Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы және Түрік әуе жолдарының қолдауымен Түркияның ұлттық әнұранының қабылдануы мен Мехмет Акиф Эрсойды еске алу апталығы және 18 наурыз Чанаккале теңіз жеңісі мен шейіттерді еске алу шарасы ұйымдастырылды.
Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы және Түрік әуе жолдарының қолдауымен Түркияның ұлттық әнұранының қабылдануы мен Мехмет Акиф Эрсойды еске алу апталығы және 18 наурыз Чанаккале теңіз жеңісі мен шейіттерді еске алу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, арнайы шақырылған қонақ ретінде Түркия Республикасы Ыстамбұл Йени Юзйыл Университеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің оқытушысы ф.ғ.д., профессор Мехмет Метин Караөрс және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті «Түріксой» зерттеу орталығының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Зубайда Шадкам баяндамашы ретінде қатысты.
Еске алу шарасы алдымен бір минут үнсіздік жариялаумен және екі елдің әнұранын айтумен басталды. Кіріспе сөз сөйлеген Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер іс-шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығына және Түрік әуе жолдарына алғыс айтты. Мыңдаған шақырым алыстағы Анадолы жерінен Қазақстанға келген Түркия Республикасы Ыстамбұл Йени Юзйыл Университеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің оқытушысы ф.ғ.д., профессор Мехмет Метин Караөрске де ерекше алғысын білдірді.
Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз өз сөзін іс-шараны ұйымдастырған ұйымдар мен қатысушыларға алғыс айтудан бастады. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 12 наурыз Мемлекеттік әнұранның қабылдануы және Мехмет Акиф Эрсойды еске алу күніне орай жариялаған жолдамасына тоқталып өтіп, Мемлекеттік әнұранның жазылу тарихы туралы ақпаратпен бөлісті.
Іс-шараның құрметті қонағы Ыстамбұл Йени Юзйыл Университеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің оқытушысы ф.ғ.д., профессор Мехмет Метин Караөрс «Мехмет Акифтің өмір сүрген кезеңі және Мемлекеттік әнұранның мәні мен маңыздылығы» атты баяндамасын бастар алдында 26 жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болып істегенін және 50 жыл бойы оқытушылық қызметпен айналысқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Мехмет Метин Караөрс бүкіл түркі республикаларын аралап шыққанын және бұл салада зерттеулер жүргізуден ешқашан жалықпайтынын айтты.
Баяндамасында ф.ғ.д., профессор Мехмет Метин Караөрс Мехмет Акифтің Мемлекеттік әнұранда ұлт тарихын сипаттап, түрік ұлтының қандай құндылықтар үшін жанын пида ете алатындығын жазғанын атап өтті. Түрік ұлтын жақыннан танығысы келгендер Мемлекеттік әнұранды оқуы керек екенін мәлімдеді. Ф.ғ.д., профессор Мехмет Метин Караөрс, сондай-ақ, Алаштың «Бес арысының» қазақ әдебиетінде алар орны мен маңызына тоқталып өтті. Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін тебірене оқып, Түркия мен Қазақстан арасындағы достық пен бауырластықтың мәңгі-бақи жалғасатындығын айтты.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті «Түріксой» зерттеу орталығының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Зубайда Шадкам 1992 жылы Түркия Республикасы арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінде білім алған алғашқы түлектердің бірі екенін айтып, өз баяндамасын бастады. Мехмет Акиф Ерсойдың Мемлекеттік әнұранды қалай жазғанына қатысты бірнеше аңыз бар екендігін атап өткен ф.ғ.к., доцент Зубайда Шадкам Акиф Ерсойдың Мемлекеттік әнұранды қиын кезеңде жазғанын айтты. Мемлекеттік әнұран мен Отанын қорғай алатын болашақ ұрпақтардың күшті болуы қажет екендігін баса айтып өтіп, іс-шараға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Еске алу шарасы соңында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер іс-шараға қатысып, баяндама жасаған барлық құрметті қонақтарға алғысын білдірді және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының басылымдарын естелік ретінде сыйға тартты.