2016 жылы 7 қыркүйекте Өзбекстанның уақытша президенті болып, 2016 жылы 4 желтоқсанда ресми түрде сайланған Шавкат Мирзиеев билікке келгеннен кейін Өзбекстанның 2017-2021 жылдарға арналған даму стратегиясын белгілеп саяси, әлеуметтік, экономикалық және дипломатиялық салалардағы реформаларды жеделдете түсті. Соңғы бір жылда Өзбекстанның қаржы және экономика секторын ырықтандыруы, сыртқы саудадағы кедергілер мен шектеулерді жоюы, валюталық саясатты оңтайландыра бастауы және инвестициялық жағдайларды реттеуі ел экономикасына оң әсерін тигізіп, шетелдік инвестициялардың артуына түрткі болды. Елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін кешенді реформаларды жүзеге асыра бастаған Өзбек билігі, ашық-жарқын және белсенді сыртқы саясат жүргізуге де құлшынуда. Атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарын нығайту жолында нақты қадамдар жасаған Өзбекстан, сонымен қатар Түркия, Ресей, Қытай және Оңтүстік Кореямен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға да күш салуда.
Бұл тұрғыда соңғы бір жылда Өзбекстан-Қытай қарым-қатынастарында елеулі өзгерістер болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше болып табылатын Өзбекстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастар өзара сенім мен ынтымақтастық деңгейінде дамып келеді. Қытай – Өзбекстанның екінші ірі сауда әріптесі және ең көп инвестиция салған ел болса, Өзбекстан – Қытайдың Орталық Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, екі елдің де бір-бірімен екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарына үлкен мән беретінін көруге болады. Әсіресе Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Каримовтің өлімінен кейігі өтпелі кезеңге Қытай билігінің ерекше назар аударғанын атап өткен жөн. Мысалы, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чунинь 2016 жылы 2 қыркүйекте Пекинде өткен баспасөз мәслихатында Каримовтің қазасына байланысты Өзбек халқына көңіл айтты. [1] 2016 жылы 2-3 қыркүйек аралығында Қытай премьер-министрінің бірінші орынбасары Чжан Гаули Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы өкілі ретінде Кәрімовті жерлеу рәсіміне қатысу үшін Өзбекстанға сапарлай барып, Мирзиеевпен және Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимовпен кездесті. [2] 2016 жылы 3 қыркүйекте Си мен Қытай премьер-министрі Ли Кэцян Каримовтің қазасына байланысты Өзбекстан үкіметі мен халқына көңіл айту жеделхатын жолдады. [3] Ал 2016 жылы 4 қыркүйекте Ли Пекиндегі Өзбекстан елшілігіне барып, Керімовтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Өзбекстанның Пекиндегі елшісі Данияр Құрбановпен кездесу барысында Ли, Қытайдың Өзбекстанмен арадағы кешенді стратегиялық әріптестік қарым-қатынастардың үздіксіз дамуын жалғастыруға дайын екенін атап өтті. [4] Өзбекстанда 25 жыл билікте болған Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке кімнің келетіні де Қытай баспасөзінде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Мысалы, 2016 жылы 4 қыркүйекте Қытайдағы таралымды ең көп «Reference News» газеті Өзбекстандағы саяси жағдай кеңінен талқылап, болашақ президент болуға Өзбекстанның сол кездегі премьер-министрі болған Мирзиеевтың мүмкіндіктері жоғары екенін атап көрсетті. [5]
Каримовтен кейінгі кезеңде Өзбекстан тарапынан Қытайға алғашқы сапар 2016 жылдың қазан айында болды. 2016 жылы 19-22 қазан күндері Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Азимов Өзбекстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы ретінде Пекинге ресми сапармен барып, Қытай премьер-министрінің бірінші орынбасары Чжан және Қытайдың өзге де жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті. Кездесуде тараптар арасында энергетика, сауда, инвестиция, инфрақұрылым және мақта өндірісі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықпен қатар, Өзбекстанның Азия инфрақұрылымдық инвестициялық банкіне (АИИБ) мүше болу мәселесі талқыланды. [6 [7] [8] [9] [10] Сондай-ақ, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукулов 2016 жылы 19-21 қазан аралығында Қытайдың Чэнду қаласын өткен IV Қытай-Орталық Азия ынтымақтастық форумына қатысты. [11] Ал Қытай тарапынан, 2016 жылы 11-12 қараша күндері Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Өзбекстанға ресми сапармен барды. Ташкентте Мирзиеевпен және Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездескен Ван, екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен ортақ күресу мәселелерін талқылау. [12] Осылайша, өтпелі кезеңдегі жоғары деңгейдегі ресми сапарлары тараптардың болашақта екіжақты қарым-қатынастарға тіпті де мән беретінін көрсетті.
