Доктор Суат Бейлур 1991-2017 жылдар аралығындағы кезеңді қамтитын «Әлеуметтік өзгеріс үдерісінде Қазақстанда дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы» атты баяндамасында тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі дін мен мемлекеттің ара-қатынасын зерттеу әдістері мен тәсілдерін қарастырды. Бұл қарым-қатынасты тарихи тұрғыдан зерттеп, оған әсер ететін қазіргі факторларды анықтау өте маңызды екенін айтты.

Доктор Бейлур дін-мемлекет қарым-қатынасы қазіргі мағынада болмаса да, саяси тұрғыдан ұйымдастырылған ежелгі қоғамдардың / ұлттардың тарихынан бастау алатынын, бұл қатынастарға географиялық фактордан бөлек басқа да ішкі және сыртқы факторлардың әсер ететінін атап өтті. Әсіресе Қазақстан орналасқан аймақта дін-мемлекет-қоғам қатынастарында көптеген өзгерістер орын алғанын, сондықтан бұл байланыстарға көптеген факторлар әсер еткенін тілге тиек етті.

Сөзін жалғастыра отырып Бейлур, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Қазақстанда дін мен мемлекеттің қатынастарына исламға дейінгі және исламнан кейінгі дәуірдегі, патшалық және кеңестік кезеңдегі тарихи мұра, осы мұра ықпал еткен білім беру жүйесі, көшбасшының көзқарасы мен пікірлері, діни және этникалық құрылымының әртүрлілігі сияқты ішкі факторлармен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орынға ие Ресей, Қытай және кейбір Батыс елдері, аймақтық және жаһандық ұйымдар, ынтымақтастықтар мен бастамалар, Түркия, Мысыр және Парсы шығанағы елдерінен шыққан исламдық қозғалыстар, Батыс және Азия елдерінен келген миссионерлік қызмет пен диаспораның қайта оралуы (оралмандар) сияқты сыртқы факторлар әсер еткенін атап өтті.

Тарихи зерттеулерден кейін далалық зерттеулерінің нәтижелерімен бөліскен доктор Бейлур атеистік-зайырлы кеңестік тарихқа қарамастан, қазіргі Қазақстан қоғамында (мұсылман университет жастары арасында) тәуелсіздік алғаннан кейін діншілдік үрдісі көрініс тауып келе жатқанын, ал институционалды деңгейде, әсіресе оқу орындарында зайырлылық үрдісі айқын байқалатынын айтты.

Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, институт директоры баяндамашыға сертификат табыстады.