Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Лидия Пархомчик семинарында Ақтау қаласында өткен V Каспий саммитінде елдер арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды айқындайтын бірқатар мәселелердің шешімі табылғанын мәлімдеді.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Лидия Пархомчик семинарында Ақтау қаласында өткен V Каспий саммитінде елдер арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды айқындайтын бірқатар мәселелердің шешімі табылғанын мәлімдеді. Пархомчик бұл саммиттің жақсы нәтижелер бергенін және тараптардың бірқатар көпжақты келісімге, оның ішінде көптен күтілген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге қол қойғанын атап өтті. Пархомчиктің айтуынша, аймақтағы құқықтық режимге қатысты келісімдердің жаңа құқықтық негізі 16 құжаттан тұрады. Пархомчик сондай-ақ, тараптардың Түркіменстандағы келесі саммитте қол қойылатын келісімдердің тізімін белгілегенін айтты.
Семинар барысында Пархомчик V Каспий саммитінің қорытындысы бойынша шешілген көптеген мәселелердің 20 жыл бойы талқыланғанын мәлімдеді. 2002 жылдың сәуір айында Ашхабад қаласында өткен I Каспий саммитінде бес елдің басшыларының жоғары деңгейдегі кездесулерін өткізудің негізі қаланып, 2007 жылдың қазан айында Тегеранда өткен II Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы негізгі мәселелер жөнінде келісімге қол қойылды. Пархомчик 2010 жылдың қарашасында Баку қаласында өткен III Каспий саммитінде ел басшылары қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын тілге тиек етті.
Баяндамашының айтуы бойынша, саммитте қабылданған шешімдер елдерге Каспий теңізінде туризм саласында ынтымақтасуға мүмкіндік береді. Мәселен, жақын арада Ресей Әзірбайжанмен кеме қатынасын бастауды жоспарлап отыр және бұған Қазақстан тарапы да мүдделілік танытып отыр. Екінші жағынан, бұл мәселе осы процеске қатысушы барлық елдерден әлі де көп жұмыс істеуді талап етеді. Пархомчик туризмге қатысты ең басты кемшіліктердің бірі Каспий маңы елдерінде туризм инфрақұрылымының нашар дамығандығы екенін атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар баяндамашыға әр түрлі сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.