Мелиса Арслан семинарында Қазақстан мен Түркия елдерінің білім беру және мәдениет салаларына шолу жасамастан бұрын аз дамыған және дамушы елдердің алдында тұрған даму мәселесінің өзектілігіне тоқталып өтіп, осы салада адами капиталдың маңызды рөл атқаратынын айтты.
Арслан екі елдің қазіргі білім беру жүйесі мен мәдени іс-шаралары туралы баяндап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру мақсатында халықаралық аренада беделге ие болатын және халықаралық пікірталастарда өз пікірлерін ортаға салатын білікті мамандар даярлау үшін білім беру саласына қаншалықты мән берілетінін айтты. Осыған байланысты Назарбаев тарапынан 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы құрылғанын тілге тиек етті.
Семинар жалғасында Мелиса Арслан екі елдің ЖІӨ-дегі білім беру саласының үлесі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына кіретін сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін белгіленген 4-6% деңгейіне жете алмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Түркияда Қазақстанмен салыстырғанда білім берудегі теңсіздік көрсеткіші жоғарырақ екенін және сауаттылық деңгейі төменірек екенін айтты.
Арслан Тұрақты экономикалық дамуды бағалау есебін (SEDA) қарастыра отырып, Қазақстанның Түркиядан 1 ұпайға жоғары екенін және жыл сайын тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әр түрлі мәліметтер негізінде екі елдің білім беру және мәдениет салаларын салыстырып шықты. Арсланның пайымдауынша, білім беру – дамудың кілті болып саналатын адами капиталдың негізгі көзі. Ол әр түрлі стратегиялардың нәтижесінде пайда болған білім беру және мәдени іс-шаралар елдерде білікті жұмыс күшін анықтайтынын және бұл ұзақ мерзімді перспективада елдердің экономикалық дамуына әсер ететінін сөз етті. Сонымен қатар, Арслан бұл жағдай қазіргі заманғы өркениеттер деңгейіне жету мақсаттарына әр түрлі жолдармен әсер ететінін айтып, өз баяндамасын аяқтады.
Семинар соңында қатысушылар әртүрлі сұрақтар қойып, баяндамашыға зерттеу тақырыбы бойынша нақты ұсыныстар берді және тақырып төңірегінде пікір алмасты.