2016 жылы 5 желтоқсанда Мирзиеевке Өзбекстан президенті болып сайланумен құттықтап жеделхат жолдаған Си, 2017 жылы 2 қаңтарда Қытай-Өзбекстан дипломатиялық қарым-қатынастарының 25-ші жылына орай тағы да хат жолдап, Қытайдың Өзбекстанмен қарым-қатынастарына ерекше мән беретінін жеткізді. [13] 2017 жылы 2 қаңтарда Пекинде Қытай Сыртқы істер министрінің орынбасары Лю Хуилэй мен Өзбекстанның Пекиндегі елшісі Курбановтың қатысуымен өткен Қытай-Өзбекстан дипломатиялық қарым-қатынастарының 25-ші жылына арналған симпозиумда, тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылда жеткен жетістіктеріне тоқталып, жаңа кезеңде екіжақты ынтымақтастықты ШЫҰ мен Бір Белдеу Бір Жол бастамасының шеңберінде де үздіксіз жақсартуға келісті. [14] 2017 жылы 18-20 сәуір аралығында Өзбекстан премьер-министрі әрі Ауыл шаруашылығы және су істері министрі Зоир Мирзаев, Өзбекстан Агро банкінің директоры Әбдівахоб Тамикаев, «Уздонмахсулот» компаниясының директоры Сурат Хайдаров және басқа да лауазымды тұлғалардан құралған Өзбекстан делегациясы Пекинде Қытай премьер-министрінің орынбасары Улугбек Ван Ян және Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (CAAS) президенті Тан Хуажинмен кездесіп, екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. [15] [16] 2017 жылы 25-27 сәуір аралығында Пекинге ресми сапармен барған Өзбекстанның премьер-министрінің бірінші орынбасары Азимов, Қытай Сапаны бақылау, инспекциялау және карантин басқармасының (AQSIQ) басшысы Жы Шупин, Қытай Ұлттық мұнай компаниясының (CNPC) бас директоры Ван Йилин және Жібек жолы қорының бас директоры Ван Янжымен кездесіп, екі ел арасындағы азық-түлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және инвестиция салаларында ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды. [17] [18] [19]
Әсіресе 2017 жылы 11-13 мамыр аралығында Мирзяевтің қытайлық әріптесі Сидің шақыруымен Пекинге алғашқы ресми сапарының арқасында Өзбекстан-Қытай қарым-қатынастары айтарлықтай серпін алды деуге болады. Өйткені, Мирзиеев пен қытайлық әріптесі Си, Қытай премьер-министрі Ли, Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайы Тұрақты комитетінің (NPCSC) төрағасы Чжан Дэцзян және Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі әрі Қытай-Өзбекстан үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Мэн Цзяньчжу арасында болған кездесулерде, екі ел арасында саяси, сауда-экономика, қаржы, инвестиция, энергетика, көлік және коммутация, ғылым-техника, ауыл шаруашылығы, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Келіссөздерден кейін тараптар арасында сауда-экономика, технология, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызметтер, мұнай-газ, шағын және орта бизнес, инфрақұрылым, туризм және білім беру сияқты бірқатар маңызды салаларды қамтитын жалпы құны 23 млрд. долларға жуық 105 келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, Бұдан басқа, 2017 жылы 14-15 мамыр аралығында Пекинде өткен Бір Белдеу Бір Жол Халықаралық ынтымақтастық форумына да қатысқан Мирзиеевтің Қытайға алғашқы сапары, бұрыннан жоғары деңгейде болған екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыта түсті. [20]
2017 жылы 17-20 мамыр аралығында NPCSC төрағасының орынбасары Ван Чын Өзбекстанға ресми сапармен барды. Ван бұл сапарда Мирзиеев, Өзбекстан Сенатының төрағасы Нигматилла Юлдашев және Өзбекстан Мәжілісінің төрағасы Нұрдинжон Исмаиловпен кездесіп, екі ел басшыларының алғашқы ресми кездесуінде қол жеткізілген ынтымақтастық келісімдерін іске асыру алдауды нақтылады. [21] 2017 жылы 4-5 шілдеде AQSIQ басшысы Жы Өзбекстанға сапарлай келсе, ал 18-19 шілдеде Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Жамшид Кучкаров Қытайға сапармен барды. [22] [23] Ал 2017 жылы 19 желтоқсанда Қытай Қорғаныс министрі Чан Ваньцюан мен ҚКП Орталық әскери комитеті Қару-жарақ бас басқармасы бастығының орынбасары Ван Лидің Өзбекстанға ресми сапары, екі ел арасында әскери ынтымақтастықтың арту мүмкіндігін көрсетті деуге болады. [24]
