Кант авиабазасы Қырғызстанның Чуй облысында орналасқан, «Ресейдің Қырғызстандағы Біріккен әскери базасының мәртебесі мен болу шарттары туралы екі жақты келісімге» [Mid.ru, 2012] сәйкес 2012 жылдың 20 қыркүйегінде қол қойылған және 2017 жылдың 29 қаңтарында күшіне енген Ресей тарапынан қолданылатын әскери әуежай. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) ажырамас бөлігі болып табылатын әуе базасы Қырғызстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен, Ресей қырғыз үкіметіне ешқандай ақы төлемейді. Келісім 15 жылға жарамды және егер елдер бір-бірін біржақты немесе өзара келісім бойынша тоқтату ниеті туралы мәлімдемейтін болса, келесі 5 жылдық мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
Әскери база Бішкектің 20 км шығысында, Кант қаласының 2 км оңтүстігінде Шу өзенінің аңғарында және Ауғанстан шекарасынан 600 км қашықтықта орналасқан. 14-ші әуе күштері мен әуеден қорғаныс армиясының құрамына кіретін 999-шы әуе базасы (20022-ші әскери бөлім) аэропортта орналастырылған. Мұнда Орталық Азия елдері үшін елеулі сыртқы қауіп төнген жағдайда кең ауқымды тапсырмаларды орындай алатын Ресей әскери-әуе күштерінің тобы қызмет етеді. Су-25 шабуылдау ұшағы, Л-39 жаттықтырушы ұшағы және Ми-8 тікұшағы сияқты авиациялық технологиялар осында тұрақты орналасқан. Бұл базадағы ұшақтардың саны үнемі өзгеріп отыруымен қатар, осы базадан ұшатын ресейлік ұшақтарға ауа-райының нашарлауы немесе басқа күтпеген жағдайлар кезінде басқа жергілікті әуежайларды пайдалануға рұқсат етіледі [Паромонов: 2008, б.7]. Сонымен қатар, базада 2-ші класты әуе кеңістігі бола отырып және базаның Ан-22 (ішінара жүктемесімен), Ил-76 (ішінара жүкпен), Ту-154, Як-42, Ан-12 сияқты барлық тікұшақ типтерін қабылдаумүмкіндігі бар.
Кант әуежайының тарихы 1941 жылы, Одесса әскери авиациялық ұшқыштар мектебінің Қырғызстанға көшірілуімен басталады. Кейінірек, 1947 жылы Қырғызстандағы мектеп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары даярланған Фрунзе әскери авиация мектебі болып өзгертілді. 1956 жылы мектеп дос дамушы елдер үшін ұшқыштарды дайындай бастады және 1959 жылдың 6 тамызында 5-ші Авиациялық персоналды оқыту және дамыту орталығы болып қайтадан өзгертілді. 1957-1992 жылдар аралығында әлемнің 54 елінен 21.682 адам 110 авиациялық мамандық бойынша аталмыш мектептер мен курстарда білім алды. Олардың 5.698-і ұшқыш, 749-ы штурман, 469-ы жауынгерлік бақылау офицері, 165-і радио шутер, 8998-і авиациялық техник және 5000-нан астам адам басқа мамандықтар бойынша білімдерін жетілдірді [Регнум, 2006]. 1992 жылы курстардың тұрақты құрамы және кейбір зертханалық жабдықтар, жаттығу құралдары, модельдер мен оқу жабдықтары Қырғызстанның Қорған қаласына көшірілді және тәуелсіз Қырғызстан аумағындағы курстар негізінде Фрунзенский (1995 жылдан бастап Бішкек) әскери авиациялық техникумы құрылды. 2000 жылы мектеп авиациялық мәртебеден алынып, 2009 жылы Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Қалинур Үсенбеков атындағы Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері Әскери институтының филиалына айналдырылып, Қырғызстанның Ош қаласына көшірілді.
Қырғызстанның Кант қаласында әуе базасын құру туралы шешімді ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі 2001 жылы 25 мамырда қабылдады және 2003 жылдың қазан айында ҰҚШҰ аясында құрылған Ұжымдық төтенше әрекет етуші күштердің авиациялық құрамдас бөлігі ретінде ашылды [Зверев , 2017]. Осылайша, қарастырылып отырған база, КСРО тарағаннан кейін Ресейдің өзінің территориясынан тыс жерлерде ие болған алғашқы базасы ретінде қабылда отырып, ҰҚШҰ шеңберінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жаттығуларында қолданылады.
Авиабазаның негізгі міндеті – ҰҚШҰ Ұжымдық төтенше әрекет етуші күштердің әскери бөлімдерінің әрекеттерін ауадан қолдау және Орталық Азияның әуе қорғанысын қорғау. Сондай-ақ базаның қажет болған кезде террористік топтарға соққы беру мүмкіндігі бар. Бұл әуе базасы лаңкестік топтарға қарсы Тәжікстандағы 201-ші Ресей әскери базасымен бірге пайдалану кезінде өте тиімді болып келеді. Қырғызстан Тәжікстанмен бірге Ауғанстаннан келетін радикалды топтардың қауіп-қатерінен қорғану үшін бүкіл аймақтың әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие.
2003 жылы Қырғызстанда ресейлік авиабазаның ашылуы 2001 жылы АҚШ-тың Ауғанстандағы терроризммен күрес аясында ашылған «Манас» әуе базасының жабылуының жаршысы болды [McDermott, 2009]. Бішкек Манас әуежайындағы АҚШ авиабазасы 11 қыркүйектегі шабуылдар мен Ауғанстандағы операциялар басталғаннан кейін көп ұзамай құрылған, ал Ресей оның құрылуына қатысқан болатын. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Манас базасы Қытай мен Иран шекараларына және Ресейдің Қырғызстан мен Тәжікстандағы әскери базаларына жақын орналасқанқандықтан мақызы ерекше болатын. Американдықтар Орталық Азияның және көрші мемлекеттердің кең аумағын бақылауға мүмкіндік беретін электронды барлау кешенін орналастырған болатын. Сонымен қатар, АҚШ-тың Ауғанстандағы одақтас күштерге қолдау көрсету үшін оңтүстік жолының Пәкістан арқылы өтуі және Пәкістанмен қарым-қатынастардың 2000 жылдың соңында күрт нашарлауына байланысты, Ресей мен Орталық Азия арқылы өтетін солтүстік жеткізу тізбегі негізгі жеткізілім арнасы болып қала берді. Мұндай жағдайда американдықтар Манастан мүлдем кеткілері келмеді. Екінші жағынан, Ресей өзінің мүдделері болған аумақта АҚШ әскери базасының орналасуына байланысты алаңдаушылық көрсеткен болатын. 2011 жылдың қазанында сайлау науқаны кезінде базаның жабылуы туралы мәлімдеген Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті болып сайлана отырып, АҚШ базасының 2014 жылы келісімшарт аяқталған соң жабылатынын мәлімдеген болатын. Орталық Азиядағы әскери базасын жоғалтқысы келмеген АҚШ базаны қорғауға күш салғанымен, АҚШ-тың Орталық Азиядағы соңғы базасы 2014 жылы жабылды [Шустов, 2014].
Ресей өз аймағының егемендігін басқа актермен бөліскісі келмегендіктен, аймақта басқа актордың болуы оны алаңдатады. Сондықтан аймақтағы көшбасшылықты сақтау үшін басқа акторлардың қатысуын азайту арқылы және өзі құрған әскери база арқылы ықпалға ие болу арқылы өзінің сабақтастығын сақтауға тырысады деп айтуға болады. Мұндағы мақсаты оның аймақтағы қауіпсіздікті қорғауды, сондай-ақ өзінің ықпал ету аймағын кеңейтуді қалауы болуы мүмкін.
2020 жылғы 5 қазанда Қырғызстан парламентінің сайлауының алдын ала нәтижелеріне наразылық ретінде басталған қырғыз тарихындағы үшінші революция, Қырғызстан президенті Сооронбай Жеенбековтың 2020 жылдың 15 қазанында отставкаға кетуіне әкелді [Sputnik.kg, 2021]. Жеенбеков отставкаға кеткеннен кейін уақытша үкіметтің басшысы болған Садыр Жапаров, 2020 жылдың 14 қарашасында 2021 жылы қаңтарда өтетін президенттік сайлауға қатысу үшін отставкаға кеткен болатын. 2020 жылы 10 қаңтарда өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Жапаров, Ресеймен ортақ тарих пен ортақ стратегия бөлісетіндігін және осы тұрғыда интеграция үдерісінің жалғасатынын, сонымен қатар Қырғызстанның Ресейге әскери және геосаяси тұрғыдан байланысты екенін және Ресейсіз Қырғызстанның жағдайы қиын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол орыс тілі өзінің ресми мәртебесін сақтайтындығын хабарлады [Sputnik.kg, 2021а]. Осы мәлімдемелерді ескере отырып, қырғыз-ресей қарым-қатынасы ары қарай дами отырып, ресейлік әскери базалардың аумақта сақталатыны анықталды.
