Өмірбек Қанай семинарында карталар тарихты зерттеудің ажырамас бөлігі болып табылатынын атап өтіп, орта ғасырлық Еуропа карталарындағы Қазақстан аумағы мен тарихи топонимдер туралы баяндап берді. Өмірбек Қанай ерте және жоғары орта ғасырларда бүкіл Еуразия аймағын, соның ішінде Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалар Еуропаның тарихи дерек көздерінде «скифтер» немесе «сақтар» деп аталғанын, ал бұл аймақтар орта ғасырлық Еуропа карталарында «Скифия» ретінде белгілі болғанын айтты. Сонымен қатар, Өмірбек Қанай кейбір орта ғасырлық Еуропа карталарында барлық Түркі халықтары, әсіресе қазақтар мекендеген жерлер «Түркістан» немесе «Тұран» деп аталғанын тілге тиек етіп, Тұран және Түркістан ұғымдарының шығу тегі мен олардың қай жерлерге қатысты қолданылғанын баяндады.
Семинар жалғасында Өмірбек Қанай Алтын Орда мемлекеті құрылған соң Алтын Орда жері кейінгі орта ғасырлардағы Еуропа карталарында «Тартария» деп атала бастағанына тоқталып, аталмыш карталардағы «тартар» сөзі негізінен «көшпенді» деген мағынаны білдіретінін нақты мысалдармен түсіндірді. Алайда, Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққаннан кейін Қазақ жері Еуропа карталарында «Қазақи Тартария» немесе «Қазақия» деп аталғанын айтқан Өмірбек Қанай, ол кездегі Еуропа карталарында географиялық мәліметтер мен жер-су аттары толығырақ көрсетілгенін сөз етті. Қорытындылай келе, Өмірбек Қанай жоғарыда аталған орта ғасырлық Еуропа карталарында кейбір кемшіліктер болғанымен, орта ғасырлық Еуропа карталары Қазақстан тарихын зерттеуде өте маңызды дереккөз бола алатындығын айтып өз сөзін аяқтады.
Семинар соңында Институт зерттеушілері тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Семинар сертификат табыстаумен аяқталды.