Әлемді шарпыған Covid-19 індеті алғаш рет 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытайдың Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласында пайда болып, 2020 жылдың наурыз айында Еуропа, Америка және бүкіл әлемге тарады (Баг, 2020). Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, 2020 жылғы 17 қыркүйектегі жағдай бойынша Covid-19 ауруымен ауырған адамдар саны 30,053,079-ды құрайды. Олардың 945,376-сы қайтыс болып, 21,815,597-ы сауығып кетті. Қазіргі уақытта 7,292,106 адам әлі де емделу үстінде, соның ішінде 61,244 науқастың жағдайы ауыр (worldmeters, 2020). 2020 жылдың наурыз-маусым айларында эпидемия бүкіл әлемге жайылған кезде көптеген елдер бұл жағдайға дайын болмады. Елдер денсаулық сақтау жүйесінде бірсыпыра күрделі мәселелерге тап болды. Атап айтқанда, маска, тазалау және қорғаныс құралдарын жеткізуде қиындықтар туындап, ауыр науқастарға арналған кереуеттер мен тыныс алу аппараттары тым жеткіліксіз болды.
Covid-19-дың тез әрі оңай жұғуына байланысты індеттің таралуын болдырмау мақсатында Бразилия мен Швеция сияқты кейбір елдерден басқа көптеген елдер карантин, коменданттық сағат сияқты көптеген қатаң шектеу шараларын енгізді. Біз білетіндей, бұл жағдай өмір ағымын күрт өзгертті. Барлық қабылданған шаралардың арқасында пандемия қарқынында оң өзгерістер орын алып, індет белгілі бір деңгейде бақылауға алына бастады. Жалпы наурыз-маусым айлары аралығында жүзеге асырылған бұл қатаң шаралар сонымен бірге көптеген елдердің экономикалық құрылымдарында күрделі мәселелердің туындауына себеп болды. Сондықтан, елдер індетке қарсы күресте қаншалықты тиімді болса да карантиндік шараларды жеңілдету немесе алып тастау арқылы жаңа қалыпты өмір жағдайында барлық санитарлық-профилактикалық шараларды сақтай отырып, адамдарға өз жұмысына және әлеуметтік өміріне біртіндеп оралуға мүмкіндік беру арқылы экономиканы қалпына келтіруге әрекет жасауда. Осылайша, үкіметтер белгілі бір қадамдар жасап, жабық ғимараттардағы және ашық алаңдардағы кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету секторы және өндіріс орындарында пандемияға қарсы шаралар қабылдау шартымен экономикалық белсенділікті қайта жандандыруды мақсат етіп отыр.
Қалыпты өмір біртіндеп жанданып, адамдар жұмыстарына орала бастағанмен, қызметкерлердің едәуір бөлігі қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастыруда. Бұл бизнестің жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік береді, ал кейбір секторлар өздерінің бизнес модельдерін жаңа өмір ағымына сәйкес өзгертіп, бейімделуге тырысады. Пандемия салдарынан денсаулық сақтау саласындағы мәселелер ушыққанмен, жыл басынан бергі оқиғалар бізге коронавирустың емі табылып, әлем халқының жартысына жуығы вакцинациядан өткеннен кейін ғана пандемияны нақты түрде тоқтатуға болатындығын немесе оның әсерін төмендетуге болатындығын анық көрсетті. Осы себепті үкіметтер тиісті шаралар қабылдау арқылы өз азаматтарының денсаулығын қорғау және экономикалық қызметті жүзеге асыру арасында жақсы тепе-теңдікті сақтай білуі керек.
Түркия да пандемияға қарсы шұғыл шаралар қабылдау арқылы індеттің алғашқы толқынын бақылауға ала білді. 2020 жылғы 17 қыркүйектегі жағдай бойынша науқастардың жалпы саны 298,039 болса, сауыққан адамдар саны 263,745-ке жетті және 7,315 науқас қайтыс болды (TRT Haber, 2020). Түркия тек өз қажеттіліктерін қанағаттандырумен ғана шектеліп қалмай, әлемнің 137 еліне пандемиямен күресуге қажетті материалдық-техникалық жабдықтар жіберді (Milliyet.com.tr, 2020). Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау саласы мамандарының пандемияны бақылауда ұстап, оның салдарын азайту мақсатындағы еңбегі мақтауға тұрарлықтай.
