2021 жылы 17 маусымда Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Қытай-Үндістан қатынастары және Қазақстан: аймақтық көп жақты парадигманы қайта тұжырымдау» атты онлайн дөңгелек үстел отырысы өтті.
Онлайн отырысқа Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, доктор Альбина Мұратбекова, Гонконгтан тәуелсіз зерттеуші, профессор Жеймс Д.Сеймур, SOAS Лондон университетінің профессоры Роберт Барнетт, Жавахарлал Неру университеті Халықаралық саясат, ұйымдастыру және қарусыздану орталығының (CIPOD) жетекшісі профессор Сваран Сингх, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, доктор Жармұхамед Зардыхан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, доктор Лаура Ерекешева, Кембридж университеті мен Сатбаев университетінің ғылыми қызметкері, доктор Шокан Лаумулин және Кембридж университетінің PhD докторанты Цзи Инфэн қатысты. Іс-шараның модераторы Австралия «Болашақ тәуекелдерді зерттеу» орталығының директоры Тристан Кендердин болды.
Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент, доктор Вакур Сүмер алдымен Қытай мен Үндістанның бір-бірімен және Орталық Азия аймағымен ғасырлық қарым-қатынасы бар екенін еске салып, Қазақстандық зерттеушілер үшін Қытай-Үндістан қатынастарын қайта тұжырымдаудың маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, институт туралы қысқаша ақпарат берді. Доцент, доктор Вакур Сүмер мүдделі тараптарға және іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, отырыс модераторы Тристан Кендердинге сөз берді.
Дөңгелек үстел Қазіргі заманғы Гималай геосаясатындағы өзгерістер және Орталық Азия-Қытай-Үндістан зерттеу парадигмасы атты екі отырыс асасындаөтті. Англия, Австралия, Үндістан, Гонконг және Қазақстанның сарапшылары бас қосқан дөңгелек үстел отырысында, ең алдымен, Қазақстанның Қытай-Үндістан қатынастарын қайта тұжырымдауына қатысты жобаның нәтижелері мен ұсыныстары айтылды. Қазақстанның халықаралық саясаткерлерінің Қытай мен Үндістанды зерттеу туралы түсініктеріне сараптамалық сауалнаманың нәтижелері ұсынылды. Сонымен қатар, кездесуде Қытайдың да, Үндістанның да Орталық Азия аймағындағы геосаяси амбициясы және географиялық жақындығы мен геосаяси бәсекелестігі талқыланды.
Алғашқы отырыста доктор Альбина Мұратбекова өзінің ғылыми жобасының нәтижелерін бөлісті. Профессор Жеймс Д. Сеймур және профессор Роберт Барнетт Қытай-Үнді және Қытай-Бутан шекара мәселелері бойынша өз көзқарастарын білдірді. Профессор Сваран Сингх пандемияның Қытай мен Үндістан арасындағы ынтымақтастыққа қалай әсер еткені туралы өз ойын айтты.
Екінші отырыста Тристан Кендердин Қытай мен Үндістанға қатысты ғылыми жұмысы туралы ақпарат берді. Профессор, доктор Лаура Ерекешева Оңтүстік Азия аймағы бойынша ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін бөлісті. Доктор Шокан Лаумулин Кеңес одағы кезінде жүргізілген ғылыми саясаттың Қытай-Үндістан қатынастарына әсеріне шолу жасады. Соңында Цзи Инфэн Қытайдың Орталық Азия елдерімен «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастығы туралы баяндама жасады.
Кездесу соңында қатысушылар аталмыш мәселелер бойынша өзара пікір алмасты. Доцент, доктор Вакур Сүмер қорытынды сөз сөйлеп, дөңгелек үстелде маңызды баяндамаларын ұсынған барлық қатысушыларға және отырысты ұйымдастыруға үлес қосқан барлық ғылыми қызметкерлерге алғысын білдіріп, аталған дөңгелек үстел отырысы әр түрлі көзқарастар айтылған маңызды кездесу болғанын атап өтті.