2020 жылдың 2 қыркүйегінде Германия федералды үкіметі Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты «Германия – Еуропа – Азия: ХХІ ғасырды бірге қалыптастыру» атты стратегиялық тұжырымдамасын қабылдады. Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына бағытталған сыртқы саясатының негізгі мүдделері, қағидалары мен мақсаттарының стратегиялық басым бағыттарын айқындаған жаңа доктринада Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағымен, әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздік, көпжақтылық, теңіз жолдарының еркіндігі, ашық нарық пен еркін сауда, цифрландыру және өзара байланыс, климаттың өзгеруі және адам құқықтары салаларындағы ынтымақтастықты әртараптандыруға және тереңдетуге басымдық беретіні жарияланды (Auswärtiges Amt, 2020).
Сонымен, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 эпидемиясының көлеңкесінде жаһандық және аймақтық үрдістер өте тез өзгеріп жатқан кезеңде, Германия неге бұрын-сыңды қолданбаған Үнді-Тынық мұхиты тұжырымдамасымен жаңа стратегия жариялады? Берлин эпидемиядан кейін өзгере бастаған әлемдік геосаясатта жаңа рөл ойнауды мақсат етіп отыр ма? Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына ойысуы алдағы кезеңде Германия-Қытай қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін? Осы мақалада осындай ішінара сұрақтарға жауап беруге тырысамыз.
Стратегиялық құжатта Үнді-Тынық мұхиты елдерінің көпшілігінде салыстырмалы түрде жоғары тұрақтылық байқалса да, аймақтағы жалпы құрылым мен күш тепе-теңдігі маңызды жаһандық және аймақтық оқиғаларға байланысты өзгеріс жағдайында екендігі баса айтылып, Германияның аймаққа бағыттыалған саясатының 7 маңызды тармағы төмендегідей көрсетілген: көпжақтылықты нығайту; климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау; бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту; адам құқықтары мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету; ережелерге негізделген, әділ және тұрақты еркін сауданы дамыту; нарық пен өндірісті цифрландыруды жеделдету; мәдени, білім беру және ғылыми байланыстарды күшейту. Сөйтіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағында экономикадан қауіпсіздікке, еркін саудадан көпжақты саясатқа дейінгі көптеген салаларда неғұрлым белсенді рөл ойнауды көздейтін құжатта Германияның Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары одағы (АСЕАН) елдері бастаған аймақ елдерімен тіпті де тығыз ынтымақтастықта болатыны көрсетілген.
Ең алдымен, Берлиннің осындай сыртқы саясат стратегиясын қабылдауы, әсіресе, Германияның және жалпы Еуропалық Одақтың (ЕО) соңғы жылдардағы геосаяси және геостратегиялық беталысына байланысты деуге болады. Ұзақ жылдар бойы аймақтық саяси, экономикалық және құрылымдық ықпалдастықты орынқтыруға күш салумен қатар, өзінің ішкі мәселелерімен басы қатқан ЕО жаһандық аренадағы геострегиядан гөрі геоэкономикалық мақсаттарға көбірек назар аударып келген болатын. Бірақ, бір жағынан, соңғы жылдардағы босқындар дағдарысы, экономикалық бәсеңдеу және Brexit сияқты мәселелер, екінші жағынан, Украина дағдарысы, ЕО-Ресей шиеленісі, Иран ядролық келісім дағдарысы, Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен технологиялық бәсекелестік сияқты аймақтық және жаһандық өзгерістер Германия бастаған ЕО-ны сыртқы саясаттағы көзқарастарын қайта қарауға мәжбүр етті. Сонымен қатар, АҚШ пен ЕО арасындағы дәстүрлі одақдастықтың әлсірей бастауы да Германия бастаған ЕО елдерінің өз алдына АҚШ пен НАТО-ға тәуелсіз қауіпсіздік ойыншысына айналуы керектігіне қатысты пікірталастарды үдете түсті. Атап айтқанда, ЕО жетекші елі саналатын Германияның Brexit-тен кейінгі экономикалық және дипломатиялық жауапкершілігінің барған сайын артуы Берлиннің геосаяси тұрғыдан қайта оянуына әсер етті. Мысалы, 2018 жылдың тамызында өткен XVI Елшілер конференциясында ашылу сөзін сөйлеген Германия Сыртқы істер министрі Хайко Маас Германияның сыртқы саясатының жаңа бағыттарын жариялай отырып, көпжақты әлемдік тәртіпті қорғауда маңызды рөл ойнауды мақсат етіп отырғандарын жеткізген болатын (Auswärtiges Amt, 2018). Ал, 2018 жылы бірқатар неміс және батыс ғалымдары Германияның ЕО-мен бірге халықаралық аренадағы маңызды геосаяси және геоэкономикалық ойыншы ретінде жаһандық инновациялық көшбасшы екендігі туралы қызықты пікір айтқан еді (Techau, 2018; Gates, 2018). Осылармен қатар, 2020 жылдың қаңтарынан бастап жақандық эпидемияға айналған COVID-19 вирусының барған сайын тереңдеген жағымсыз геоэкономикалық әсерінің ұзақ мерзімде әлемдік геосаясатқа да тұрақты әсер ету қаупін ойлаған Германия мен ЕО елдері өздерінің геоэкономикалық және геосаяси стратегиясын қайта қарау қажеттілігін сезінді.
Мұндай өзгерістерге орай, Германияның қалай болғанда да әлем халқының үштен екі бөлігі мен жаһандық ЖІӨ-нің 40%-ын құрайтын Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты нақты стратегия белгілеуі, Берлиннің сыртқы саясаттағы жаңа беталысының маңызды көрсеткіші болып отыр. Стратегиялық құжатта онсыз да Азияның саяси және экономикалық күшеюімен қатар әлемдік геосаясаттың орталығы Үнді-Тынық мұхиты аймағына ауыса бастағанына байланысты аталмыш аймақтың ХХІ ғасырда халықаралық тәртіпті қалыптастырудың кілті болатыны атап көрсетіліп, Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына ерекше мән беретіні айтылады (Auswärtiges Amt, 2020).
Шынын қуғанда, Үнді мұхиты мен Тынық мұхитын бір-біріне жалғайтын өте кең географиялық аймақты біртұтас геосаяси және геостратегиялық аймақ ретінде қарастыратын «Үнді-Тынық мұхиты» тұжырымдамасын алғаш рет 1924 жылы әйгілі неміс геосаясатшысы, генерал Карл Хаусхофер қолданған болатын (Haushofer, 1924). Соңғы жылдары АҚШ, Австралия, Жапония және Үндістан арасындағы «төрттік одақтың» «Егемен және еркін Үнді-Тынық мұхиты» бастамасына орай, Үнді-Тынық мұхиты тұжырымдамасы аталмыш елдердің ресми стратегиялық құжаттарында «Азия-Тынық мұхиты» атауының орнына қолданыла бастды (Heiduk, Wacker, 2020). Жоғарыда аталған елдердың Үнді-Тынық мұхиты тұжырымдамасының астарында Үндістанның маңызын көрнектілендіре отырып, Қытайдың аймақтағы барған сайын артқан саяси және экономикалық ықпалын тежеу мақсаты жатқаны да анық. Осы тұрғыдан алғанда, Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты стратегиясы алдағы кезеңдегі Германия-Қытай қарым-қатынасына және ЕО-Қытай қарым-қатынастарына әсер ететінін болжауға болады.
Германияның аталған стратегиясындағы «Үнді-Тынық мұхиты аймағында күштілердің ережесі емес, ережелердің күші шешуші рол атқару керек» деген тұжырымы алда Берлиннің ережелерге негізделген әлемдік тәртіптің қорғаушы болуға күш салатыныын көрсетеді (Auswärtiges Amt, 2020). Германияға бұрын, 2019 жылдың мамырында Франция Үнді-Тынық мұхиты аймағына арналған «Франция және Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігі» атты стратегиясын жариялаған еді. Францияның аталмыш стратегиясында, әсіресе, АҚШ, Үндістан, Австралия, Жапония, Малайзия, Сингапур, Жаңа Зеландия, Индонезия және Вьетнам сияқты серіктестерімен бірге Үнді-Тынық мұхиты аймағында өз мүдделерін қорғап, аймақтағы тұрақтылыққа үлес қосқысы келетіндігін атап көрсетуі, аймақтық саясат үшін маңызды деп санауға болады. (Gouv.fr, 2019). Үнді-Тынық мұхиты аймағына байланысты Германияның саясатқа басымдық берген стратегиясы мен Францияның қауіпсіздікке бағытталған стратегиясын бірлікте қарастырғанда, екі стратагияны ЕО-ның Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты болашақ стратегиясының негізі ретінде қарауға болады. АҚШ пен Қытайдың арасындағы жаһандық бәсекелестік күшейген және АҚШ-тың бастауымен Үнді-Тынық мұхит аймағында Қытайға қарсы одақ құрыла бастаған уақытта, НАТО-ның маңызды мүшелері әрі ЕО-ның ең мықты екі елі санлатын Германия мен Францияның да АҚШ, Австралия, Жапония мен Үндістаннан кейін Азия-Тынық мұхиты атауының орнына Үнді-Тынық мұхиты атауымен стратегия қабылдауы ең алдымен Қытайға қаратқан қандай да бір жауап болып табылады.
Ұзақ уақыт бойы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа баса назар аударып, Пекинннің біртіндеп болсын демократиялық режим мен еркін нарықтық экономикаға қарай ойысатынанан үміттенген Брюсселдің соңғы жылдары Қытайдан қатты көңілі қалғаны да белгілі. Сонымен қатар, экономикасы күшейе түскен Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалары арқылы ЕО-дағы, әсіресе, Шығыс Еуропа елдеріндегі экономикалық ықпалын тереңдетуге тырысуы, ЕО басшыларын барған сайын алаңдата бастады. Тіпті, еуропалық ғалымдар Қытайдың Еуропаға экономикалық және дипломатиялық ықпалының күшейе түскенін ескере отырып, «алдағы орта және ұзақ мерзімде Еуропа үшін Ресейге қарағанда Қытай әлдеқайда үлкен қауіп» болатынын атап көрсетеді (Techau, 2018). Қытай мейлі ЕО елдерінің ең маңызды сауда-экономикалық серіктесі болғанына қарамастан, Брюссель кейбір мәселелерде, атап айтқанда Гонконг, Тибет және Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесінде Пекинді сынаудан онша тартынған емес.
Қорытып келгенде, саяси және экономикалық тұрғыдан ЕО-ның жетекші күші болып табылатын Германияның Үнді-Тынық мұхиты стратегиясын қабылдауы, Берлиннің геостратегиялық және геосаяси серпілісі деуге болады. Әлемдік сауданың күре тамыры саналатын маңызды теңіз жолдары өтетін Үнді-Тынық мұхиты аймағында ірі сауда елі ретінде белсенді рөл ойнауды мақсат еткен Германияның аймақта көптеген мәселелерге дүп келері де сөзсіз. Өйткені аймақтық және жаһандық геоэкономикалық және геостратегиялық мүдделер тоғысқан Үнді-Тынық мұхит аймағында Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі, Тайвань мәселесі, Қытай-Жапония арасындағы арал дауы және Қытай-Үндістан шекара дауы сияқты ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан үлкен мәселелер де бар. Сонымен қатар, Қытай өзінің «Белдеу және жол» бастамасы аясында Үнді-Тынық мұхиты аймағы мен одан тысқары елдерді де ірі инвестициялық және несиелік жобалар арқылы өзара байланыстыруға тырысуда. Германия мен ЕО-ның басқа елдері де осы жобаға қатысқанын атай кеткен жөн. Осыған қарамастан, Германияның Үнді-Тынық мұхиты аймағына қаратқан стратегиясы Берлин мен Пекин, сондай-ақ, Брюссель мен Пекин арасындағы қарым-қатынастарға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда, жаһандық геосаясатта ерекше маңызға ие Үнді-Тынық мұхиты аймағында маңызды рөл ойнауды мақсат еткен Германияның алдағы уақытта аймақта Франциямен және ЕО құрамындағы басқа серіктестерімен бірлесіп әрекет етіп, Үндістанмен, АСЕАН елдерімен және Жапония сияқты басқа да аймақ елдерімен тіпті де тығыыз стратегиялық серіктестік орнататынын болжауға болады.
Дереккөз:
Auswärtiges Amt (2020). Германия – Еуропа – Азия: ХХІ ғасырды бірге қалыптастыру. Сілтеме: https://www.auswaertiges-amt.de/blob/2380514/f9784f7e3b3fa1bd7c5446d274a4169e/ 200901-indo-pazifik-leitlinien–1–data.pdf. Қаралған уақыты: 26.10.2020.
Auswärtiges Amt (2018). Германия Сыртқы істер министрі Хайко Маастың XVI Елшілер конференциясында сөйлеген сөзі. Сілтеме: https://www.auswaertiges-amt.de/de/newsroom/ maas-wirtschaftstag-botschafterkonferenz/2130302. Қаралған уақыты: 27.10.2020.
Gates, Bill (2018). Германия – жаһандық инновациялық көшбасшы. Сілтеме: https://deutschland-und-die-welt-2030.de/de/beitrag/deutschland-als-weltweiter-innovationsfuehrer/. Қаралған уақыты: 27.10.2020.
Gouv.fr (2019). France and Security in the Indo-Pacific. Сілтеме: https://www.defense.gouv.fr/ layout/set/print/content/download/532754/9176250/version/3/file/France+and+Security+in+the+Indo-Pacific+-+2019.pdf. Қаралған уақыты: 29.10.2020.
Haushofer, Karl (1924). Тынық мұхиты аймағының геосаясаты – География мен тарихтың байланысы туралы зерттеулер. Берлин: «Kurt Vowinckel» баспасы, 452б.
Heiduk, Felix; Wacker, Gudrun (2020). From Asia-Pacific to Indo-Pacific: Significance, Implementation and Challenges. Сілтеме: https://www.swp-berlin.org/10.18449/2020RP09/. Қаралған уақыты: 28.10.2020.
Techau, Jan (2018). Стратегиялық қабілет және әлемдік мәселелер: Германияның 2030 жылға дейінгі сыртқы саясаты. Сілтеме: https://deutschland-und-die-welt-2030.de/de/beitrag/strategiefaehigkeit-und-weltschmerz-die-deutsche-aussenpolitik-bis-2030/. Қаралған уақыты: 27.10.2020
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.