2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыс тек Таяу Шығыстың ғана емес, бүкіл әлемдегі гуманитарлық дағдарыстарды тереңдеткен маңызды тарихи кезең болды. Бұл соғыс шамамен 13 миллион сириялықтың үй-жайын амалсыз тастап босып кетуіне, қазіргі дәуірдегі ең ірі мәжбүрлі көші-қон толқындарының біріне түрткі болды. Босқындардың шамамен 6 миллионы ел ішіндегі салыстырмалы түрде қауіпсіз аймақтарға қоныстанса, 5,5 миллионы көршілес елдерге, атап айтқанда Түркияға көшті. Сондай-ақ, 1,1 миллион сириялықтың Еуропаға заңсыз жолмен жетіп, бұл көші-қон халықаралық деңгейдегі мәселеге айналды [БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссариаты, 2024]. Түркия 2011 жылдан бері ашық есік саясатын ұстанып, сириялық босқындарды қабылдап келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, 2024 жылдың 29 тамызында Түркияда уақытша қорғау мәртебесімен тіркелген сириялықтардың жалпы саны 3,096,157 адамды құрады [Босқындар қауымдастығы, 2024].
Көші-қон құбылысы әлемдік ауқымда қарқынды өсіп жатқан қазіргі кезеңде, 2024 жылы мәжбүрлі көшіп-қонушылар санының 120 миллионнан асуы назар аударарлық жайт. Бұл көрсеткіштің 43,4 миллионы босқындар мен халықаралық қорғауға мұқтаж адамдарды қамтыса, 68,3 миллионы өз елдерінің ішінде тұрғылықты жерлерінен айырылып, басқа аймақтарға көшуге мәжбүр болғандар. Жалпы алғанда, мәжбүрлі көші-қон толқындарының басым бөлігі көршілес және аймақтық елдерге бағытталады. Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі босқындардың 60%-дан астамы төмен және орта табысты елдерде, ал 20%-ы экономикасы дамыған елдерде тұрып жатыр [Еурокомиссия, 2024].
Соңғы 12 жылда бұл көрсеткіш экономикалық және саяси тұрақсыздықтар мен азаматтық соғыстардың салдарынан тұрақты түрде өсіп келеді. Әсіресе, Сириядағы азаматтық соғыс Түркияны қоса алғанда, Таяу Шығыс, Балқан, Солтүстік Африка және Еуропа елдеріне терең әсер етіп, бұл өңірлерде гуманитарлық көмек көрсетуден бастап құқықтық реформаларға дейінгі көптеген жаңа саясаттарды жүзеге асыруды талап етті. Алайда, бұл ауқымды көші-қон толқыны тек қабылдаушы елдерге ғана емес, сонымен қатар көшіп-қонушылар мен олардың қауымдастықтарына да әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан көп деңгейлі әсер етуде.
Түркияның босқындар саясаты туралы айтсақ, 1951 жылы қабылданған «Босқындардың құқықтық мәртебесі туралы Женева конвенциясы» және 1967 жылғы «Босқындардың құқықтық мәртебесі туралы хаттама» босқын мәртебесін бүкіл әлемде анықтайтын негізгі екі құжат. Түркия бұл конвенцияға географиялық шектеу қойып, тек Еуропадан келгендер мен түрік тегі мен мәдениетіне жататындарды ғана босқын ретінде қабылдайды [Ермұмжу, 2013].
Сириялықтардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәртебесін анықтаудың мүмкін еместігіне байланысты, 2013 жылы 6458 нөмірлі «Шетелдіктер және халықаралық қорғау туралы заң» қабылданды. Бұл заңның 91-бабының 1-тармағында уақытша қорғау мәртебесі мынадай түрде түсіндірілген: «Өз елінен кетуге мәжбүр болған, өз еліне қайтуға мүмкіндігі жоқ, жаппай шекарамызға келген немесе шекарамызды кесіп өткен шетелдіктерге уақытша қорғау берілуі мүмкін» [Mevzuat.gov.tr, 2013]. Дегенмен, уақытша қорғау мәртебесіне ие адамдардың өз еркімен өз елдеріне қайтуы да күтілетін жағдай ретінде қарастырылады.
2024 жылы 27 қарашада «Хейет Тахрир аш-Шам» (ХТШ), Сирия ұлттық армиясы және одақтас оппозициялық топтардың бірлескен шабуылдары нәтижесінде Халеп пен Хама сияқты стратегиялық маңызды қалалар санаулы күндер ішінде бақылауға алынды. Осы кезеңнен кейін ХТШ бастаған күштер ел астанасы Дамаскіге қарай ілгеріледі. 2024 жылы 8 желтоқсанда Дамаск басып алынғаннан кейін Башар Асад режимі түбегейлі құлап, ал Башар Асад Ресейге қашуға мәжбүр болды. Сирияның билігі оппозициялық күштердің қолына өтіп, елде өтпелі кезең басталды [Альптекин, 2024]. Осылайша, Баас режимінің құлауы Түркиядағы сириялықтар тарапынан оң бағаланып, олардың отандарына қайтуға деген ниеттерін күшейтіп отыр.
