Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті ТҮРІКСОЙ кафедрасының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауидің ілімі» атты конференцияны Гази университеті Педагогика факультетінің Әлеуметтік орта білім беру бөлімінің Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы доцент міндетін атқарушы, доктор Мұстафа Татчы өткізді. Конференциядан бұрын Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Невзат Шимшек сөз сөйледі.
Рыза Қаған Йылмаз мырза кіріспе сөзінде Түркия мен Қазақстандағы беделді тұлғалардың басын қосып халықтарды бір-біріне жақындастырған «Көңіл керуені» сияқты жобаларды жүзеге асырғаны үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Еуразия ғылыми-зерттеу институтына алғысын білдірді. Доцент, доктор Невзат Шимшек өз кезегінде 2016 жылдың ЮНЕСКО тарапынан «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануын және осыған байланысты Алматыда «Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы» атты Халықаралық симпозиумды өткізіп, университеттің Анкарада халықаралық Қожа Ахмет Ясауи симпозиумы мен басқа да іс-шараларды өткізгенін айтып, мұндай іс-шаралардың жалғаса беретінін мәлімдеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор, доктор Мұса Йылдызға, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес мүшесі профессор, доктор Мухиттин Шимшекке және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің I вице-президенті профессор, доктор Мехмет Куталмышқа қатысқандары үшін алғысын білдірілді.
Доцент міндетін атқарушы, доктор Мұстафа Татчы өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи жай ғана діни қызметкер емес, сопылық ілімнің көрнекті өкілі деп түсіндірді. Сопылықта мынадай сұрақтардың қойылатынын айтты: Біз кімбіз? Неміз? Қайдамыз? Қайдан келдік? Қайда барамыз? Қандай жағдайдамыз? Бізбен не болады? Бұл сауалдарға қатысты бұдан бұрын өмір сүргендердің мұрасы бар екенін және бұл мұраны жоғары бағалау керектігін айтты.
Қожа Ахмет Ясауидің түркі әлемі үшін маңызына тоқтала кете, осы тұрғыда шынайы ислам, түрікше ислам және күресуші рух сияқты үш ерекшеліктің болғаны туралы айтты. Ақиқатқа жету үшін әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Олар: шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат. Бұл төрт асудан бөлек-бөлек емес, барлығынан бірге өту керек деп түсіндірді. Қожа Ахмет Ясауидің кәдімгі түркі сөздеріне жаңа мағыналар беріп, дінді түсіндіргенін айта келе, түркі тілін мағыналы тілге және алғашқы рет уахи тіліне айналдырғаны туралы сөз қозғады. Доцент міндетін атқарушы, доктор Мұстафа Татчы, кез-келген адам Ясауидің тәжірибесінен өтіп, ол сияқты дінді түсіне білсе, тілді ақиқат тіліне айналдыратынын және бұл ақиқаттың адамның ана тілінде түсіндірілетіні жайлы баяндады. Сонымен қатар, Құран Кәрім араб тілінде жазылғандықтан, сөздердің мағыналарын дұрыс түсіне білу қиын деді.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары мен идеялары жөнінде пікір алмасты.