Әрбір ел белгілеген гигиеналық ережелер аясында нақты қадамдар жасап, жабық ғимараттар мен ашық алаңдағы кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету секторы және өндіріс орындарында сақтық шараларын атқару шартымен бизнестерін қайта бастауды көздейді. Сауда саласындағы деректерге көз жүгіртсек, бұл саланың бірінші тоқсанда 5%, екінші тоқсанда 27%-ға төмендегені байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының болжамдары бойынша, 2020 жылы дүниежүзілік тауар айналымы орта есеппен 13-32%-ға төмендейді. Тіпті ең жақсы сценарий бойынша 13%-ға төмендегеннің өзінде бұл елеулі экономикалық шығындар мен миллиондаған адамның жұмыссыз қалуын және он мыңдаған кәсіпорынның өз жұмысын тоқтатуын білдіреді (Unctad.org, 2020; Сунежа, 2020).
Пандемияның жетекші экономикалар мен ел топтарының экономикалық көрсеткіштеріне әсерін қарастыратын болсақ, G-20 елдерінің экспорты наурыз айында 9,1%-ға қысқарып, сәуірде 18,7%-ға төмендегеннен кейін маусым айында 11%-ға ұлғайды. Ал Еуропа одағының көрсеткіштері наурызда 9,5% және сәуірде 29,5%-ға азайғаннан кейін маусым айында 15,3%-ға артқанын көреміз. Жаһандық сауда үрдістерінде Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Қытай, Германия, Ресей және Жапония сияқты ірі экономикалардың көрсеткіштерін зерттегенде, күрт құлдырау мен ең тез өсу Германияда болғанын байқауға болады. Аталмыш елдегі бұл көрсеткіш наурыз айында 26,7%-ға төмендеп, маусымда 17,1%-ға артқан болатын. Тербелістің ең төменгі деңгейін бастан өткерген ел Жапония болды. Бұл елдегі көрсеткіш наурыз айында 11,6%-ға төмендегеннен кейін маусым айында тек 6,3%-ға өсті. Осы үдеріс барысында Қытайдың сауда-саттық деректері басқа елдерден өзгешелеу болды. Наурыз айында 9,6%-ға төмендеген бұл көрсеткіш сәуірде 3,6%-ға өсіп, маусым айында 1%-ға қайтадан төмендеді (Oecd.org, 2020).
Бұл жағдай басқа елдермен салыстырғанда Түркияның індеттің одан әрі таралуына жол бермей, жаңа қалыпты өмір жағдайында экономикалық белсенділікті табысты түрде жалғастыра білгенін көрсетеді. Осы кезеңдегі Түркияның сауда-саттық көрсеткіштерін 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда наурыз айында 17%-дан басталған төмендеу үрдісі мамыр айында 40%-ға дейін жеткен соң, маусымда айтарлықтай қалпына келіп, 15,7%-ға артқанын көреміз (Ticaret.gov.tr, 2020a).
Ай сайынғы көрсеткіштерді қарастыратын болсақ, 2020 жылдың қаңтарында 14,7 миллиард долларды құраған экспорттың жалпы көлемі сәуір айында ең төменгі деңгейге – 8,9 миллиард долларға жеткен соң мамырда 9,9 миллиард долларды құрады. Маусым айында бұл көрсеткіш 35%-ға өсіп, 13,4 миллиард долларға дейін ұлғайды. Өсу үрдісі шілде айында да жалғасып, экспорттың жалпы көлемі 15 миллиард долларға жеткеннен кейін тамызда 12,4 миллиард долларға дейін төмендеді. Бұл төмендеу үрдісі өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға ғана сәйкес келеді. Пандемиядан кейінгі қалпына келу процесінде экспорт көлемінің едәуір артуы мен импорт деңгейінің төмендеуі 2020 жылғы қаңтарда 76,8%-ды құраған экспорт пен импорттың арақатынасының шілде айында 84,5%-ға дейін өсіп, 2019 жылдың орташа көрсеткіші болып табылатын 85% деңгейіне жетуіне мүмкіндік берді (Ticaret.gov.tr, 2020a).
