Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Еуразия ғылыми-зерттеу институты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті мен Шет тілдер және іскерлік карьера университетімен бірлесіп
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Еуразия ғылыми-зерттеу институты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті мен Шет тілдер және іскерлік карьера университетімен бірлесіп, Түрік әуе жолдары (THY) демеуімен Түркияның ұлттық әнұранының қабылдануы мен Мехмет Акиф Эрсойды еске алу аптасы және 18 наурыз Чанаккале теңіз жеңісі мен шейіттерді еске алу шарасын өткізді. Жиынға Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, арнайы шақырылған баяндамашы жазушы Мұстафа Өзчелик, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы, PhD, Ықтияр Палтөре баяндамашы ретінде қатысты.
Жиын екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындаумен басталды. Дөңгелек үстелдің ашылуында сөз сөйлеген институт директоры, доцент, доктор Вакур Сүмер Түркияның ұлттық әнұранының авторы Мехмет Акиф Эрсой Чанаккале соғысында үлкен жеңіске жеткен түрік әскерінің ерлігін жырлап, ұрпақ жадында мәңгі өшпестей етіп есте қалдырғанын айтты. Чанаккале теңіз жеңісінің 103 жылдығы ел көлемінде тойланып жатқанын айтқан Сүмер тарих сахнасынан жоғалып кету қаупімен бетпе-бет келген түркі халқы осы жеңіспен әлемдік тарихтың бағытын өзгерткенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 1915 жылы Антанта әскерлері Чанаккале (Дарданелл) бұғазы арқылы өткенде, жағдай мүлде басқаша болар еді.
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз өз сөзін жиынды ұйымдастырған ұйымдар мен қатысушыларға алғыс білдіруден бастады. Ол Мехмет Акиф Эрсойдың шығармалары мен өмірі жайлы баяндап, Түркияның ұлттық әнұранының жазылуына қатысты ақпаратпен бөлісті. Мехмет Акиф Эрсой Чанаккаледе майданда болмаса да, ұлттық рухты өлең жолдарына түсіре білгенін атап өтті. Акиф әнұранда ұлт тарихын, мінез-құлқын және қандай құндылықтар үшін жанын пида ете алатынын жазды. Рыза Қаған Йылмаздың айтуынша, түрік ұлтын жақсы түсіну үшін мемлекеттік әнұранды оқу қажет. Түркияның ұлттық әнұранында жырланған рух 15-шілдедегі төңкеріс әрекетіне қарсы тұрып, Афринде өз құқықтары үшін күрескен рухқа ұласқанын атап көрсетті. Түркияның сыртқы саясатының негізінде адам өмірі жатқанын, әркім өз елінде еркін өмір сүруге лайықты екенін мәлімдеді.
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли өз сөзінде қоғам үшін поэзияның маңыздылығына назар аударды. Қожа Ахмет Ясауи, Юнус Эмре, Қажы Бекташ Вели және Мехмет Акиф сынды ғұлама тұлғалар туындылары арқылы халыққа ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттағанын айтты. Ел басына күн туғанда осындай айтулы ақындар халқын өлеңдерімен жылытып, рухына нәр беріп, үзілмес үміт отын ұялатқанын тілге тиек етті. Мехмет Акиф те өз заманында Чанаккале дастаны, мемлекеттік әнұран және басқа да өлеңдері арқылы бұл міндетті жүзеге асырған өнегелі тұлғалардың бірі болғанын айтты. Осы орайда жыл сайын Еуразия ғылыми-зерттеу институтымен бірге Мехмет Акиф Эрсой мен оның шығармаларын еске алу шарасын өткізетіндерін мәлімдеді.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы, PhD, Ықтияр Палтөре өз кезегінде Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде Түркия елі ең бірінші болып танығанын атап өтіп, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға тоқталып өтті. Мемлекеттік әнұранның әрбір сөзі зор маңызға ие екенін атап көрсеткен Палтөре Мехмет Акиф Эрсой Түркияның ұлттық әнұранын қиын кезеңде жазғанын айтты. Екі елдің туларын салыстырған Палтөре Түркия мен Қазақстан тарихи-мәдени түп тамыры бір бауырлас халықтар саналатынын және екі елдің әрдайым бір-біріне тілектес болатынын айтты. Ол Мехмет Акиф Эрсойдың Түркия үшін маңыздылығын айқындап, замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға кемел туындыларды қалдырғанын тілге тиек етті. Сөз соңында Палтөре Түркия мен Қазақстан елдері үшін Мехмет Акиф Эрсой сынды болашақ ұрпаққа жол сілтейтін ұлы тұлғалардың аты ешқашан өшпейтінін айтты.
