2020 жылғы 19 ақпанда Германияның Ханау қаласындағы 9 иммигрантты қамтыған жалпы 10 адамның өмірін қиып, біраз адамдарды жаралаған террорлық шабуыл Германия демократиясы үшін масқара жағдай болады. Шабуылдан кейін қатысты тергеу жүргізген Германия Федералды прокуратурасы (GBA) лаңкестің әсіре оңшыл және нәсілшіл көзқараста екендігі дәлелденгенін жариялады (GBA, 2020). Әсіресе иммигранттарға бағытталған бұл лаңкестік шабуыл нәсілшілдіктің жиіркенішті кейіп-кеспірін тағы бір рет әшкереледі. Ханаудағы нәсілшіл лаңкестік шабуыл Германияда соңғы жылдары барған сайын өршіген әсіре оңшылдықтың шұғыл алдын алуды қажет ететін мәселелердің біріне айналғанын тіпті де ашып көрсетті.
Әсілінде, Германия заңдарында әсіре оңшыл және нәсілшіл әрекеттеріне «әсіре оңшыл терроризм» (Rechtsextremistischer Terrorismus) немесе «жаңанацизм» (Neonazi) анықтамасы беріліп, заңмен тыйым салынған. Германияда 1979 жылы алғаш рет бір әсіре оңшыл террористік ұйым сотталып, әсіре оңшыл терроризмге қарсы заңдық ережелердің қатаңдасқанына қарамастан, әсіре оңшыл және нәсілшіл қозғалыстар тарапынан түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылық пен шабуылдар жалғасып келеді. Германияның Amadeu Antonio қорының (AAS) зерттеуіне сәйкес, 1990 жылдан бері Германияда әсіре оңшыл террорлық шабуылдардың салдарынан қайтыс болғандардың саны ресми түрде жарияланған 94 адамнан да көп болып, кем дегенде 208-ге жеткен (AAS, 2020). Ал, 2016 жылғы маусымда Мюнхенде 9 адамның өмірін жалмаған әсіре оңшыл террористік шабуылдан кейінгі ең үлкен лаңкестік оқиға болған Ханаудағы террористік шабуыл Германиядағы әсіре оңшыл терроризмнің басты қауіпке айналғанын дәлелдей түсті.
Сонымен қатар, соңғы жылдары Германияда әсіре оңшылдыққа бейімдердің санының тез өсуі да болашақта әсіре оңшылдар тарапынан туындайтын лаңкестік әрекеттердің ықтималдығын да арттыруы мүмкін. Мысалы, Германияның ішкі қауыпсыздік қызметі саналатын Конституциясын қорғау федералды мекемесінің (BfV) мәліметтері бойынша, 2018 жылы елде әсіре оңшылдыққа бейімдердің саны 25,3350 болса, 2019 жылы шамамен 32,000 адамға жеткен. Олардың ішінде шамамен 13 мыңы зорлық-зомбылыққа бейім екендігі де айтылуда (BfV, 2019; BfV, 2020). Сондықтан, әсіре оңшылдықтың артуына байластын Германия алдағы уақытта әсіре оңшыл терроризм қаупіне бетпе-бет келетін болады. Алайда, Германиядағы әсіре оңшыл терроризмнің астарында тарихи, діни-идеологиялық, саяси және аймақтық себептердің жатқанын да ұмытпаған жөн.
Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, соңғы 50 жылда Германияда әсіре оңшыл және нәсілшіл қозғалыстардың жалғасып келе жатқанын, тіпті жасырын жер асты ұйымдарын құрғанын айтуға болады. 1970-1980 жылдары Германияда әсіре оңшыл және нәсілшіл қозғалыстар жаңанацизм ретінде қайта пайда болып, әсіресе, 2000 жылдардан кейін зорлық-зомбылық пен лаңкестік әрекеттерді ұйымдасыратын әсіре оңшыл және нәсілшіл ұйымдардың саны да артқаны байқалады. Мысалы, 2000-2020 жылдар аралығында Германияда Blood & Honour (B&H), White Youth, Landser, Collegium Humanum (CH), Bauernhilfe, Freikorps Havelland, Kameradschaft Süd, Heimattreue Deutsche Jugend (HDJ), Nationalsozialistischer Untergrund, Old School Society, Altermedia Deutschland, Weisse Wölfe Terrorcrew, Gruppe Freital ve Combat 18 Deutschland сияқты көптеген әсіре оңшыл және нәсілшіл ұйымдар анықталып, тыйым салынды (GBA, 2016; GBA, 2020; Kailitz, 2012). Алайда, елде әлі де кейбір әсіре оңшыл және нәсілшіл жасырын ұйымдардың бар екенін атап өткен жөн. Германияда бұрыннан жалғасып келе жатқан әсіре оңшыл және нәсілшіл қозғалыстар елдегі әсіре оңшыл терроризмге қозғаушы күш болып отырған фактор екенін болжауға болады.
Германиядағы әсіре оңшыл және нәсілшіл әрекеттердің негізінен этникалық тек, нәсіл, тері түсі, тіл, мәдениет, дін және сенім бойынша кемсітулерге байланысты екенін ескерсек, әсіре оңшыл терроризмнің діни-идеологиялық астары да бар екені түсінікті.
Соңғы жылдары Германиядағы және тіпті бүкіл Еуропадағы иммиграцияға қарсылық пен исламофобияның артуы салдырынан да елдегі әсіре оңшыл террористік арекеттердің көбейгенін айтуға болады. Мысалы, Германияда 2014 жылы желтоқсанда құрылып, тез ұлғайып келе жатқан Батыстың исламдануына қарсы патриоттық еуропалықтар (Pegida) ұйымы иммиграция мен Исламға қарсы қозғалыс екені айқын. Қазірдің өзінде Pegida ұйымы Германияның көптеген қалаларында филиалдарын құрып үлгерді. Атап айтқанда, Дрезденде құрылған Pegida-ның бүгінде Legida (Лейпциг), Bärgida (Берлин), Magida (Магдебург), Saargida (Саарланд), Olgida (Ольденбург), HH-Gida (Гамбург), Bregida (Бремен), Mügida (Мюнхен), Kagida (Кассель), Hagida (Ганновер), Bogida (Бонн), Nügida (Нюрнберг), Dügida (Дюссельдорф), Kögida (Кельн), Pegida NRW және Pegida Würztburg (Вюрцбург) сияқты филиалдары бар (Geiges, Marg, Walter, 2015). Сонымен қатар, соңғы жылдары Таяу Шығыс елдеріндегі оқиғалардың салдарынан жүздеген мың босқынның Германияны паналауы да, елдегі иммиграцияға және Исламға қарсы көзқарастардың артуының себептерінің бірі болуы мүмкін.
Саяси тұрғыдан алғанда, Германияда әсіре оңшыл саяси партиялардың да жұмыс істеуі әсіре оңшыл террористік әрекеттердің көбеюіне әкелуі мүмкін. Бүгінде Германияда Германия ұлттық демократиялық партиясы (NPD), Үшінші жол партиясы (III. Weg), Оң (Die Rechte), Республикашылдар (REP), Неміс Консервативі (Deutsche Konservative) және Германия үшін Альтернатив (AfD) сияқты оңшыл және әсіре оңшыл саяси партиялар бар. Олардың ішінде, 1964 жылдың қарашасында құрылған NPD-нің мүшелері аз болғанына қарамастан, ең көне оңшыл партия ретінде бірнеше еншілес ұйымдарға ие. NPD-нің 1967 жылы құрылған жастар қанаты Жас ұлтшылдар (Junge Nationalisten – JN) және 2006 жылдың қыркүйегінде құрылған әйелдер қанаты Ұлттық әйелдер бірлестігі (Ring Nationaler Frauen – RNF) сияқты еншілес құрылымдарынан сырт, Неміс дауысы (Deutsche Stimme) және Саксония дауысы (Sachsen-Stimme) сынды ақпарат құралдары да бар (NPD, 2019).
Германиядағы әсіре оңшыл партиялардан сөз қозғағанда, әсіресе, 2010 жылдан кейін құрылған әсіре оңшыл саяси партиялардың саны мен ықпалы артып келе жатқаны таңқаларлық жайт. 2012 жылы мамырда құрылған Оң партия жаңа құрылғанына және мүшелер санының аз болғанына қарамастан, 2014 жылы мамырда өткен Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы жергілікті сайлауында Дортмунд мәжілісінде 1 депутаттық орынға және Хамм 1 депутаттық орынға қол жеткізді (Nrw.de, 2014). Ал, 2013 жылдың қыркүйегінде құрылған III. Weg партиясы, 2019 жылы мамырда өткен Саксония жергілікті сайлауында Плауен мәжілісінде 1 депутаттық орынды жеңіп алды (Plauen.de, 2019). Осыған ұқсас, әсіресе, 2013 жылдың ақпан айында құрылған AfD партиясының жылдам күшеюі елдегі асқына бастаған әсіре оңшылдың бір көрінісі деуге болады. Әсіре оңшыл деп сипатталатын AfD партиясы 2017 жылғы Федералды мәжіліс сайлауында 12,6%-дық дауыспен үшінші ірі партия ретінде алғаш рет Федералды мәжілісте орын алды (Bundeswahlleiter, 2017). Осылайша, 1945 жылдан бері алғаш рет әсіре оңшыл партия ретінде Бундестагқа кірген AfD кейінгі әр жергілікті сайлауда көбірек дауыс жинаумен қатар, тіпті 2019 жылдың мамыр айында Еуропалық парламент сайлауында 11 депутаттық орынды жеңіп алып, алғаш рет Еуропалық парламентке де кіріп үлгерді. BfV жариялаған Германиядағы 32 мыңға жуық әсіре оңшылдыққа бейімдердің көпшілігі жоғарыда аталған оңшыл саяси партиялардың мүшелері екенін ескерсек, үлкен саясаттың сахынасы саналатын Федералды мәжіліс пен Еуропалық парламентте де өз орнын тапқан аталмыш әсіре оңшыл беталыс, Германиядағы әсіре оңшыл террористік әрекеттердің көбеюіне түрткі болуы ықтимал.
Аймақтық тұрғыдан қарастырғанда, соңғы жылдары Еуропалық Одақ (ЕО) елдерінде де әсіре ұлтшыл, иммиграция мен Исламға қарсы көзқарастың пайда болуы мен артуы Германиядағы әсіре оңшылдықтың тез ұлғаюына орай тудырғанын айта аламыз. Мысалы, Австрияда Хайнц-Кристиан Штрахенің оңшыл Австриялық еркіндік партиясының (FPÖ) күшеюі, Нидерландыда Герт Вилдерстің әсіре оңшыл Еркіндік партиясының (PVV) парламенттегі орынын нығайтуы, Швецияда Димми Акессонның басшылығындағы иммиграцияға және Исламға қарсы Швеция демократтар партиясының (SD) елдігі үшінші үлкен партияға айналуы және Францияда Марин Ле Пеннің әсіре оңшыл Француз ұлттық майдан партиясының (FN) ықпалыныі артуын, Германиядағы әсіре оңшылдық пен әсіре оңшыл терроризмнің өршуіне себеп болған аймақтық факторлар ретінде көрсетуге болады.
Қорыта айтқанда, АҚШ, Қытай және Жапониядан кейінгі әлемдегі төртінші ірі экономикаға және ЕО-дағы ең ірі экономикаға ие болып табылатын Германияда әсіре оңшыл терроризмнің өршуін елдің саяси және әлеуметтік тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін үлкен қауіп ретінде қарастыруға болады. Сондықтан Германия үкіметі әсіре оңшыл терроризмнің астарында жатқан тарихи, діни-идеологиялық, саяси, аймақтық және тағы басқа себептерді зерделей отырып, керекті қауіпсіздік шаралары мен заңдық ережеле шеңберінде тиісті күрес жүргізуі керек. Бұл тұрғыда, төртінші рет билікте тұрған Ангела Меркельдің өкілеттік мерзімі аяқталуға жақын екенін ескере отырып, Германияның келесі үкіметі дүп келеуі мүмкін күрмеуі қиын мәселелердің басында және де әсіре оңшыл терроризм мәселесі тұрғанын айта аламыз.
Дереккөз:
AAS (2020). Оңшыл терроризмнің құрбандары. Сілтеме: https://www.amadeu-antonio-stiftung.de/todesopfer -rechter-gewalt/. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
BfV (2018). Әсіре оңшылдыққа бейімдер туралы. Сілтеме: https://www.verfassungsschutz.de/ de/arbeitsfelder/af-rechtsextremismus/zahlen-und-fakten-rechtsextremismus/rechtsextremistisches-personenpotenzial-2018. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
BfV (2020). BfV-нің 2020 жылғы 12 наурыздағы оңшыл экстремизммен күрестің жағдайы туралы баспасөз конференциясы. Сілтеме: https://www.verfassungsschutz.de/de/ oeffentlichkeitsarbeit/vortraege /eingangsstatement-p-20200312-pressekonferenz-zum-stand-der-bekaempfung-des-rechtsextremismus. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Bundeswahlleiter (2017). 2017 жылғы Германия Федералды мәжіліс сайлауының қорытындысы. Сілтеме: https://www.bundeswahlleiter.de/bundestagswahlen/2017/ergebnisse /bund-99.html Қаралған уақыты: 20.03.2020.
GBA (2016). Шектелген әсіре оңшыл ұйымдар. Сілтеме: https://www.verfassungsschutz.de/ de/arbeitsfelder/af-rechtsextremismus/verbotene-organisationen-rechtsextremismus. Қаралған уақыты: 18.03.2020.
GBA, 2020. 2020 жылғы 19 ақпанда Ханауға туындағын шабуылды тергеу жағдайы туралы. Сілтеме: https://www.generalbundesanwalt.de/SharedDocs/Pressemitteilungen/DE/aktuelle/ Pressemitteilung2-vom-20-02-2020.html. Қаралған уақыты: 16.03.2020
GBA (2020). Әсіре оңшыл терроризм. Сілтеме: https://www.generalbundesanwalt.de/DE/ Unsere_Aufgaben/Terrorismus/Rechtsextremistischer-Terrorismus/rechtsextremistischer-Terrorismus_node.html Қаралған уақыты: 19.03.2020.
Geiges, Lars; Marg, Stine; Walter, Franz (2015). Пегида: азаматтық қоғамның лас жағы ма? Bielefeld: transcript Verlag, s. 28
Kailitz, Susanne (2012). Германиядағы әсіре оңшыл жасырын террористік топтарының ұзақ тарихы бар. Сілтеме: https://www.dasparlament.de/2012/2931/Themenausgabe/39830572-319404. Қаралған уақыты: 19.03.2020.
NPD (2019). NPD тарихы. Сілтеме: https://npd.de/geschichte-der-npd/. Қаралған уақыты: 20.03.2020.
Nrw.de (2014). Жергілікті сайлау 2014. Сілтеме: https://www.wahlergebnisse.nrw/ kommunalwahlen/2014/index.html. Қаралған уақыты: 20.03.2020.
Plauen.de (2019).. Сілтеме: Плауенlt 2019 жылы 26 мамырда өткен жергілікті мәжіліс сайлауының нәтижелері. Сілтеме https://www.plauen.de/media/dokumente/rathaus/wahlen/ stadtratswahl2019bekergebnis.pdf. Қаралған уақыты: 19.03.2020.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.