Ғылыми талқыда кіріспе сөз сөйлеген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз бүкіл түркі халықтарының түп отаны саналатын Қазақстан даласында түркі халықтарына тиесілі көптеген мәдени мұралардың болуы түркі әлемі үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, оларды зерттеп, бүкіл әлемге таныту бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі екенін баса айтты.
Ғылыми талқыда кіріспе сөз сөйлеген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдыз бүкіл түркі халықтарының түп отаны саналатын Қазақстан даласында түркі халықтарына тиесілі көптеген мәдени мұралардың болуы түркі әлемі үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, оларды зерттеп, бүкіл әлемге таныту бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі екенін баса айтты. Ол сондай-ақ Ахмет Ясауи университетінің осы бағытта жүргізілетін зерттеулерге қолдау көрсетуге әрдайым ашық екенін тілге тиек етті.
Өкілетті Кеңес мүшесі профессор, доктор Мухиттин Шимшек өз сөзінде Қазақстан археологиясындағы жетістіктерге Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламалары мен стратегияларында мәдени мұраны зерттеу және мемлекеттік деңгейде қорғау міндеті тұрғанын айтты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент, доктор Вакур Сүмер Қазақстан даласынан табылған мәдени мұралармен қатар, әлі зерттеуді қажет ететін жер астында сақталған жәдігерлердің бар екенін атап көрсете отырып, оларды әлемге таныту арқылы Қазақстан жерінің әлем тарихындағы рөлі айқындала түсетінін айтты. Түркияның мектептерінде оқытылатын тарих оқулықтарында Қазақстандағы Есік қорғанынан табылған Алтын адамның суреті мен ол туралы ақпараттың болуы түріктердің атажұрт Қазақстанды тануына септігін тигізгенін айтты. Вакур Сүмердің айтуынша, жаңа ашылымдар Қазақстан тарихының тамыры тереңге жайылғанын және осы жерлерде көне түркі өркениетінің болғанын көрсетеді. Ол өз сөзінің соңында ғылыми талқыда баяндама жасайтын мамандарды қонақтарға таныстырып, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Ғылыми талқыда бірінші болып баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері және Памуккале университетінің PhD докторанты Сырым Есенов «Қазақстан археологиясындағы соңғы зерттеулер» атты баяндамасында қазіргі таңда Қазақстан бойынша Ұлттық музей топтары тарапынан жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары туралы толық ақпарат берді.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Тарих, археология және этнология факультетінен келген құрметті профессор, доктор Мадияр Елеуов «Қазақстанның орта ғасырлық қалалары және түркі тарихы» атты баяндамасында 2000-2004 жж. Түркістан аймағында Ахмет Ясауи атындағы университеттің қолдауымен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады. Болашақта қазақ-түрік бірлескен археологиялық комитетін құру арқылы осы саладағы ынтымақтастықты арттыру қажет екендігін баса айтты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин «Сарыарқаның Алтын Орда археологиясы: жаңа зерттеулер» атты баяндамасында әуелі Сарыарқа деген ұғымға тоқталып өтті. Қазақстан археологиясы тарихындағы жаңа ашылым өңірдің Алтын Орда кезеңімен тікелей байланысын айқын көрсеткенін айтты. Сарыарқа өңіріне Қазақстанның Қарағанды, Жезқазған облыстары кіретінін атап өткен Қасеналин Жошы ханның зиратында Жошы хан заманына жататын алтын тостағанның табылғаны туралы жаңалықпен бөлісті. Қабірден табылған алтын тостаған, алтын сырға және алтын жіптері бар жібек мата Алтын Орда дәуіріне қатысты маңызды ақпарат беретінін мәлімдеді.
Ғылыми талқы соңында институт директоры доцент, доктор Вакур Сүмер Қазақстанның жаңа археологиялық ашылымы – алтын тостағанды қатысушылар назарына ұсынып, көрсеткені үшін Айбар Қасеналинге алғысын білдірді. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, Қазақстанның қызғалдақтың отаны ретінде қарастырылуы мен табылған алтын тостағанның өңделуінде қызғалдақ гүлінің қолданылуы арасында үлкен байланыс бар екенін атап өтіп, қатысушыларға сертификаттар табыс етті.