Жазушы Мұстафа Өзчелик: «Отан Анадан Атамекенге сәлем», – деп өз сөзін бастады. Жиынды ұйымдастыруға үлес қосқан барлық ұйымдарға өз алғысын білдірді. Осы шараның арқасында Қазақстанға екінші рет келгенін, алғаш сапарында Түркия Жазушылар одағы тарапынан екі жылда бір рет өткізілетін 12-ші Халықаралық поэзия фестивалінде Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінде Мағжан Жұмабайұлы атындағы арнайы сыйлықтың иегері болғанын айтты. Мағжан Жұмабайұлы «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін Түркияның ұлт-азаттық қозғалысы кезінде жазғанын, тіпті кейбір деректер бойынша бауырлас елге қаржылай көмек жинап жібергенін айтты.
Чанаккале соғысы туралы бүкіл әлем білетінін және соғыс нәтижесі күш тепе-теңдігін өзгерткенін айтты. Соғыс кезінде Бас штаб бұл соғыстың неліктен жүргізіліп жатқанын түсіндіріп, жауынгерлер мен халықтың рухын асқақтататын және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін мәтінді жазу үшін көптеген ақын-жазушылардың майданға аттанғанын, алайда қажетті нәтижеге қол жеткізе алмағанын айтты. Оның пайымдауынша, тарих кітаптарында тарихи оқиғалар баяндалса, сол кезеңнің рухын тек ақындар ғана жеткізе алады. Мехмет Акиф майданды көрмесе де ұлттық рухты өлең жолдарына түсіріп, ұлт тарихы мен құндылықтарын жырлап, 103 жыл өткеннен кейін де өз өзектілігін жоғалтпаған дарынды туынды жасағанын айтты. Уақыт өте келе жүздеген ақын-жазушылар Чанаккале дастаны мен ұлттық әнұран сияқты халыққа отаншылдық рух беретін өлеңдер шығарғанына қарамастан, олардың ешқайсысы осы екі туындыдай әсерлі болып шықпағанын тілге тиек етті.
Сөзін жалғастыра отырып, Мехмет Акифтың басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Оның өте жақсы білім иесі болғанын, парсы және француз тілдерін жетік меңгергенін, діни білімі болғанын және түрік әдебиетін жақсы білгенін атап өтті. Сондай-ақ, Мехмет Акифтың спортпен шұғылданатын жан-жақты тұлға болғанын айтты. Өзчелик ұлттық әнұранның кейбір шумақтарын оқып, олардың мағынасы мен маңыздылығына қатысты өз ойларын ортаға салды. Мехмет Акифтің ұлттық әнұранға дейінгі негізгі еңбектеріне тоқталып өтіп, «Шайқас әні» мен «Әскер маршы» әнұранға ұқсас болғанын мәлімдеді. Мұстафа Өзчелик Түрік тәуелсіздік соғысында Мұстафа Кемаль Ататүрік әскери көшбасшы болса, Мехмет Акиф Эрсой жетекші рухани көшбасшылардың бірі болғанын мәлімдеді. Сөз соңында түрік халқының дүниетанымын түсіну үшін ұлттық әнұранды оқу керектігін, өйткені онда түрік ұлтының барлық құндылықтары көрсетілгенін айтты. Қазақстанда да жыл сайын Мехмет Акиф Эрсойды еске алу шарасы өткізіліп отыратынына ризашылығын білдіріп, өз сөзін аяқтады.
Қорытынды сөз сөйлегеннен кейін жиын аяқталды.