Иран-Пәкістан-Үндістан (ИПҮ) газ құбыры жобасы алғаш рет Иран тарапынан 1990-шы жылдардың ортасында Иран газын Пәкістан арқылы Үндістанға тасымалдау мақсатында басталды. Алайда, бұл идея алғаш рет 1950-ші жылдардың соңында Пәкістанның Әскери-техникалық колледжі тарапынан жарияланған ғылыми мақалада ұсынылған болатын (Каменев, 2009). Аталмыш идея 1989 жылы Пәкістанда газ жетіспеушілігі нәтижесінде күн тәртібіне шықты. 1995 жылы Тегеран мен Исламабад арасында алдын-ала келісімге қол қойылып, 1999 жылы бұл келісімге Үндістан қосылды (Жабин, 2019). Бұл жоба Иранның Оңтүстік Парс газ кен орнынан Пәкістанның Үндістанмен шекаралары маңында орналасқан Наваб-шах қаласына, ал одан кейін Үндістанға газ тасымалдауды көздейді.
Иран әлем бойынша дәлелденген 198 трлн. текше метр газ қорының 32 трлн. текше метріне ие болып, Ресейден кейін (38 триллион текше метр) екінші орында келеді (Statistical Review of World Energy, 2020). Бұл көрсеткіш әлемдік табиғи газ қорының 18%-ын, Таяу Шығыс аймағын-дағы жалпы табиғи газ қорының 51%-ын және ОПЕК елдеріндегі газ қорының 40%-ын құрайды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтері бойынша, Иран жылына 190 млрд. текше метр газ өндіріп, әлемдегі үшінші ірі газ өндіруші ел болып табылады. Иранның газ қоры мұнай-газ кен орындарында мұнаймен бірге орналасқан. Бүгінгі таңда Иранда 42 табиғи газ кен орны тіркелген. Олардың ең үлкендері – Солтүстік Парс, Табнак, Хайям, Хангиран, Далан, және Канган. Бұдан басқа, Иранның көрші елдермен бөлісетін табиғи газ кен орындары бар, мысалы: Сауд Арабиясымен бірге Салман газ кен орны, Біріккен Араб Әмірліктерімен Мобарак газ кен орны, Оманмен Хенгам газ кен орны, Түркіменстанмен Гундбали газ кен орны және Катармен Оңтүстік Парс газ кен орны. Оңтүстік Парс – Парсы шығанағында Иран-Катар шекарасында орналасқан әлемдегі ең ірі газ кен орны. Барлығы 9700 км2 алаңды қамтитын Оңтүстік Парс кен орнының 3700 км2 Иран шекараларының шегінде орналасқан және елдегі жалпы газ қорының шамамен жартысын құрайды (Xinhua, 2019).
1995 жылы қол қойылған ИПҮ жобасына қатысты алдын ала келісімге сәйкес, жобаның құны 2,5 млрд. доллар болып белгіленді. Алайда, одан кейінгі жылдары 2700 шақырымдық газ құбыры желісінің құны 7,5 млрд. долларға дейін арттырылды (Калетович, 2017). Газ құбыры желісінің 1100 шақырымы Иран, 1000 шақырымы Пәкістан және 600 шақырымы Үндістан аумағы арқылы өтеді деп жоспарланып, шамамен 5 жылда салынып бітеді деп келісілген болатын. Құбырдың бастапқы жылдық қуаты 22 млрд. текше метр табиғи газды құрап, кейіннен 55 млрд. текше метрге дейін арттыру көзделген болатын (RBC, 2017). Табиғи газды суасты құбыр желісі арқылы емес, жер үстімен тасымалдау да шығындарды төрт есе азайтуға мүмкіндік береді деп есептелген.
Бастапқыда Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастар жобаның құрылысын бәсеңдетті, бірақ 2004 жылы екі ел арасындағы қарым-қатынастарда оң үрдістердің байқалуы үдерісті айтарлықтай жеделдетті. 2005-2007 жылдар жалпы Иран, Пәкістан және Үндістан арасындағы екі жақты және үш жақты келіссөздер кезеңі болды. Пәкістан арқылы табиғи газ транзитінің бағасына қатысты мәселелерге қарамастан, 2007 жылдың ақпанында тараптар газ бағасын анықтау туралы келіссөздерді бастады (Известия, 2007). 2007 жылдың маусымында Нью-Дели қаласында өткен үш жақты кездесуде мәселе шешілгендей болып, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында 2010-2011 жылдар құбыр желісінің іске қосылу кезеңі ретінде жарияланды. Алайда, 2007 жылдың шілдесінде Иран табиғи газдың бағасына байланысты келіссөздер әр үш жыл сайын жүргізілуі керек екенін мәлімдеді. Бұл ұсынысқа Үндістан мен Пәкістан қарсы болды (Eurasianet, 2010). Алдыңғы келісімдерде Иран бағаға байланысты келіссөздерді әр жеті жылда бір рет жүргізуге келісім берген болатын.
