Тәуелсіздік алған алғашқы кезден бастап, елде болып жатқан өзгерістерді талдау арқылы Қазақстан үкіметі өзінің назарын болашақтың бағытын айқындауға аударды. Атап айтқанда, еліміздің бірінші Президенті Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы жарық көрген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» – деген еңбегінде жаңа тарихи жағдайға байланысты еліміздің егеменді мемлекет болуының стратегиялық міндеттерін көрсетіп берді.
Алайда, осы белгіленген стратегиялық міндеттерді тәжірибе жүзінде іске асыруда көптеген қиыншылықтар мен кемшіліктер кездесті. Оны орындауда дәрменсіздік көрсеткен алғашқы Министрлер Кабинеті 1994 жылы отставкаға кетті. Оның орнына жас саясаткерлерден тұратын жана үкімет келді. Бұл үкімет таяудағы үш жыл ішінде елімізде болып жатқан реформаларды іске асырудың жаңа бағдарламасын белгіледі, осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізді. Бірақ өзінің бағдарламасын аяғына дейін жеткізбей ол үкімет те 1997 жылдың соңында отставкаға шықты. Оған себеп, алдымен, жекешелендіру бағдарламасында кеткен үлкен қателіктердің салдары болды, содан соң елімізде әлеуметтік әділетсіздіктің орын алғанын айтуға болады.
Қазақстанның төртінші үкіметі екі жыл қызмет етті. Бұл үкіметте қиын кезеңде жұмыс істеді. Елде қордаланып қалған қарыздарды қайтару, сыртқа шығарылатын шикізат өнімдері бағасының құлдырауы, көрші елдердегі экономикалық дағдарыстың Қазақстанға әсері кезінде жұмыс істеуге тура келді.
Үкімет сыртқы факторлардың жағымсыз әсеріне қарамастан, тұтас алғанда макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап қалды. Сондай-ақ, бұрынғы заемдарды төлеуде, мемлекеттің іші және сыртқы міндеттемелерін орындауда бұл үкімет құрамы бірқатар қызмет атқарды.
1999 жылы қараша айында Қазақстан үкіметі басына Қ.К.Тоқаев басқарған бесінші үкімет тағайындалды. Жаңа үкімет Республика Парламентінде өзінің 2000-2002 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын ұсынып бекітті. Ондағы шешілуге тиісті басты проблемалар негізінен «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламадан туындағанды.
Бұл үкімет құрамы еліміздегі қатаң бюджет мәселесін ескере отырып, одан тиісті қорытынды жасау, бюджетті жоспарлауда жетімсіздіктер болып жатса, оны түзету, кірісті жинақтауда резервтер болатын болса, оны іске қосу, яғни қаржы көзін, оны қолданудың әдіс-тәсілдерін жете пайдаланды.
Сонымен қатар, экономиканы, қаржы және заңдылық жүйесін реформалауды одан әрі жалғастыру, әлеуметтік саладағы реформаларға баса назар аударып, елге инвестицияның қажеттілігін ескеріп, белгілі және салиқалы инвесторларды іздеп табу, олардың мемлекет экономикасына деген ынтасын арттырды. Қ.К.Тоқаев басқарған үкімет өндірісті жандандыру, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, кіші және орта бизнестің мәселелерін шешу және 2000-шы жылдың басына дейін зейнетақы қарызынан құтылу мәселелерін қолға алды.
1999 жылдың қараша айынан 2002 жылдың қаңтар айына дейін қызмет істеген Қ. Тоқаевтың үкіметі өзінің алдына қойған іс-қимыл бағдарламасын орындауда айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
Қазақстанда 1993 жылдың соңында ұлттық валюта теңгені енгізумен еліміздің тәуелсіз экономикасының дамуының басталған уақыты деп есептеуге болады.
Қазақстан экономикасы өзінің дамуының бірінші он жылдығында елеулі реформаларды басынан өткерді. Соның ішінде бүгінгі күні мемлекеттің экономикасын басқаруда атқарушы органның басты тұлғасы министрлер кабинетінің қызметін бағалау қажеттілігі туындап, олардың әрбіреуін өзінің басқару ерекшеліктеріне байланысты тәуелсіз Қазақстан экономикасын дамытудағы ролін 5 кезеңге бөліп қарастыруға болады
Бірінші және екінші кезеңдерде жалпы ішкі өнімнің орташа өсу деңгейі 0,7%-ды құраса, үшінші кезеңде бұл көрсеткіш 9%-дан жоғары болғанын ескерсек, аталған уақыт ішінде мемлекеттің экономикасын Қ.К.Тоқаев басқарған министрлер кабинетінің үлесіне тиеді.
Қ.К.Тоқаев бастаған министрлер кабинеті жоғары аталған үшінші кезеңді толық қамтып, төртінші кезеңнің де алдыңғы жылдарындағы ел экономикасының өсуінің алғы шарттарын жасады.
Ел экономикасын түпкілікті түрде жақсартудың басты көрсеткіштерінің бірі ұлттық валютаның макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екендігі мәлім. Ал ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуде экономиканы басқару және мемлекеттік реттеу жүйесінің орны ерекше.
Ұлттық валютаның құнсыздану үдерісінің жылдамдатылуы өндірістің құлдырауына алып келетіндігін ескерсек, бұл елдің әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуінің басты себебіне жататын фактор.
Осыған орай, жоғарыда аталған Қазақстан экономикасының дамуының бес кезеңіне талдау жасайтын болсақ, ұлттық валютаның құнсыздану деңгейі алғашқы жылдары екі мың пайыздан асып кетсе, оның тұрақтану деңгейі Қ.К.Тоқаевтың министрлер кабинетін басқару кезеңіне келеді.
Егер өндірістің құлдырау серпініне көз жүгіртсек, ол 1994 жылы – 48%, 1995 жылы – 57%-ды құраса, кейінгі 1996-1998 жылдары да экономикада тұрақсыздық орын алды. Осы жылдары үкімет бағытын басқарудың құрамдас бөлігін тұрақсыз монетаризм ретінде анықтауға болады.
Қ.К.Тоқаевтың үкімет басына келуі экономикаға жаңа серпін алып келіп, экономиканы қайта құрылымдық жағдайға келтіру, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру кезеңі басталды. Осы кезеңдегі экономиканың дамуына негіз болған негізгі фактор елде шаруашылық жүргізуші субъектілер мен бюджеттік – қаржылық жүйенің дұрыс жұмыс істеуін, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету шараларын институционалдық және заңнамалық жетілдіру болып табылады.
Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бастап басынан бірнеше инфляцияның шарықтау шегі мен төмендеу серпіні өтті. Әсіресе 1999 жылы Қ.К.Тоқаевтың үкімет басына келген уақытысында инфляция деңгейі 20 пайыздан асып тұрған еді. Бір жылдың ішінде Қ.К.Тоқаев бастаған министрлер кабинетінің экономикалық тиімді жұмысының арқасында инфляция деңгейі 2 есеге төмендеді. Міне осының барлығы Қазақстанда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде үкіметтің рөлінің, оның құрамының қызмет дәрежесін айқындайды.
Осы айтылғандардың түйіні – егер Қазақстан Елі президент таңдауында Қ.К.Тоқаевқа дауыс беріп, таңдау жасаса республиканың экономикалық әл-ауқаты жақсаратынына сенімдімін.
Б.С.Мырзалиев, э.ғ.д., профессор
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі