2016 жылдың наурыз айының 9-шы жұлдызында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында э.ғ.д., доцент Невзат Шимшек өзі басқарып отырған институттың Ахмет Ясауи университетінің миссиясы мен мақсат-міндеттері аясында жұмыс істейтінін және осы бағытта жалпы Еуразия аймағына қатысты, әсіресе түркітілдес мемлекеттер мен қауымдастықтарға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқанына тоқталып, қазіргі таңға дейін институттың атқарған іс-шаралары туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ, симпозиум, конгресс және семинарлар ұйымдастырылатынын, апта сайын Еуразия аймағындағы маңызды тақырыптарды қозғайтын үш тілде жарияланатын электронды бюллетеннен бастап түрлі жарияланымдар шығып тұратынын атап өтті.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өз тарапынан қауымдастықтың құрылу тарихы мен Дүниежүзілік қазақтар құрылтайы жайында сөз қозғап, басқа елдерден елге оралған қазақтарға мемлекет тарапынан түрлі квоталар мен жәрдемдер жасалып жатқанын, сырт елдерде өмір сүретін қазақтардың ұлттық салт-дәстүрін қорғауы үшін қауымдастық тарапынан түрлі шаралар ұйымдастырылып тұратынын атап өтті. Сонымен қатар, әңгіме барысында Талғат Мамашев әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 40-қа жуық елде шамамен 5 миллиондай қазақтың өмір сүретінін, олардың басты мәселелерін «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» аясында шешуге тырысатындарына тоқталып, институтпен бірге ортақ іс-шаралар ұйымдастыруға оң қарайтынын және ғылыми-зерттеу жұмыстарында ортақ жобалар мен жұмыстардың атқарылуы қажеттілігін тілге тиек етті.