Үндістан, құбыр желісі арқылы елге жеткізілетін газ көлемі жөнінде наразылық танытты, себебі ол Үндістанның табиғи газға қажеттілігінің тек 5-10%-ын ғана қанағаттандырады. Сонымен қатар елге жеткізілетін Иран табиғи газы тек отын мақсаттарында пайдаланылып, химиялық қайта өңдеуге жарамайды. Сондай-ақ, Үндістан Пәкістанмен газ транзиті бағасы екіжақты жолмен шешілуі тиіс екенін алға тарта отырып, 2008 жылы жобадан шықты. Жобадағы табиғи газ бағасына қатысты даулар мен Пәкістанның газбен үздіксіз қамтамасыз етуге кепілдік бермеуі Үндістанның жобадан шығуының ресми себебі болса да, нағыз себептердің бірі АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары болып табылады. Тегеран мен Исламабад екі ел арасындағы газ жобасы «Мир құбыр желісі» деген атаумен жалғасатындығын мәлімдеді. Алайда, АҚШ Пәкістанның Иранмен ынтымақтастығын қолдамайтынын мәлімдеді. Кейінірек 2013 жылы Пәкістан және Үндістан АҚШ тарапынан қолдау тапқан Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАПҮ) жобасына қосылды (RBC, 2017.
ИПҮ жобасын іске асырудағы тағы бір мәселе жобаны қаржыландыру болатын. Негізінде аймақтық энергетикалық жобалардың басым бөлігін Азия даму банкі (АДБ) қаржыландырады. Алайда ИПҮ жобасы бойынша белсенді талқылаулар жүргізілген кезеңде 2008 жылы АДБ Пәкістанның табиғи газ импортын Ираннан емес, тек Орталық Азия елдерінен жасаған жағдайда ғана қолдауға ие болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, АДБ Пәкістан мен Үндістан энергетикалық мәселелерді тек Орталық Азияның газы мен энергиясын импорттау арқылы шешуі тиіс деп ұсынды (Зулхарнеев, 2018). АДБ-ның бұл ұстанымы Иранға қарсы қатаң санкциялар режимінің сақталуын талап еткен АҚШ қысымының нәтижесі болуы мүмкін.
2016 жылы Иранға қарсы санкцияларды бірте-бірте жоюды көздейтін шешімнен кейін ИПҮ жобасы қайтадан талқылауға ашық болды. 2017 жылы Үндістан үкіметінің Мұнай және табиғи газ жөніндегі тұрақты комитеті ИПҮ жобасын жандандыруға қолдау көрсете бастады. Бұл Үндістанның ТАПҮ жобасындағы позициясының әлсіреуіне де байланысты болуы мүмкін. Ресми болжамдарға сәйкес, Үндістан 2030 жылға қарай әлемдегі үшінші ірі энергия тұтынушы елге айналады. Осыны ескере отырып, Үндістан елдің энергетикалық қажеттіліктерін ТАПҮ жобасында тұрақтылығы әлі қамтамасыз етілмеген Ауғанстан арқылы емес, басқа арналардан қанағаттандыруды жоспарлап отыр (Белова, 2021).
Сарапшылардың пікірінше, құбыр желісінің құрылысы үш қатысушы елдің де мүддесіне жараған еді. Иран үшін Үндістан сияқты халқының саны мен энергетикалық қажеттіліктері өсіп келе жатқан газ тұтынушы елге газды Пәкістан арқылы арзан бағамен экспорттау мүмкіндігі туды. Ал Пәкістан елдің энергетикалық қажеттілігінен бөлек, транзиттік коридорды ұсыну арқылы жылына 500 млн. доллар табатын еді (Neftegaz, 2019). Пәкістан мен Үндістан үшін ИПҮ жобасы сияқты энергетикалық жобаға қатысу туралы шешім үлкен саяси маңызға ие болды. Жоба сондай-ақ екі елдің аймақтағы энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ортақ саяси шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін еді.
2018 жылы АҚШ-тың Иранның энергетикалық секторына салынған санкцияларды қайта енгізуі ИПҮ жобасының болашағына қатысты белгісіздіктерді қайта күн тәртібіне шығарды. Ресей-дің «Газпром» компаниясы ИПҮ құбыр желісінің құрылысына инвестиция салуды ұсынады (Neftegaz, 2018). Қытай болса Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі арқылы Иранның энергетикалық ресурстарын жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылады. АҚШ-тың ИПҮ жобасына қолдау көрсетпеуі Ресей мен Қытайдың жобаға қатысу ниетін арттыруы мүмкін. Егер Ресей мен Қытай бұл жобаға инвестиция ретінде қаржы салатын болса, аймақтағы энергиямен қамта-масыз етуді әртараптандыруға елеулі үлес қосуы мүмкін.