Пандемия Түркияның жетекші экспорттық және импорттық серіктестеріне әртүрлі деңгейде әсер етті. 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы импорт деректеріне қарайтын болсақ, Түркияға тауар импорттайтын елдер арасында әдетте алғашқы үш орынды Қытай, Германия және Ресей иеленеді, одан кейінгі орындарда АҚШ, Ирак және Швейцария келеді. 2020 жылдың наурыз-маусым айларында пандемия күшейген кездегі көрсеткіштерді өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Ресейден жасалған импорт мөлшері орташа есеппен 35%-ға төмендегенін көруге болады. Қытай үшін бұл көрсеткіштің 4-43% аралығында өсуі назар аударарлық жағдай. Наурыз-маусым кезеңінде импорттың жалпы динамикасында шамамен 25%-ға төмендеу байқалды және бұл коэффициент тамызда айтарлықтай ұлғайып, 20,6%-ға өсті. Екінші жағынан, Ирак 2020 жылы Түркияның негізгі импорттық серіктестерінің біріне айналды. 2019 жылмен салыстырғанда осы елден жасалған импорт көлемі экспоненталық түрде өсіп, 2020 жылдың мамырынан кейін одан әрі қарқындай түсті. Тамыз айында бұл көрсеткіш 1,67 миллиард доллармен үшінші орынға ие болды, бұл тамыз айындағы жалпы импорт көлемінің 11,2%-ын құрайды (Ticaret.gov.tr, 2020b).
Түркияның негізгі экспорттық бағыттары Германия, Ұлыбритания және АҚШ болып табылады, одан кейінгі қатарларда Италия, Ирак пен Испания келеді. Пандемия кезеңінде бұл топта ешқандай өзгеріс болмай, Германия көшбасшы болып қалды және АҚШ-қа экспорт көлемінің ұлғаюы бұл елдің тізімнің алғашқы орындарда тұруына мүмкіндік берді. Наурыз-мамыр айларында енгізілген шектеулерге байланысты Түркияның орташа айлық экспорт көлемі 20%-ға төмендеді. АҚШ пен Германия осы деңгейден төмен болғанымен, Италия мен Испания үшін бұл көрсеткіш 35%-дан жоғары болды. Сонымен қатар, экспорттық серіктестердің алғашқы бестігінің жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 2020 жылғы қаңтарда 29%-ды құрап, сәуірде 33%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіштің тамыз айында 34%-ға дейін өскені байқалады. Яғни Түркия экспорт құрылымындағы жетекші экспорттық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, шектеулерден кейін өндірістік қызметті жедел түрде жұмылдыра білуінің пайдасын көруде. Ал аймақтық сауда-саттық байланыстары аясында Түркияның көршілес елдерге, Еуропа, Африка және басқа да елдерге экспорты 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 15%-ға төмендеді. Тек түркі республикаларымен ғана 7% деңгейінде өсу үрдісі байқалды (Ticaret.gov.tr, 2020b).
Экспортты тауар түрлері бойынша қарастыратын болсақ, 2020 жылдың қаңтар-маусымындағы көрсеткіштерді өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ең көп экспортталатын 20 өнімнің ішінде ауылшаруашылық және фармацевтикалық өнімдерді қоспағанда, орташа 19%-ға төмендеу байқалады. Минералды отындар мен мұнай өнімдері тобында 39,9%-дық ең күрт төмендеу үрдісі байқалса, ең жоғары өсім фармацевтикалық өнімдерде болды. Сонымен қатар, дәнді дақылдар, ұн және крахмал тобының 13,5%-ға, көкөністер, жеміс-жидектер мен жаңғақтардың 17,5%-ға өсуі де назар аударарлық жайт. Түркияның жалпы экспортының жартысына жуығын құрайтын алғашқы бес өнімде: автокөлік құралдары (87), қазандықтар, машиналар мен механикалық құрылғылар (84), темір және болат (72), электр машиналары мен аппараттары (85), асыл тастар мен металдар (71) экспорты 13-30%-ға қысқарып, негізгі азық-түлік пен тазалау құралдары тобындағы өнімдер экспортының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсуін Түркияның жаңа қалыпты өмір сүру ережелері шеңберінде экономикалық қызметті жалғастыра білуінің тағы бір мысалы ретінде қарастыруға болады (Ticaret.gov.tr, 2020b).
