Т.ғ.д., профессор Нұрлан Кенжеахметтың кітабының тұсаукесеріне Қазақстанның тарих саласындағы белгілі ғалымдары мен осы тақырыпқа қызығушылық танытқан Түркия мен бірқатар Еуропа елдерінің сарапшылары қатысты. Ғылыми талқы барысында модератор болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы алғашқы сөзді Германиядағы Бонн университетінің оқытушысы, т.ғ.д., профессор Нұрлан Кенжеахметке берді. Ұзақ жылдар бойы қазақ тарихын зерттеумен айналысып жүрген білікті ғалым Нұрлан Кенжеахмет кітаптың мазмұны мен тарихына қысқаша сипаттама бере отырып, көптеген тың деректердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл зерттеу оның Қазақстан, Қытай, Жапония, Тайвань және Германиядағы бірнеше жылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижесі екенін айтып, зерттеуге көрсеткен қолдауы үшін Еуразия ғылыми-зерттеу институтына ризашылығын білдірді.
Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан қазақстандық тарих ғылымының жетекші ғалымдарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, т.ғ.д., профессор Набижан Мұхаметханұлы кітаптың академиялық ерекшеліктеріне назар аударып, бұл Қазақстандағы тарихи зерттеулер үшін өте құнды әрі маңызды еңбек екендігін тілге тиек етті. Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Жошы ұлысы бойынша сарапшы әрі тарихшы т.ғ.к. Қанат Өскенбай мен Қазақ хандығының тарихы бойынша сарапшы т.ғ.к., профессор Нұрлан Атығаев кітап мазмұнына қатысты пікірлерімен бөлісті. Тарих саласында мұндай еңбектер көбейе беріп, жас ғалымдарға үлгі болуына тілектестік білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Женгизхан Жаналтай бұрын жарияланбаған батыс және шығыс тарихи мұрағаттарын, оның ішінде көбінесе Қытай деректерін пайдалана отырып жазылған бұл еңбектің ағылшын тілінде басылып шығуы аса маңызды екенін айтты. Өз кезегінде Нұрлан Кенжеахмет құнды ой-пікірлерімен бөліскен мамандарға алғысын білдіріп, кітабы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, кітап жазу барысында кездескен кейбір мәселелермен бөлісті. Сөзінің соңында Кенжеахмет қатысушыларға және Еуразия ғылыми-зерттеу институтына кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткендері үшін тағы да ризашылығын білдірді.