор Мухиттин Шимшек баяндамасында Қожа Ахмет Ясауидің өсиеттерін бүгінгі ұрпаққа қалай жеткізіп, түсіндіру керектігі жөнінде өз пікірімен бөлісті. Махаббат, мейірімділік, жақсылықты насихаттау, екіжүзді болмау және қаналғандарға көмектесу сияқты негізгі идеяларды атап өтті. Қожа Ахмет Ясауидің ойлау жүйесінде «мен» немесе «сен» деген ұғымдардың болмағанын, оның орнына «біз» ұғымының алға шыққанын айқындады. Эгоның адамдарға сынақ мақсатында берілгенін және көптеген мәселелердің эгоға негізделгенін айтты.
Бұл идеялар адамдардың өмірінде маңызды рөл атқарған жағдайда, оның пікірлері мен өситеттерінің бүгінгі ұрпаққа әсерін көруге болады деп тілге тиек етті. Сондай-ақ Аллаға деген махаббат жайлы сөз өрбітіп, білім мен мейірімділікті насихаттау қажеттігі жайлы айтты. Ақыл мен жүректің ғылымның екі қанаты екенін, бір-бірінсіз ғылымның тиiстi түрде дами алмайтынын айтты. Қазіргі заманғы өзекті мәселелер ретінде қарым-қатынас мәселесі мен оның салдарынан туындаған мазасыздықты атап, «Диуани Хикмет» кітабының бұған дауа бола алатынын ерекше атап өтті. Баяндама соңында сөз жүзеге асса каламға айналатынын, ал жүзеге аспаса бос сөз болып қалатынын айтты. Сондықтан айтылған сөздер каламға айналсын деген ниет білдірді.
Жиын соңында отырыс төрағасы профессор, доктор Невзат Шимшек 2016 жылдың Қожа Ахмет Ясауиді тану және оның ілімін насихаттау жылы болғанын мәлімдеді. Болашақта оның өмірі мен еңбектері жайлы зерттеулер жасау қажеттігін және бұл тақырыпта ғылыми зерттеулер жүргізудің жас ізденушілердің міндеті екенін айтып, өз сөзін тәмамдады.
Жиын соңында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен еңбектері туралы пікір алмасты.