2016 жылдың 15 сәуірінде Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек Ибн Сина университетінің проректоры PhD Закир Хусейн Эршад, Ауғанстан парламентінің депутаттары Ахмад Бехзад және Мохаммад Әли Эхляки, үкіметтік емес ұйым өкілдері Абдул Рахман Рахмани, университет профессор-оқытушылары Мохаммад Джавад Сұлтани және Мұзафар Хауарумен екіжақты келіссөздер өткізді. Сұхбат алдында ғылыми зерттеуші Айдана Арынбек Еуразия ғылыми-зерттеу институты туралы презентация ұсынды. Институттың Қожа Ахмет Ясауи университетінің мақсаты мен міндеті аясында қызмет атқарып жатқандығын, осыған байланысты институт мақсатының негізінен Балқаннан Моңғолияға дейінгі ұлан-ғайыр алқапты алып жатқан Еуразия аймағына, әсіресе бұл аймақта өмір сүріп жатқан түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтарға қатысты пәнаралық соны ғылыми зерттеулер жасау, бұл саладағы жобаларды жоспарлау, қолдау, өңірдің тарихи және мәдени жәдігерлерін қорғау, аймақтық бейбітшілік мен ынтымақтастықты нығайту, стратегиялық ұсыныстар арқылы саяси және іскерлік ортаға үлес қосу екендігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар институттың симпозиумдар, конгрестер және семинарлар ұйымдастырып, осы уақытқа дейін өткізген іс-шараларымен қатар, апта сайын Еуразия аймағындағы өзекті мәселелер туралы үш тілде жарық көретін электрондық ақпараттық бюллетень мен басқа да басылымдарды жариялайтындығын атап өтті. Презентациядан кейін Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ешқандай саяси және идеологиялық құрылымда болмағандығын, институт мақсатының ғылыми зерттеулер жүргізу екендігін ерекше атап өтті. Осы орайда, атқарған қызметтері арқылы Қазақстанға, Қазақстан және Түркия арасындағы қарым-қатынастарға үлес қосуына назар аударатынын мәлімдеді.
Ибн Сина университетінің проректоры PhD Закир Хусейн Эршад университет құрамында 6 факультет және 11 кафедраның болғандығын айта келе, олардың қызметi туралы қысқаша ақпарат ұсынды. Сондай-ақ, Закир Хусейн Эршад өз сөзінде университеттің аймақтық бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында ғылыми зертеулер жасағанын және осы көзқарасқа негізделген жас буынды тәрбиелеуге күш жұмсағанына баса назар аударды. Парламент депутаттары Ахмад Бехзад пен Мохаммад Әли Эхляки жастарды қазіргі заманғы ғылым талабы бойынша оқыту маңыздылығын атап, өз еліндегі жастардың шәкіртақы және ғылыми зерттеушілердің жұмысын жалғастыру үшін қаржылық қолдау мен көмек қажеттіліктеріне назар аударды. Осы тұрғыда, Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Ибн Сина университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын растай отырып, екі институт ғалымдары мен мамандары бір-бірімен танысты және ғылыми зерттеу салаларында бірлескен жобалар мен зерттеулер дайындау қажеттігін атап өтті.
Сұхбат соңында Ибн Сина университетінің проректоры, парламент депутаттары, оқытушы-профессорлары және үкіметтік емес ұйым өкілдері институтқа сапары үшін алғыстарын білдірді. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек Ибн Сина университетінің ғалымдары мен мамандары қажетті талаптарды орындаған жағдайда, Институттың ғылыми іс-шараларына қатыса алатындығын білдірді.