Осылайша жоғары деңгейдегі ресми сапарлар аясында перспективалық ынтымақтастық туралы келісімдерге бағытталған Өзбекстан-Қытай қарым-қатынастары, түрлі деңгейдегі ынтымақтастық диалогтарының шеңберінде де елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізді. Мысалы, 2017 жылы 15 ақпанда Пекинде Өзбекстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің Ғылым және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 3-ші отырысы өтті. [25] 2017 жылы 24 наурызында Ташкентте Өзбекстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 5-ші отырысы өтті. [26] Ал 2017 жылы 2-3 тамызда Қытайдың Ляньюньган қаласында өткен V Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығы форумына Өзбекстанның премьер-министрінің орынбасары Ачилбай Раматов қатысты. [27] 2017 жылы 8 қыркүйекте Ташкентте Өзбекстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің Энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 4-ші отырысы болса, 9 қыркүйекте Өзбекстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің 4-ші отырысы өтті. Кездесудің қорытындысы бойынша екі ел арасында қаржы, инвестиция, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту туралы үкіметаралық хаттамаға қол қойылды. [28] [29] 2017 жылы 19 желтоқсанда Пекинде Қытай-Өзбекстан сауда форумы өтіп, форумға Өзбекстаннан 11 ірі компания қатысты. [30] Соңғы рет, 2017 жылы 19-25 желтоқсан аралығында Қытайдың Цзянсу провинциясының 57 ірі компанияның өкілдерінен құралған сауда делегациясы, Өзбекстанның Ташкент қаласы мен Сырдария, Ферғана және Әндіжан облыстарындағы еркін экономикалық аймақтарды аралап, Өзбекстанның 500-ден астам компаниясымен 100 жоба аясында шамамен 700 млн. доллар инвестиция туралы алдын-ала келісімге келді. [31]
Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, өткен бір жылда Өзбекстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың біртіндеп дамып келе жатқанын көреміз. Мысалы, 2016 жылы Өзбекстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 3,6145 млрд. долларға жетіп 3,4%-ға артты. [32]Ал 2017 жылдың алғашқы 10 айында Өзбекстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 15%-ға артып 4 млрд. долларға жетті. Бұл Өзбекстанның жалпы сыртқы саудасының 18,8%ын құрайды. [33] Тараптар 2020 жылға жеткенде бұл соманы 10 млрд. долларға жеткізуді жоспарлауда. [34] 2017 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша, Қытайдың Өзбекстандағы жалпы инвестициясы 1,23 млрд. доллар болса, ал Өзбекстанның Қытайдағы жалпы инвестициясы 11,75 млн. долларды құрады. Қазіргі уақытта Өзбекстанда 700-ден астам қытайлық компания жұмыс істейді. [35]
Соңғы бір жылда екі ел арасындағы инвестициялық және ынтымақтастық келісімдері негізінен логистика, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларына шоғырланды деп айтуға болады. Екіжақты ынтымақтастықта аталмыш секторларға көбірек мән берілуі тараптардың экономикалық басымдықтарымен тікелей байланысты. a) Логистикалық ынтымақтастық соңғы жылдары Қытайдың геоэкономикалық және геостратегиялық саясатында өте маңызды болып келді. Атап айтқанда, Бір Белдеу Бір Жол бастамасын тереңдету арқылы Шығыс пен Батыс арасындағы тауар мен капитал айналымын тұрақты қамтамасыз етуді көздеген Қытай билігі, Жібек жолы бойында орналасқан Орталық Азия елдерімен көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән беруде. Бұл бағытта өткен жылы Өзбекстан мен Қытай арасында бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Мысалы, 2017 жылы қазан айында Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан арасында алғашқы халықаралық автомобиль тасымал желісі ашылды. Өзбекстанның астанасы Ташкенттен басталатын тасымалдау желісі Қырғызстанның Ош қаласы арқылы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы районындағы (ШҰАР) Қашғар қаласына жетеді. [36] Ал 2017 жылы 14 қарашада Қытайдың солтүстік батысында ШҰАР-дан Өзбекстанға алғашқы жүк поезының қызметі басталды. Осы тасымал бағытында ШҰАР астанасы Үрімшіден шығатын жүк пойызы Қытай мен Қазақстан арасындағы Қорғас шекаралық өткелінен өтіп, Қазақстан арқылы Өзбекстанның астанасы Ташкентке жетеді. [37] Сонымен қатар, көп жыл бойы талқыланып келген Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасында да өткен жылы маңызды ілгерілеушілік болды. Аталмыш теміржол жобасы, Мирзиеевтің 2017 жылы мамыр айындағы Қытайға алғашқы сапарында және қыркүйек айындағы Қырғызстанға алғашқы сапарында, кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің 2017 жылы желтоқсанда Өзбекстанға алғашқы сапарында да көбірек талқыланған ең маңызды мәселелердің бірі болды. Сондай-ақ, 