Бұл мәселеге қатысты бұрын жүргізілген сауалнамаларды қарастыратын болсақ, Коч университетінің Көші-қон зерттеу орталығы ұйымдастырған бір зерттеуде 18-30 жас аралығындағы респонденттерге «Келесі бес жыл ішінде Сириядағы жағдай жақсарса, өзіңіз қайда боласыз?» деген сұрақ қойылды. Бұл сауалға қатысушылардың 44%-ы «Сирияға қайтамын», 30%-ы «Түркияда қаламын», ал 13%-ы «үшінші бір елге көшемін» деп жауап берді [Ішдүйгу және Аяшлы, 2019]. БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының (БҰҰ БЖК) жариялаған мәліметтеріне сәйкес, 2016-2024 жылдар аралығында Сирияға ерікті түрде және өз мүмкіндіктерімен қайтқандардың саны 426,254 адамды құраған [БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары, 2024].
Түркиядағы сириялықтардың орналасу жағдайын ескерсек, олардың басым көпшілігі Сирияның рижиге қарсы солтүстік аймақтарынан келгенін және қазір Түркияның Сириямен шекаралас аймақтарындағы қалаларда тұратынын байқаймыз. Қазіргі таңда Сирияға қайтқандардың басым бөлігі де бұрын сол шекаралас аймақтарда өмір сүрген сириялықтар екені белгілі. Қайта оралу үдерісі мен бағыттарын қарастырсақ, бұл қозғалыстың алдағы уақытта қарқын ала түсуі мүмкін екенін байқаймыз. Түркия, Сириядағы азаматтық соғыстың басталуынан бері ашық есік саясатын ұстана отырып, елге келген сириялықтардың қайта қайту үдерісінде де еріктілік қағидатын алға қоятынын үнемі атап көрсетуде. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сириялық босқындардың өз еріктерімен елдеріне қайтуының маңыздылығына тоқталып, бұл үдерістің тұрғын үй және жұмысқа орналасу сияқты негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етіле отырып жүзеге асырылуы керек екенін мәлімдеді. Түркияның сириялықтарды 13 жыл бойы “ансар” рухымен қабылдап, қонақжайлық танытқанын атап өтті. Сонымен қатар, қайтару үдерісінің қауіпсіз және ыңғайлы жағдайда жүзеге асуы үшін халықаралық қауымдастықтың қолдау көрсетуінің маңыздылығын ерекше тоқталған [Алташ, 2024].
Жағдайды саралай отырып, Түркиядан Сирияға жақын уақыт ішінде қайтқан сириялықтар толқынының жалғасатынын болжай аламыз. Алдыңғы зерттеулерде анықталған нәтижелерді және Баас режимінің құлауынан кейінгі еркіндік жағдайын ескере отырып, Түркиядағы 3 миллионнан астам сириялықтың елеулі бөлігі өз отанына қайту туралы шешім қабылдауы мүмкін деген пікір алға шығады. Алайда, бұл қайту үдерісінің жаппай сипат алуы үшін Сирияның, әсіресе қақтығыс аймақтарының инфрақұрылым мен баспанаға деген қажеттілігінен бастап, экономикалық жағдайының жақсартылуы қажет. Толық қайта құру, жаңғырту және жоғалған экономикалық әрі сауда әлеуетін қалпына келтіру үшін Сирияға 250 де 400 миллиард доллар аралығындағы қаржы қажет [Барнес, 2019; Мроу, 2023].
