Түрік мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мемлекет басшылары кеңесінің XII саммиті Жібек жолының көне орталықтарының бірі саналатын Әзербайжанның Гәбәлә қаласында «Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбымен өтті. Бұл саммит тек Түркі әлемі үшін ғана емес, сонымен бірге өзгеріп жатқан жаһандық геосаяси тепе-теңдік тұрғысынан да маңызды шешуші кезең болды. Соңғы бес жылдағы саммиттер Түркі мемлекеттері арасындағы құрылымдық тереңдеудің және функционалды өңірлік ықпалдастықтың айтарлықтай жеделдегенін көрсетіп отыр. 2021 жылғы Ыстанбұл саммитінде ұйымның атауы «Түрік мемлекеттері ұйымы» болып өзгертіліп, «Turkic World Vision 2040» құжаты қабылданды. 2022 жылғы Самарқанд саммитінде 2022–2026 жылдарға арналған стратегиялық жол картасы бекітіліп, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы байқаушы мемлекет ретінде қабылданды. 2023 жылғы Астана саммиті «Түрік дәуірі» тақырыбымен өзара әрекеттестік идеясын алға шығарса, 2024 жылғы Бішкек саммитінде ортақ ту, «Түркі дүниесі картасы» және ортақ әліпби мәселелерінде келісімге қол жеткізілді. Бұл үрдіс саясаттан бастап экономикаға, көліктен цифрлық трансформацияға дейінгі көптеген салаларда көпқырлы ықпалдастықтың құрылымдық негізде орныққанын айғақтайды.