Панельді пікірталаста Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 26-шы жылдығында Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары тарих, әдебиет, білім беру және сыртқы саясат тұрғысынан қарастырылып, әр түрлі пікірлер айтылды. Осы орайда, Қазақстан мен Түркияның түрлі салалардағы қарым-қатынастарының бүгінгі күнге дейін қалыптасу тарихы зерделеніп, бұл үдерісте білім беру саласындағы эквиваленттік мәселелері қозғалды.
Панельді пікірталасқа Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері профессор, доктор Ахмет Тоқтабай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Ажар Серікқалиева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының меңгерушісі доцент, доктор Қыдыр Төреәлі, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің проректоры доцент, доктор Ержан Қуанышбек және «Қазақ энциклопедиясының» редакторы Клара Саркенова қатысты.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 26-шы жылдығымен құттықтап, кіріспе сөз жасаған Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер Түркия мен Қазақстан арасындағы достық және бауырластыққа негізделген терең қарым-қатынастарға тоқталып өтіп, болашақта екі жақты ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетінін айтты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты құрылғаннан бері Түркітілдес мемлекеттер мен қоғамдастықтар арасында, оның ішінде Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға бағытталған ғылыми-зерттеу мекемесі болып табылатынын атап өтіп, осы тұрғыда ортақ ғылыми жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың өткенін, бүгінгі жай-күйін және болашағын талдау мақсатында өткізілген панельді пікірталасқа келген қатысушыларға алғыс айтып, өз сөзін аяқтады.
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мәдениеті, тілі және тарихи тамыры бір, бауырлас екі ел – Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар үнемі дамып, үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет екенін айтып, Түркияның бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастарға басынан бері үлкен мән бергенін айқындады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін және бұл қатынастардың деңгейін көтеру мен дамытуда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етті. Осы орайда, ол Нұрсұлтан Назарбаев Түркиядағы әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін бұл елге келген алғашқы мемлекет басшысы екенін атап өтті. Екі жақты және аймақтық ынтымақтастық аясында Түркі Кеңесі, Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі сияқты екі жақты және көп жақты тетіктермен сауда-экономикалық және саяси салалардағы қатынастардың нығайтылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Түркия-Қазақстан қарым-қатынастарының Түрксой, Түркі академиясы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті шеңберінде де ғылыми және мәдени салалардағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінгенін және екі жақты қарым-қатынастардың болашағының жарқын болатына сенім білдірді.
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры профессор, доктор Сабри Хизметли өз сөзінде Түркия-Қазақстан ғылыми қарым-қатынастары мен Қазақстандағы білім беру жүйесі туралы толық ақпарат берді. Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері Түркия мен Қазақстан арасындағы ғылыми қарым-қатынаста маңызды жетістіктерге жеткеніне қарамастан, екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастық саласында жан-жақты келісімдердің жасалмағанын, сондықтан дипломдарды тануда кейбір мәселелердің туындағанын айтты. Профессор Хизметли Қазақстанның білім беру жүйесіндегі соңғы жетістіктерге тоқталып өтіп, елдегі негізгі білім беру жүйесінің ерекшеліктері жайлы баяндады. Сондай-ақ, Хизметли Түркия Қазақстанмен ғылыми қарым-қатынастарды дамыту үшін білім беру саласында стипендиялардың бөлінгенін, екі ел арасындағы келісімдерге сәйкес құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті және Түркі академиясы сияқты ұйымдардың екі жақты ғылыми қарым-қатынастарды дамытуға үлес қосып жатқанын мәлімдеді.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары доктор Ажар Серікқалиева Түркияның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүшелігі мен бұған Қытайдың көзқарасы туралы баяндама жасады. Түркияның ШЫҰ-ға мүшелігі мәселесінің 2012 жылдан бері талқыланып келе жатқанын және Пекин үкіметінің бұған оң көзқарас білдіргенін тілге тиек етті. НАТО-ға мүше Түркияның ШЫҰ-ның диалог әріптесі екеніне назар аударған Серікқалиева ШЫҰ және ортақ Жібек жолы стратегияларының Қытай-Түркия қарым-қатынастарын дамытуға серпін беріп, өзара ынтымақтастық бағытында неғұрлым нақты қадамдардың жасалуына үлес қоса алатынын айтты. Доктор Серікқалиева соңғы жылдардағы экономикалық өрлеумен бірге елдің аймақтық және жаһандық ықпалын күшейткісі келген Пекин үкіметінің Таяу Шығыста Түркияға мұқтаж болғанын және Қытайдың алдағы кезеңде Түркиямен ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастыққа көбірек көңіл бөлетінін айтты.
Өз сөзін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 26-шы жылдығымен құттықтаудан бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының меңгерушісі доцент, доктор Қыдыр Төреәлі Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарының ортақ тіл, дін, тарих, өркениет және мәдениет негізінде дамығанын айтты. Исламға дейінгі және исламнан кейінгі кезеңде де тілдер арасындағы жақындыққа байланысты бір-бірін еш кедергісіз түсіне алған бауырлас екі халық – қазақтар мен түріктердің XIX ғасырдың соңына дейін ортақ әдеби түркі тілін қолданып, ортақ әдеби шығармаларды жарыққа шығарғанын мәлімдеді. Төреәлі Анадолыда османша және Орталық Азияда шағатайша араб әріптері негізінде әзірленген түркі әліпбиі алынып тасталғаннан кейін түркі тілдері арасындағы айырмашылықтың арта бастағанын айтты. Сондай-ақ, ол соңғы жылдардағы ортақ әдеби шығармалардан мысалдар келтіріп, бұл әрекеттердің ортақ түркі әліпбиін әзірлеу және енгізу үшін жылдам қадамдар жасайтынын айтты.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері профессор, доктор Ахмет Тоқтабай ежелден қалыптасқан Түркияның сыртқы саясатының ерекшеліктеріне тоқталып өтіп, тарихи оқиғалардан мысалдар келтірді. Тоқтабай түрік өркениетінің деструктивті өркениет болып табылмағанын айтып, түрік сыртқы саясатының даму, қауіпсіздік, тұрақтылық және адами құндылықтардың қорғалуы негізінде дамығанын атап өтті. Көптеген тарихи оқиғалар мен соғыста басқа елдерге гуманитарлық көмек көрсеткен Түркияның соңғы жылдары сириялық босқындарға гуманитарлық көмек көрсетіп келгенін айтты. Сонымен қатар, Тоқтабай XX ғасырдың басында түрік халқының Тәуелсіздік соғысына қазақ зиялыларының да көмек көрсеткенін атап өтті. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Түркия экономикалық, дипломатиялық және ғылыми көмек көрсеткенін тілге тиек етті.
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің проректоры доцент, доктор Ержан Қуанышбек баяндамасында Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Түркияның бауырлас ел Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті және Түркі академиясы сияқты академиялық институттарды құру арқылы екі ел арасындағы білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға үлкен үлес қосқанын айтты.
Панельді пікірталас соңында баяндамашылар мен қатысушылар Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары бойынша пікір алмасты.