Қорыта айтқанда, Covid-19 індеті бүкіл әлемде адамдардың өмірінде елеулі әлеуметтік, психологиялық, экономикалық және т.б. мәселелер туғызып, мемлекеттер деңгейінде экономикадан бастап саясатқа дейінгі көптеген салаларға өз зардабын тигізуде. Белгілі бір деңгейде індетті бақылауға алып, келтірілген шығындардың орнын толтыруға әрекет жасаған елдердің шектеу шараларынан кейінгі экономикалық көрсеткіштері қарастырылғанда, Түркияның осы уақытқа дейін бұл үдерісті сәтті жүзеге асырып келе жатқанын айтуға болады. Бұл жағдайдың қалай өрбитінін алдағы уақытта білетін боламыз.
Дереккөз:
Киртика Сунежа (2020). Әлемдік тауар айналымы бірінші тоқсанда 5%-ға төмендегеннен кейін екінші тоқсанда 27%-ға төмендейді: ЮНКТАД. Сілтеме: https://economictimes.indiatimes.com/news/economy/foreign-trade/global-goods-trade-to-fall-27-in-q2-after-5-decline-in-first-quarter-unctad/articleshow/76326734.cms?from=mdr. Қараған уақыты: 18.09.2020.
Milliyet.com.tr (2020). Соңғы минут… Министр Чавушоғлу жариялады! 137 елге жетті. Сілтеме: https://www.milliyet.com.tr/siyaset/son-dakika-bakan-cavusoglu-duyurdu-137-ulkeye-yukseldi-6251820. Қараған уақыты: 17.09.2020.
Мұстафа Баг, Гизем Саде (2020). Әлемдегі Covid-19: Алғашқы 4 айда не болды? Індеттің ағымы қандай жағдайда? Сілтеме: https://tr.euronews.com/2020/05/04/dunyada-covid-19-salg-n-n-ilk-100-gununde-yasananlar-ilk-nerede-ortaya-c-kt-nas-l-yay-ld. Қараған уақыты: 14.09.2020.
OECD.org (2020). Тауарлар саудасының ЭЫДҰ көрсеткіштері. Сілтеме: https://data.oecd.org/trade/trade-in-goods.htm#indicator-chart. Қараған уақыты: 18.09.2020.
TRT Haber (2020). 17 қыркүйекте коронавирус індеті бойынша кесте жарияланды… Бүгінгі ауру жұқтырғандар саны. Сілтеме: https://www.trthaber.com/haber/saglik/17-eylul-koronavirus-tablosu-aciklandi-bugunku-vaka-sayisi-516904.html. Қараған уақыты: 17.09.2020.
UNCTAD (2020). Жаһандық сауда бойынша жаңалықтар. Сілтеме: https://unctad.org/en/PublicationsLibrary/ditcmisc2020d2_en.pdf. Қараған уақыты: 17.09.2020.
Ticaret.gov.tr (2020a). Сыртқы сауда статистикасы. Сілтеме: https://ticaret.gov.tr/istatistikler/dis-ticaret-istatistikleri. Қараған уақыты: 18.09.2020.
Ticaret.gov.tr (2020b). Сыртқы сауда деректері. Сілтеме: https://ticaret.gov.tr/istatistikler/bakanlik-istatistikleri/gumruk-istatistikleri/dis-ticaret-verileri#. Қараған уақыты: 18.09.2020.
Worldometer (2020). Covid-19 коронавирус пандемиясы. Коронавирус жұқтырғандар саны. Сілтеме: https://www.worldometers.info/coronavirus/. Қараған уақыты: 17.09.2020.
Қазіргі таңда Женгизхан Жаналтай Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директордың орынбасары болып жұмыс атқарады. Ол 2010 жылы КИМЭП университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесiн тамамдаған. Магистратурасын 2014 жылы КИМЭП университетінің халықаралық қатынастар бөлімінде «Оралмандарың Қазақстан қоғамына интеграциясы: Түркия қазақтары» атты диссертациясыны қорғап тамамдайды.