(Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграция талқыға түсті)
З.ғ.д., профессор Жеңіс Кембаев «Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграция: Мәселелер және перспективалар» атты семинарында интеграциялық үдерістер мен интеграция түрлері туралы ақпаратты ұсынды. Интеграциялық үдерістің жай және ілгері деңгейдегі екі түрін көрсетіп, жай түріне мысал ретінде НАФТА сияқты еркін сауда келісімдерін келтірді. Ілгері деңгейдегі интеграциялар үшін кеден одағы мен экономикалық одақтарды келтірді. Еркін сауда туралы келісім мен кеден одағы арасындағы ерекшеліктерге тоқтала келе, Дүниежүзілік сауда ұйымына тіркелген 450-ден астам еркін сауда жөнінде келісімнің болғандығын, бірақ кеден одақтарын құру одан әлдеқайда қиын, әрі күрделі болғандықтан кеден одақтары санының азырақ екендігін айтты.
Кеден одағы – экономикалық одақ құру жолындағы қадам деп айтқан профессор Жеңіс Кембаев экономикалық одақ құру жолындағы үдерісті Еуропа Одағының тарихынан мысал келтіре отырып түсіндірді. Еуропа Одағы кеден одағын 1968 жылы құрды және бұл құрылым 1993 жылы ортақ нарыққа, 1999 жылы экономикалық одаққа айналды. Интеграциялық үдеріс мемлекеттер арасындағы көптеген жылдарға созылған келіссөздер мен мәмілелер нәтижесінде пайда болды. Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғап, көптеген мәселелер бойынша кездесулер ұйымдастырылып бірігу үдерісі әлі жалғасып жатқандықтан, одақтың әлі күнге дейін ортақ нарық құра алмағандығы туралы айтты.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы түсінік бере келе, одақтың Мәскеу тарапынан басқарылатындығын және оның толығымен экономикалық мақсатта құрылмағандығын айтты. Мүше елдердің арасындағы кейбір сауда көрсеткіштеріне мысалдар келтірді. Мұнда Қазақстанның сыртқы сауда әріптестері арасында алғашқы орынды 45% көрсеткішпен Еуропа Одағы, екінші орынды 24%-бен Қытай және үшінші орынды 22%-бен Ресейдің алғандығын және энергетикалық емес саудада Ресейдің ең ірі коммерциялық серіктес болып табылатындығын айтты. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Арменияның Ресейдің жалпы импорт көлеміндегі үлестерінің тек 7%-ға тең болғандығын сөзіне қосты.
Еуразиялық интеграция идеясының енді ғана пайда болған ой еместігін, оның бұрыннан бері мәлім болған идея екендігін айтқан профессор Кембаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының екі негізгі мақсаты қауіпсіздік және экономикалық интеграцияның қамтамасыз етілуі деп айтты. Алайда, Молдова, Украина, Грузия және Әзірбайжан қайтадан Ресеймен интеграция жасауға қарсы болғандықтан, Ресей бұл интеграцияға өз еркімен қатысуға ниет білдірген мемлекеттермен бірге ортақ нарық құру мақсатында 1995 жылы Ресей, Беларусь және Қазақстан елдері бірлесе отырып, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрды. Сөздерін жалғастыра отырып, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың 2000 жылы Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің қатысуымен келісімге қол қойыла отырып құрылғандығын атап өтті.
ТМД елдері арасында саяси және экономикалық интеграцияны жалғастыру үшін экономикалық тұрғыдан Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың, саяси тұрғыдан 2002 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының құрылғандығын айтты. Бұл екі құрылым ресми тұрғыда екі бөлек құрылым болып табылса да, ТМД құрылымынан шыққан. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі туралы пікірлерін айта келе, бұл мүшеліктің экономикалық тұрғыдан даулы мәселе болып табылатындығын айтты. Мүшелік туралы оң тұжырым келтіретін сарапшылар экспортты әртараптандыру тұрғысынан жақсы нәтижелер көрсетеді деп санаса, сыншылар басқа елдермен сауда қатынастарын бұзуы мүмкін деп айтады.
Семинар соңында қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ пен бірыңғай валютаға көшу туралы пікір алмасты.