Қорытындылай келе, ИПҮ жобасы мемлекеттер арасындағы кезеңдік келіспеушіліктердің себебінен ұзақ жылдар бойы оң нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл жағдай сонымен қатар жобаға қатысушы елдер арасындағы қарым-қатынастардан бөлек, аймақтан тыс акторлардың да мүдделеріне байланысты ұзағанын айтуға болады. ТАПҮ жобасының пайда болуымен бірге Пәкістан мен Үндістан Иран табиғи газының орнына Түрікменстан табиғи газына таңдау жасап отыр.
Дереккөздер:
Белова (2021). Үнді газ нарығының даму перспективалары және Ресейдің көгілдір отыны. Сілтеме: http://tek360.rbc.ru/articles/15/. Қаралған уақыты: 15.06.2021.
Eurasianet (2010). Иран мен Пәкістанның Каспий маңы бассейні құбырындағы маңызы артуда. Сілтеме: https://russian.eurasianet.org/node/58334. Қаралған уақыты: 13.07.2021.
Известия (2007). Иран, Пәкістан және Үндістан табиғи газ бағасын талқылады. Сілтеме: https://iz.ru/news/404329. Қаралған уақыты: 12.07.2021.
Калетович, Д. (2017). Иран Пәкістанмен бірге 7 миллиардтық жобаны тоқтатуы мүмкін. Сілтеме: https://oilprice.com/Latest-Energy-News/World-News/Iran-May-Cancel-7B-Pipeline-Project-With-Pakistan.html. Қаралған уақыты: 10.06.2021.
Каменев, С. (2009). Таяу Шығыс елдеріндегі мұнай-газ саласының дамуы туралы. Сілтеме: http://www.iimes.ru/?p=8710. Қаралған уақыты: 20.06.2021.
Neftegaz (2018). Ресей мен Пәкістан Иран-Пәкістан-Үндістан табиғи газ құбыры үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сілтеме: https://neftegaz.ru/news/transport-and-storage/198181-rossiya-i-pakistan-podpisali-memorandum-po-gazoprovodu-iran-pakistan-indiya-argument-dlya-indii/. Қаралған уақыты: 12.07.2021.
Neftegaz (2019). 2024 жылға дейін Пәкістан бөлігі. Иран мен Пәкістан «Мир» газ құбыры туралы жаңа келісімге қол қойды. Сілтеме: https://neftegaz.ru/news/transport-and-storage/496188-pakistanskaya-chast-do-2024-g-iran-i-pakistan-zaklyuchili-novoe-soglashenie-po-gazoprovodu-mir-/. Қаралған уақыты: 12.07.2021.
RBC (2017). Газпром Үндістанға табиғи газ тасымалдау құнын есептеді. Сілтеме: https://www.rbc.ru/business/25/05/2017/592550f49a7947d162dfade6. Қаралған уақыты: 10.06.2021.
Statistical Review of World Energy. (2020). Сілтеме: https://www.bp.com/content/dam/bp/business-sites/en/global/corporate/pdfs/energy-economics/statistical-review/bp-stats-review-2020-full-report.pdf. Қаралған уақыты: 19.06.2021.
Xinhua (2019). Иранның оңтүстігінде алып газ кен орны ашылды. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/english/2019-10/13/c_138468966.htm. Қаралған уақыты: 10.06.2021.
Жабин, Н. (2019). Иран мен Пәкістан жаңа келісімге қол қойды. Сілтеме: https://neftegaz.ru/news/transport-and-storage/496188-pakistanskaya-chast-do-2024-g-iran-i-pakistan-zaklyuchili-novoe-soglashenie-po-gazoprovodu-mir-/. Қаралған уақыты: 15.06.2021.
Зулхарнеев (2018). Иранның Каспий аймағындағы энергетикалық мүдделері. Сілтеме: http://www.pircenter.org/media/content/files/9/13522830960.pdf. Қаралған уақыты: 13.07.2021.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
1983 ж. ОҚО, Түркістан қаласында туылған. Бастауыш және орта мектепті Абай атындағы №31 орта мектепті 2000 жылы тәмамдап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика факультеті «Халықаралық қатынастар» мамандығына оқуға қабылданды. 2004 жылы аталмыш бөлімді аяқтап, «Халықаралық қатынастар саласы маманы» деген біліктілік алды.