2017 жылы 25-27 желтоқсан күндері Ташкентте Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы бойынша үшжақты кездесу өтіп, тараптар арасында аталмыш жобаны іске асыру бойынша бірлескен хаттамаға қол қойылды. [38] Ташкент-Қашқар автомобиль тасымал желісі мен Үрімжі-Ташкент жүк пойызы тасымалының іске қосылуы және Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы бойынша үшжақты келіссөздердің жүргізілуі, Өзбекстан мен Қытай арасында логистика саласындағы ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқара алады. b) Жалпы алғанда экономикалық құрылымы ауылшаруашылығына негізделген Өзбекстан, Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты нығайту барысында ауылшаруашылығындағы ынтымақтастыққа баса назар аударып келеді. Өзбекстан экономикасының негізгі кіріс көздерінің бірі болып саналатын мақта экспортының шамамен 40%-ы Қытайға шығарылады. Сондай-ақ, Мирзиеев билікке келгеннен кейін ауылшаруашылығын әртараптандыруға тырысып, бірқатар ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортындағы тыйымды алып тастауға шешім қабылдады. Бұл өзгерістер елдегі ауылшаруашылығындағы кәсіпкерліктің артуына және ауылшаруашылық секторындағы инвестициялық жағдайдың жақсаруына оң ықпал еткенін айтуға болады. Өзбекстанның ауылшаруашылық секторы 2017 жылы қытайлық инвесторларды қызықтырған негізгі бағыттардың бірі болды. Мысалы, 2017 жылы желтоқсанында Қытайдың Ванбанг халықаралық ауылшаруашылық логистикалық компаниясы (Wanbang International Agricultural Products Logistics Co., Ltd.) Өзбекстанның Ауылшаруашылығы және су істері министрлігі мен Өзбек Азық-түлік холдингімен (Uzbekoziqovqatholding) 500 млн долларлық 15 жобаға қол қойды. [39] c) Энергетика саласы бұрыннан Қытайдың Орталық Азия саясатының маңызды бір бөлігі болып келеді. Қытай деректері бойынша, 2009 жылдың желтоқсанында іске қосылған Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы 2017 жылдың 29 қарашасына дейін Қытайға жалпы 200 млрд. текше метр табиғи газ тасымалданды. [40] Өткен жылы Өзбекстан-Қытай екіжақты қарым-қатынастарында да энергетикалық ынтымақтастықтың маңызы арта түсті. Мысалы, 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Қытай Өзбекстаннан жалпы 1,84 миллион тонна табиғи газ экспорттады. [41] Сондай-ақ, CNPC пен Өзбекстанның ұлттық энергетикалық компаниясы Өзбекмұнайгаз бірлесіп құрған Жаңа Жібек жолы мұнай және табиғи газ компаниясы (NSROG) 2017 жылы наурыз айында Өзбекстанның Бұхара облысы Қаракөл ауданындағы Хожасаят, Деңизкөл және Олот газ кен орындарының жобасын бастады. Жалпы 377,5 млн. доллар инвестиция салынған бұл үш газ алабынан Қытайға жылына 1 млрд. текше метр табиғи газ жеткізілетіні жоспарлануда. CNPC-тің еншілес компаниясы саналатын Қытай Мұнай-газ инжиниринг және құрылыс компаниясы (CPECC) осы жобалар бойынша мердігер болып табылады. 2017 жылы 1 сәуірде жобаны бастаған CPECC компаниясы бірінші кезеңде 2017 жылы 30 қарашадан бастап Хожасаят газ алабынан газ шығара бастады. Ал Деңизкөл және Олот газ кен орындары 2018 жылдың шілде және қыркүйек айларында газ өндірісіне кіріседі деп күтілуде. [42] [41]
Қорытып айтқанда, 2016 жылы маусым айында Қытай төрағасы Сидің ШЫҰ Ташкент саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға барған ресми сапары аясында кешенді стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен Өзбекстан-Қытай қарым-қатынастары, алдымен уақытша кейін ресми түрде президент болған Мирзиеевтің билігі кезінде де жаңа бір сатыға көтерілді. Өткен жылы Өзбекстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі ресми сапарлар мен түрлі ынтымақтастық диалогтарының жиілеуі, екіжақты саяси, сауда-экономикалық және әскери қарым-қатынастардың одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, Мирзиеевтің ішкі және сыртқы саясаттағы батыл қадамдарының оң нәтиже беруі алдағы уақытта Өзбекстанға келетін шетелдік инвестициялар одан әрі арттыруы мүмкін. Осыған орай, Өзбекстандағы саяси және экономикалық оң өзгерістердің мүмкіндігін пайдаланған Пекин де Ташкентпен арадағы қарым-қатынастарын тіпті де дамыта түсуге барынша күш салатын болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
*«Азия Еуропа» (Ақпараттық сараптама) журналының 2017 ж. ақпандағы 26 санында жарияланды.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.