Қайта оралу шешіміне әсер ететін факторлар арасында отанға деген сағыныш, артта қалған жақындар мен таныстарымен байланысқа шығуға деген ұмтылыс, орналастыру орындарының өмір сүруге қолайлығын тексеру және ағымдағы экономикалық мүмкіндіктер де бар. Осы мәселеге байланысты, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының (БҰҰ БЖК) 2024 жылдың 13 желтоқсанындағы «Сирияның жағдайы: өңірлік жағдай және жаңа оқиғалар» атты есебінде 2024 жылдың 12 желтоқсанына дейін Түркия, Иордания, Ирак және Ливан елдеріндегі сириялық босқындардың жағдайы мен қайта оралу динамикасы туралы бірнеше нақты мәліметтер берілген. Баас режимінің құлауы үлкен қошеметпен қарсы алынып, қайта оралу үдерісін жеделдеткені туралы айтылады. Дегенмен, бұл үдеріс әлі де кең ауқымда емес, шағын топтар деңгейінде жүзеге асып отыр. Бұл елдер арасында қазіргі уақытта ең белсенді қайту үдерісі Ливанда жүріп жатқанын және 2024 жылдың 8 желтоқсанынан бастап бірнеше күн ішінде 10,000-ға жуық сириялықтың қайтқаны туралы Ливан билік хабарлады. Ал Иордания мен Ирактан қайтқан сириялықтар санының айтарлықтай артпағаны аталды. Жалпы, бұл үдерісте көбірек ер адамдардың қайтып оралып, елдеріндегі мүліктерінің жағдайын тексеріп, өмір сүру жағдайын зерттеу үшін алдымен барғаны және кейін олар отбасыларымен бірге қайта оралуда екені байқалуда [БҰҰ БЖК, 2024]. Осыған Еуропаға негізінен заңсыз жолдармен өтіп, баспана сұраған 1,1 миллион сириялықтың қосылуымен, қайта оралу үдерісі өз финалдық кезеңіне жетеді.
Бұл қайта оралу толқынының массалық миграциялық ағынға айналуына белгілі бір белгісіздіктер мен кедергілер бөгет болуда. Мысалы, алдағы қыстың келуі, тұрғын үйлердің қираған болуы, инфрақұрылымның тапшылығы, жұмыс табу сияқты экономикалық алаңдаушылықтар, жаңа үкіметтің құрылуы мен қарсыластарының елді басқару тәсілін бекітіп, күтіп байқауды қаламасы осы кедергілердің негізгі себептерінің бірі [БҰҰ БЖК, 2024]. Сондықтан, көші-қон үрдістерінің нақты қаншалықты үлкен ауқымда жүзеге асатынын біз келесі жылы ғана көре аламыз.
БҰҰ БЖК мен басқа да гуманитарлық ұйымдар қайта оралу үдерістерінің қауіпсіз, ерікті және абыройлы түрде жүзеге асуы керек екенін атап өтуде. Алайда, Сирияның қазіргі жағдайының оралғандарға жеткілікті баспана, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін қамтамасыз етуге қабілетсіз екенін білдіруде. Ерекше атап өтерлік жайт, үйлерін қайта салғысы келген көптеген сириялықтардың қажетті қаржылық ресурстардан тапшылығы бар. Сондықтан халықаралық қауымдастықтардың Сирия азаматтарының қайта оралу үдерісіне қолдау көрсетуі маңызды әрі тағдыр шешті мәнге ие (БҰҰ БЖК, 2024). Сирияны қайта қалпына келтіру мен босқындарды қоғамға интеграциялау үшін маңызды қаржылық көмек бағдарламалары қажет. Сонымен қатар, Сирияда қайта құрылымдау үрдісі сәтті жүзеге асуы үшін халықаралық ұйымдардың үйлестіруімен инфрақұрылымға инвестициялар салынуы, денсаулық сақтау және білім беру қызметтері қолдау табуы қажет. Бұл үдерістің табысты болуы үшін, әсіресе Еуропа Одағы (ЕО) және аймақтағы қуатты экономикалары бар елдер сияқты халықаралық акторлардың бұл үдеріске үлес қосуы қажет. Осылайша, Сирияны қайта қалпына келтіру және қауіпсіз, әл-ауқатты орта құру қайта оралу жылдамдығын арттыруға маңызды оң әсерін тигізетін болады.
Барлық осы даму аясында Сириялық босқындарды қабылдайтын елдерде жаңа күн тәртібінде қайта оралу үдерісін бағалау мәселесі қазірдің өзінде қарастырылып жатыр. Мысалы, Австрия, Бельгия, Германия, Грекия, Финляндия, Ирландия, Швеция және Норвегия баспана беру өтініштерін тоқтатты. Франция болса жаңа үкіметтің билікке келгеннен кейін шешім қабылдауы мүмкін екенін хабарлады [Роутерс, 2024]. 2024 жылдың 12 желтоқсанында өткен Еуропа Одағының Әділет және Ішкі істер министрлері кеңесінің дөңгелек үстел отырысынан кейін, Еуропа комиссиясының өкілдері бірнеше елдердің баспана өтініштерін тоқтату, бұл Сириялық босқындардың қайтарылуын білдірмейтінін және үдерістің мұқият бақыланып, қауіпсіздік жағдайы әлі қалыптаспағанын, сонымен бірге қайта оралу үдерісінің ерікті негізде жүзеге асатынын мәлімдеді.
Бұл жағдай бізге Сириядағы жаңа кезеңде көптеген елдердің үдерісті бақылап, өз ұстанымдарын қалыптастыратынын көрсетеді. Келесі кезеңде басты күн тәртібінде Сириялық босқындардың өз елдеріне қайта оралуын қалай басқару мәселесі болатыны күтілуде.
