Юрий Пойта семинарды өзін-өзі таныстырудан бастап, Украинаның астанасы Киевте орналасқан Армия, конверсия және қарусыздану мәселелерін зерттеу орталығы (CACDS) туралы қысқаша мағлұмат берді. Ол CACDS армия, конверсия және қарусыздану салаларындағы стратегиялық зерттеулермен қатар, саясаттану, халықаралық қатынастар және ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы зерттеулермен айналысатынын айтты. Бұған қоса, соңғы жылдары Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстарға байланысты гибридтік қауіптерге көңіл бөліне бастағанын тілге тиек етті.
Пойта семинарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі Украина-Қытай қатынастарына тоқталып өтіп, екі елдің байланыстары стратегиялық серіктестік аясында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін айтты. 2013 жылы іске қосылған Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Украинаға тигізетін пайдасы мен маңызы туралы баяндаған Пойта басқа посткеңестік елдер сияқты, Украина да экономикалық көрсеткіштердің төмендігіне байланысты Қытайды инвестиция көзі және ірі экономикалық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
Пойтаның пайымдауынша, посткеңестік кеңістіктегі ең ірі нарықтардың бірі, сондай-ақ маңызды транзиттік территория (Еуропаға ашылған «терезе») болып табылатын Украина Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасында маңызды буын бола алады. Алайда, Пойта «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық арқылы Украина экономикалық мақсаттарына қол жеткізе алмайтындығын атап өтті. Себебі арзан шикізатқа қол жеткізуге мүдделі Қытай Украинаның дамытқысы келетін салаларына инвестиция салуға ынта танытпай отыр.
Семинар барысында Пойта «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Украина үшін жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін алып келгенін, алайда Украина-Ресей қарым-қатынастарының нашарлауы мен Шығыс Украинадағы оқиғаларға байланысты бұл мүмкіндік азайғанын түсіндіріп өтті. Пойта сонымен қатар, Украинаның Еуропаға бейімделу және Еуропаның экологиялық стандарттарын енгізу әрекеттері әлеуетті Қытай инвесторларының қаражат салудан бас тартуына себеп болғанын айтты. Дегенмен, бұл жағдай Украина мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында қарым-қатынастарын дамытуға кедергі болмайтынын атап өткен Пойта екі елдің қорғаныс өнеркәсібі мен минералды өнімдер саудасы саласындағы қатынастарының дамуы бұған мысал бола алатынын тілге тиек етті.
Семинар соңында Юрий Пойта қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер Пойтаға алғыс сертификатын табыс етті.