2018 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып «Түркі әлемінің ең жаңа жауһары: бейбітшілік пен дипломатияның бас қаласы Астана» атты ғылыми талқы ұйымдастырды.
2018 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып «Түркі әлемінің ең жаңа жауһары: бейбітшілік пен дипломатияның бас қаласы Астана» атты ғылыми талқы ұйымдастырды. Іс-шараға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доцент, доктор Вакур Сүмер, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология институтынан т.ғ.к, доцент Зере Майданали және тиісті мекемелердің ғылыми қызметкерлері қатысты.
Ғылыми талқының ашылуында сөз сөйлеген доцент, доктор Вакур Сүмер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығымен құттықтап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің құндылығы мен Астананың тарихи маңызына тоқталып өтті. Түркі әлемінің ақсақалы және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімімен бас қалаға айналған Астананың 20 жылдық тарихында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана процесі және ЭКСПО-2017 сияқты маңызды халықаралық іс-шаралар өткізілгенін атап өткен Сүмер Астананың қазіргі таңда тәуелсіздік, даму және әлем бейбітшілігінің нышаны екенін тілге тиек етті.
Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты және көреген саясаты нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның 1991 жылдан бері Біріккен Ұлттар, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың алдыңғы қатарлы мүшесі ретінде аймақтық және халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге маңызды үлес қосқанын мәлімдеді.
Ғылыми талқының ашылу сөзінен кейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновтың ағылшын тілінде жарық көрген «History of Astana» («Астана тарихы») атты кітабының тұсаукесері өтті. Сүмер «History of Astana» кітабы Астана тарихын әлемге паш ету тұрғысынан маңызды ғылыми еңбек екенін атап өтіп, Қабылдиновты жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтады.
Ғылыми талқыда алғашқы болып сөз сөйлеген Қабылдинов «Тәуелсіздік және этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы» атты баяндама жасады. Баяндамасында Қабылдинов тәуелсіздік алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен басталған Қазақстанның шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына көшіру саясатының өткені, бүгіні және келешегі туралы толық ақпарат берді. Қабылдинов өзі де шетелден тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың бірі екенін атап өтіп, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға шетелден миллионнан астам этникалық қазақтың қоныс аударғанын және олардың елдегі ұлттық болмыс, демография, тіл, мәдени және әлеуметтік дамуға оң ықпал еткенін тілге тиек етті.
Ғылыми талқы барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология институтынан т.ғ.к, доцент Зере Майданали «Қазақ мемлекеттілігінің эволюциясы: қалыптасуы мен дамуы», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі т.ғ.к, доцент Зирабүбі Маймаққызы Төленова «Тәуелсіздік және Ұлы дала тарихының жеті қыры» және т.ғ.к, доцент Факия Межведенқызы Шамшиденова «Н. Назарбаев еңбектеріндегі орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» атты баяндамалар жасады.
Ғылыми талқы соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі, Астана тарихы және Түркия-Қазақстан қатынастары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов Еуразия ғылыми-зерттеу институтының кітапханасына ұлы қазақ зиялыларының бірі Әлихан Бөкейхановтың жаңадан басылған 15 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.