2016 жылдан бері Сириялық босқындардың мәжбүрлі көші-қон қозғалысын бақылап келе жатқан адам ретінде, 9 жылдан кейін осы үдеріс оңды бір кезеңге өтетінін айту осы мақалаға қосымша мән береді. Адамдар өздерінің туған жеріне, үйіне және тарихи отанына қайта оралу үміті, тек жеке өмір үшін ғана емес, сонымен қатар бір ұлттың қайта құрылуы үшін де маңызды ұмтылыс. Өз өркениеті мен қоғамына қайта оралу мүмкіндігінің тууы соғыстың терең іздерін жоюға және келесі ұрпақтар үшін үмітке толы болашақ құруға үлкен қадам.
Дереккөз:
Альптекин, Хусейн (2024). Сириядағы режимге қарсы оппозиция қалай жеңді? Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/analiz/suriyede-rejim-karsiti-muhalifler-nasil-kazandi/3423673 Қаралған күні: 16.12.2024.
Алташ, Мумин, Беяз, Фатих, Зафер, Касым және Невин, Йылдыз (2024). Президент Эрдоган: Сирияда тыныштық пен қауіпсіздікке апаратын жолдардың қақпалары ашылды. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/gundem/cumhurbaskani-erdogan-suriyede-huzura-ve-guvenlige-giden-yolun-kapilari-acilmistir/3421322. Қаралған күні: 17.12.2024.
Барнес, Дасей, Жулиен (2019). Қайта құрудың геосаясаты: Сирияны кім қайта қалпына келтіреді? Сілтеме: https://ecfr.eu/article/commentary_the_geopolitics_of_reconstruction_who_will_rebuild_syria/. Қаралған күні: 16.12.2024.
БҰҰ Босқындар Жоғары комиссары (2024). Сириядағы жағдай және аймақтық босқындарға көмек. Сілтеме: https://data2.unhcr.org/en/situations/syria. Қаралған күні: 15.12.2024.
БҰҰ Босқындар Жоғары комиссары (2024). Аймақтық шұғыл даму, Сириядағы жағдай. Сілтеме: https://reporting.unhcr.org/syria-situation-crisis-regional-flash-update-3. Қаралған күні: 17.12.2024.
Босқындар Қауымдастығы (2024). Түркиядағы сириялық мигранттар саны, тамыз 2024. Сілтеме: https://multeciler.org.tr/turkiyedeki-suriyeli-sayisi/. Қаралған күні: 16.12.2024.
Еурокомиссия (2024). Еуропалық азаматтық қорғау және гуманитарлық көмек операциялары. Сілтеме: https://civil-protection-humanitarian-aid.ec.europa.eu/what/humanitarian-aid/forceddisplacement_en#:~:text=20%2F06%2F2024-,Facts%20%26%20figures,68.3%20million%20internally%20displaced%20persons. Қаралған күні: 18.12.2024.
Ермұмжу, Сенем (2013). Босқындар мен мүдделі тұлғалардың әлеуметтік қамсыздандыру құқықтары. Сілтеме: https://arastirmax.com/tr/system/files/dergiler/34148/makaleler/4/2/arastirmax-siginmacilarin-multecilerin-sosyal-guvenlik-hakki.pdf. Қаралған күні: 15.12.2024.
Ішдуйгу, Ахмет және Аяшлы, Енес (2019). MiReKoc зерттеу жазбалары: Қайта оралу саясаты: Сириялық босқындардың оралу мүмкіндігі және болашақ сценарийлері. Сілтеме: https://mirekoc.ku.edu.tr/wp-content/uploads/2019/05/Mirekoc_Rapor_GeriDonusSiyaseti.pdf. Қаралған күні: 16.12.2024.
Mevzuat.gov.tr (2013). Шетелдіктер және халықаралық қорғау туралы заң. Сілтеме: https://www.mevzuat.gov.tr/MevzuatMetin/1.5.6458.pdf. Қаралған күні: 16.12.2024.
Мроу, Бассем және Шехаеб, Кареем (2023). Талдау: Сирияның қайта құрылу үміттері, соғыстың 13 жылдығында әлсіреуде. Сілтеме: https://apnews.com/article/syria-earthquake-assad-rapprochement-conflict-uprising-reconstruction-9de84b45246c8491be020de6b267ae54. Қаралған күні: 17.12.2024.
Reuters (2024). Еуропа елдер Асадтың құлауы кейін сириялық босқындардың баспана өтініштерін тоқтатты. Сілтеме: https://www.reuters.com/world/european-countries-halt-syrian-asylum-applications-after-assads-fall-2024-12-10/. Қаралған күні: 17.12.2024.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

