(Каспий теңізіндегі порттардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыға түсті)
Лидия Пархомчик «Каспий теңізіндегі порттардың инфрақұрылымын дамыту» атты семинарында жағалауда орналасқан мемлекеттердің порттарының ағымдағы қуаты, инфрақұрылымдық жағдайы, бұл елдердің болашақ жоспарлары мен Каспий теңізінің заңды мәртебесіне тоқталды. Каспий теңізінің ең маңызды мәселелердің бірі құқықтық мәртебесіне қатысты қайшылықтардың болуын айтты. Сонымен қатар, елдердің түрлі бюрократиялық әрекеттерінің тасымалдау аймағында уақыт мәселелерін тудырғандығы туралы айтты.
Семинарда жағалау елдерінің порттары туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынды. Қазақстанның Ақтау портын солтүстік бағытқа кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айта келе, жоба туралы техникалық ақпаратпен қамтамасыз етті. Ақтау портында 20 млн. тоннаға дейін жүк тасымалдау мақсатының көзделгендігі жайлы айтты. Бірақ Ақтау портында тасымалданған сауда айналымы 2012 жылғы 10,95 млн. тоннадан 2015 жылы 5,8 млн. тоннаға дейін төмендеді деп мәлімдеді. Төмендеу себептерінің бірі – Баку портына жіберілетін мұнай экспортының төмендеуі. Сондай-ақ, Құрық портында жаңғырту жұмыстарының жоспарланғандығы туралы айтты.
Ресейдің Оля, Астрахань және Махачкала порттарында тасымалданатын жүк түрі және олардың қуаты туралы ақпарат берумен қатар, Ресей үкіметінің Астрахань және Оля порттарының күштерін біріктіру мақсатында бірыңғай тетік құру арқылы осы екі портты біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығы туралы баяндады. Алайда, бұл екі порт бір-бірінен дербес құрылғандықтан, бұл мақсатқа жету қиын. Екінші жағынан, Махачкала портына тағы бір секторды салу жоспарлануда. Әзірбайжанның Баку портына Дюбенди және Санчагал порттарының техникалық қолдау көрсеткендігіне және жүк тасымалында да маңызды рөл атқарғандығына баса назар аударды. Алят портының бірінші кезеңінің аяқталғаны туралы мәлімдеп, екінші және үшінші кезеңдерінің күйі туралы ақпаратпен бөлісті. Әзірбайжанның Баку портында болашақта 11 млн. тоннаға дейін жүк тасымалдау мақсаты көзделді деп мәлімдеді. Баку портында былтыр тек 6 млн. тонна жүк тасылғаны туралы айтып, мұндай мақсатты сұраныс пен ұсыныс негізінде есептеу қажет деді.
Түрікменстанның порт дамыту жоспарларында сегменттеу стратегиясына назар аударған Пархомчик Түркіменбашы портының контейнер және мұнай тасымалдайтын бөлімдерін дамыту жоспарлары туралы баяндады. Иранның жоспарларына тоқтала келе, Нека портын дамытуға ерекше көңіл бөлінгендігімен қатар, Астара портының іске қосылғандығы туралы мәлімдеді. Сондай-ақ Иранның Чамхале, Кияшехр, Чабуксере порттарын салуды жоспарлап отырғандығы туралы баяндады.
Каспий теңізі жүк тасымалында логистикалық әлеуетті арттыру алдында тұрған мәселелерді айта келе, Солтүстік Каспийде қыс айларында суық айа райы мен желдің салдарынан тасымалдаудың аптасына орташа есеппен 3 күнге тоқтатылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, жүйелі түрде рейс жасаудың орнына жүктердің тек сұраныс туған жағдайда ғана тасымалдануы және жүктерді сақтандыруда пайда болатын мәселелер порттардың жеткізу сенімділігіне залал келтіруде деп баяндады. Бұл мәселелерді ортақ тетік құрмай шешу мүмкін емес деп айтқан Лидия Пархомчик түрлі бюрократиялық мәселелерді талқылау мақсатында елдердің жылына үш рет жинала бастауы мәселені шешуге септігін тигізеді деп үміттенуде.
Семинар соңында қатысушылар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, порттардың инфрақұрылымдық жобалары жөнінде пікір алмасты.