Ә.ғ.к. Гүлмира Илеуова «Мемлекеттік басқаруда әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін пайдалану» атты семинарда жалпы Қазақстанда әлеуметтану саласындағы өзгерістер мен әлеуметтік зерттеулерді жүргізуде және оларды интерпретациялауда кездесетін қиындықтар туралы сөз қозғады. Қазақстанда әлеуметтану саласында жасалған зерттеулердің соңғы 10 жылда айтарлықтай артқанын айтты. Бұның ең маңызды себептерінің бірі – мемлекеттің әлеуметтік зерттеулерге қаржылық қолдау көрсетуді арттыруы. Сонымен қатар, соңғы 10 жыл ішінде осы салада көптеген институттардың құрылып, мемлекеттік мекемелердің өз салаларындағы көптеген ғылыми-зерттеу жобаларына қолдау көрсеткені жөнінде мәлімдеді.
Әлеуметтану саласында зерттеулермен алмасуда түрлі қиындықтардың болғанын атап өтті. Институттардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өздерінің бұдан бұрын жасаған зерттеулерімен ашық ақпараттық тұғырнамаларда бөліспеуі білім байлығын арттыруға кедергі жасауда. Әсіресе қолжетімді SPSS деректері өте аз болғандықтан, басқа зерттеушілердің бұл деректерді қолдана отырып түрлі сараптамалар жасау мүмкіндігі шектеулі. Мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік зерттеулер жүргізу жүйесіне тоқтала кетіп, мекемелердің әлеуметтік ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін тендер ашатынын және бұл тендерді ұтып алатындардың зерттеу жұмыстарын жүргізетіні туралы баяндады.
Мемлекеттің әлеуметтік зерттеулер үшін жыл сайын 500 миллион теңге көлемінде қаражат бөлетінін айтып, «Самұрық Қазына» сияқты мемлекеттік мекемелерде мұндай жұмыстарға үлкен ресурстар бөлетінін айта кетті. Зерттеу тақырыптары ішінде ішкі саясат пен халықтың түрлі мәселелерге қатысты ой-пікірлері бойынша жасалатын зерттеулердің болғанын айта отырып, ең үлкен соманың 200 млн. теңге көлемінде Алматы облысында жүргізілген зерттеулерге жұмсалғаны туралы мәлімдеді. Семинар барысында бұл зерттеулерді мемлекеттік органдардың пайдалануындағы түрлі кемшіліктері мен тиімсіз пайдалану жолдарына жеке тоқталып өтті. Бұл ақпаратқа тек тиісті мемлекеттік органдар ғана қол жеткізе алатындықтан, зерттеу нәтижелерін жан-жақты талдау мүмкін емес деп айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда бұл ақпаратты жүйелі түрде мұрағаттау үдерісінің онша дамымағаны туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ, ә.ғ.к. Гүлмира Илеуова семинарда әлеуметтану саласын дамытуға үлес қосатын бірқатар ұсыныстар жасады. Мысалы, тиімдірек сараптама жасау үшін әлеуметтанушылардың экономистермен және саясаттанушылармен бірге жұмыс жасау арқылы пәнаралық ынтымақтастықты арттыру керек екенін айтты. Екінші жағынан, жасалған жұмыстар жақсырақ нәтижелер беру үшін өткен жылдарда жасалған жұмыстармен және басқа да зерттеулермен салыстыру керек деген пікір білдірді. Мұның барлығын іске асыру үшін зерттеулерге қолжетімділікті арттыру қажет екенін айтты.
Семинар соңында қатысушылар зерттеу әдістері мен Орталық Азияда әлеуметтану саласындағы өзгерістер бойынша пікір алмасты.