Доктор Дәурен Әбен семинарда азаматтық қару ұғымы, құқықтық база, қоғамдық пікір және Қазақстанда қылмыстық оқиғаларда қару пайдалану деңгейі туралы толыққанды ақпарат берді. Дәурен Әбен сондай-ақ, Қазақстанда азаматтық қару бойынша өзі қатысқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Қазақстанның аймақтағы тұрақты, әрі бейбіт ел болып табылатынын және 1990-2010 жылдары тіркелген қылмыс деңгейінің төмендегенін, алайда 2010-2017 жылдары бұл деңгейдің айтарлықтай өскенін тілге тиек етті. Бұған жұмыссыздық сияқты түрлі экономикалық себептердің әсер еткенін айтты. Сондай-ақ, қылмысты тіркеу рәсімінің жетілдірілуі тіркелген қылмыстар санының артуына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары туралы ақпарат беріп, 1990 жылдардан бері мұндай оқиғалар санының біртіндеп азайғанын мәлімдеді.
Семинар жалғасында қылмыс және өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларында қару пайдалану деңгейінің артқанын, ал бұзақылықта керісінше, төмендегенін мәлім етті. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелеріне тоқталып өтіп, қылмыс және зорлық-зомбылық құрбандарының 75%-ының дерлік 15-29 жас аралығындағы жас азаматтар екенін айтты. Әйелдердің ерлерге қарағанда қылмыс пен зорлық-зомбылыққа жиірек ұшырайтынын және қатысушылардың 44%-ының қандай да бір қылмысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, қала тұрғындарының ауыл тұрғындарына қарағанда өздерін қауіптірек сезінетінін айтты.
Атыс қаруын иеленген қатысушылардың 61%-ында аң аулайтын мылтық, 22%-ында тапанша, ал 14%-ында түрлі травматикалық тапаншалардың бар екенін айтты. Заңды түрде қару сататын дүкендерде көбінесе аң аулайтын мылтықтардың болғанын айқындады. Қазақстан бойынша зерттеу нәтижесінде жасалған болжамдарға сәйкес, 190,000-225,000 қару-жарақтың бейбіт тұрғындардың қолында екенін мәлімдеді. Яғни, жан басына шаққанда бұл қаруды әрбір жүз адамның 1,3-і иеленгенін және бұл көрсеткіштің басқа елдерге қарағанда әлдеқайда аз екеніне назар аударды.
Қару иелену мәселесінде Қазақстан мемлекеті заңдарының айтарлықтай қатаң екенін және тиісті рәсімдер нәтижесінде қару алуға болатынын мәлім етті. Заңнама шеңберінде азаматтарға тек өзін-өзі қорғау, спорт немесе аңшылық мақсаттары үшін қару сатып алуға рұқсат етілгенін айтты. Бұған қоса, заңды және заңсыз түрде қару сатып алуға қатысты ақпарат бере отырып, отандық қару өндірісінің шектеулі екенін және аң аулайтын мылтықтар, винтовкалар мен атыс қаруы үшін оқ-дәріні сырттан импорттауға рұқсат берілгенін атап өтті. Экспорттаушы елдер арасында Германия мен Ресейдің көш бастағанын айтты. Заңсыз жолмен алынатын қарулардың ішкі «қара» нарықтан немесе травматикалық тапаншаларға шын оқ салу арқылы қамтамасыз етілетінін айтты. Үкіметтің Қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы заңға кейбір өзгерістер енгізу арқылы травматикалық қаруды сатып алу үдерісін қатаңдастыруға тырысып жатқандарын айтты.
Семинар соңында қатысушылар қару пайдалану заңдары мен қылмыс деңгейі тақырыптары бойынша пікір алмасты.