Қырғызстандағы Біріккен Ресей әскери базасының жұмысын Тәжікстандағы 201-ші Ресей базасымен бірге қарастыру керек, өйткені Ресейдің екі елдегі әскери қатысуы Ауғанстандағы жағдай мен онымен байланысты терроризм, экстремистік қауіп-қатерлер және басқа трансшекаралық ұйымдасқан қылмыс негізінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты ортақ мақсаттарға қызмет етеді. Себебі діни экстремизм, терроризм, радикалды сепаратизм және тіпті ирредентизм қаупі Қырғызстанның оңтүстік аймақтарында жалғасуда. Кейбір бағалау бойынша, олардың идеологиялық әлеуетін дамыту, Өзбек халқы тұратын Ош, Баткен және Жалал-Абад облыстарында жергілікті имамдарды нығайту үшін «кадрлар» даярлау үшін Хизб-ут-Тахрир және жиһадизм сияқты діни экстремистік ұйымдардың ықпалы күшейді. Мұндай жағдайда екі елдің қауіпсіздік институттары мен жеке қызметтер арасындағы екіжақты форматтағы және ҰҚШҰ, ШЫҰ және ТМД шеңберіндегі мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажеттілігі арта түседі [Зверев, Савин, Беляев, 2018]. Бұл жағдайда екі жақты формат және ҰҚШҰ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) аясындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажеттілігі артып келеді [Зверев, Савин, Беляев, 2018]. Сонымен қатар, әскери мәселелер бойынша сарапшы Виктор Литовкиннің сөзіне қарағанда, армия мен қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігінен Қырғызстан мен Тәжікстан өздігінен қауіп-қатерге қарсы тұра алмайды, сондықтан олар сыртқы көмекке мұқтаж. Сонымен қатар, Тәжікстандағы құрлық базасы жауынгерлік операцияларды орындайтын болса, әуе қолдауына мұқтаж [Цыганов, 2016]. Сондықтан Қырғызстан мен Тәжікстандағы әскери базалар өзара байланысты және бірін-бірі толықтырады. Біреуі болмаса, екіншісі толық жұмыс істей алмайды. Қырғызстан мен Тәжікстан өз қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндіктері болмағандықтан, Ресейдің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді, сондықтан Ресей Орталық Азия бөлігіндегі қауіпсіздігінің орнын толтыруы керек. Сондықтан осы екі елдегі әскери базалардың үздіксіздігі мен тұрақты болуы Ресей үшін әрдайым үлкен геостратегиялық және геосаяси маңызға ие болады.
Қолданылған әдебиеттер:
Зверев Ю. (2017). Российские военные базы и обьекты за рубежом: Казахстан, Таджикистан, Киргизия. Сілтеме: https://eurasia.expert/rossiyskie-voennye-bazy-i-obekty-za-rubezhom-asia/. Қаралған уақыты: 25.04.2020.
Зверев Р., Савин И., Беляев В. (2018). Российско–Киргизские отношения: История и современность, рОссия и новые государства Евразии. №. 1, сс. 106-125.
McDermott R. (2009). Kant AirBase and Russia’s Strategic Planning in Central Asia, Eurasia Daily Monitor.Vol. 6. Issue 41.
Mid.ru (2012). Ресейдің Қырғызстандағы біріккен әскери базасының мәртебесі мен болу шарттары туралы екіжақты келісім. Сілтеме: https://www.mid.ru/foreign_policy/international_contracts/2_contract/-/storage-viewer/bilateral/page-72/44567?fbclid=IwAR1iuFOPNNJPhfVh2lyzgtzFc6cYNRgOOodgrETsJTIX336m2GDYA1N1Qdg. Қаралған уақыты: 31.01.2021.
Парамонов В., Столповский O. (2008). Russia and Central Asia: Bilateral Cooperation in the Defence Sector. Сілтеме:https://www.files.ethz.ch/isn/92591/08_May.pdf, S.7.
Regnum. (2006). В Киргизии отмечается день военной авиации. Сілтеме: https://regnum.ru/news/polit/690669.html. Қаралған уақыты: 19.04.2020.
Sputnik.kg (2021). Как сменилась власть м Кыргызстане. Сілтеме: https://ru.sputnik.kg/longread/20201021/1050139988/kyrgyzstan-october-2020-sobytiya.html. Қаралған уақыты: 20.01.2021.
Sputnik.kg (2021a). Садыр Жапаров рассказал какими будут отношения с Россией. Сілтеме: https://ru.sputnik.kg/politics/20201010/1050009824/kyrgyzstan-rossiya-otnosheniya-sadyr-zhaparov.html. Қаралған уақыты: 17.01.2021.
Шустов А. (2014). США остаются в Киргизии. Сілтеме: http://www.stoletie.ru/geopolitika/ssha_ostajutsa_v_kirgizii_391.html. Қаралған уақыты: 12.04.2020.
Цыганов A. (2016). Почему Россия не оставит базу в Киргизии. Сілтеме: https://tsargrad.tv/articles/pochemu-rossija-ne-ostavit-bazu-v-kirgizii_37590. Қаралған уақыты: 24.04.2020.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қанапиянова Жулдыз Бақытқызы, 1986 жылы 26 желтоқсанда ШҚО-да туылған. 2004 жылы орта мектептi қызыл аттестатпен бiтiрген соң, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетiнiң халықаралық қатынастар факультетiне түседi. 2008 жылы халықаралық қатынастар бакалавр дәрежесiн күндiзгi бөлiмде шет тiлдердi меңгере отырып үздiк тамамдайды.