Қытайдың Ухань қаласынан басталып, қысқа уақыт ішінде бүкіл елге тез таралған жаңа тип коронавирус (Covid-19) эпидемиясы қазіргі жағдайда тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қорқынышты қауіп болып тұр. Қытай мен басқа қатысты елдердің қатаң шаралар қабылдағанына қарамастан, коронавирус індеті көптеген елдерде адам өліміне себеп болуда. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебіне сәйкес, 2020 жылғы 29 ақпандағы жағдай бойынша Қытайда (Гонконгты қосқанда) коронавируспен аурғандардың саны 79,394 адамға жетіп, олардың ішінде 2,838 адам қайтыс болды. Қытайдан сырт, әсіресе, Иран, Италия, Оңтүстік Корея және Жапония бастаған 53 елде 6,009 адамнан коронавирус анықталып, өлгендердің саны 86 адамға жетті (ДДСҰ, 2020). Әлемді үрейлендірген коронавирустың қашан ауыздықталатыны әлі белгісіз болғандықтан, коронавирустың Қытайдың экономикасы мен әлеуметтік өміріне кері әсері жалғаса беретін болады.
Коронавирустың Қытай экономикасына кері әсері туралы сөз қозғағанда, Қытайдың қызмет көрсету саласы қатты зардап шегетінін айтуға болады. Себебі қызмет көрсету саласы қазіргі Қытай экономикасында маңызды орынға ие. Соңғы жылдары Қытай экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналған қызмет көрсету саласы 2018 жылы 7,6%-ға, ал 2019 жылы 6,9%-ға өсті. Қытайдың қызмет көрсету секторының ЖІӨ-дегі үлесі 2018 жылы 52,2%-ды құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 53,9%-ға жетті(China NBS, 2019; China NBS, 2020). Сонымен қатар, Қытайда соңғы жылдары ең көп жұмыспен қамтыған сала да қызмет көрсету саласы болды. Мысалы, 2018 жылы 359,38 млн. адамға жұмыс орынын берген қызмет көрсету саласының жұмыспен қамтылу деңгейі 46,3% болса, ал 2019 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының шамамен 50%-ын құрады (Gov.cn, 2019; Mofcom, 2020). Алайда, коронавирустың таралуының алдын алу үшін Қытай үкіметі, әсіресе, туризм, мейрамхана, ойын-сауық, саяхат, жарнама, бөлшек сауда және тасымал қызметі сынды қызмет көрсету секторларын толығымен немесе жартылай тоқтатты. Сонымен қатар, әуежайлар, теміржол желілері, аялдамалар, сауда орталықтары мен алаңдар сияқты халық көп жиналатын жерлерде медициналық сақтық шаралары күшейтіледі немесе карантинге жабылды. Сондықтан, Қытайдың қызмет көрсету саласы коронавирустың салдарынан айтарлықтай шығынға ұшырағанын айта аламыз.
Коронавирустың Қытайдың қызмет көрсету саласына тигізетін кері әсері көбінесе туризм саласында сезіледі. Қытайда адамдар коронавирус жұқтырудан қауіптеніп саяхаттауға және ойын-сауық пен мәдени шараларға қатысудан қорқады. Әуелі Қытай үкіметі коронавирусқа байланысты дәстүрлі жаңа жылдық мерекелік іс-шараларды тоқтатуға мәжбүр болды. Коронавирус салдарынан Қытайдың ішкі туризмінің «алтын шағы» саналатын бір апталық дәстүрлі жаңа жылдық іс-шараларды тоқтату елдің ішкі туризмінде үлкен шығындарға әкелуі мүмкін. Мысалы, 2019 жылы дәстүрлі қытайлық жаңа жыл кезінде ел ішіндегі туристердің саны 415 миллионға жетіп, туризмнен түсетін табыс 513,9 млрд. юань (шамамен 75,13 млрд. доллар) болған еді (Синьхуа, 2019). Қытайдың Туризмді зерттеу институтының мәліметі бойынша, коронавирус салдарынан Қытайдағы ішкі туристер саны 15,5%-ға, ал туризмнен түсетін табыс 20,6%-ға азаятын болады. Іс жүзінде бұл көрсеткіштер 2020 жылдың бірінші тоқсанында тиісінше 56%-ға және 69%-ға төмендейді деп күтілуде. Егер елде коронавирус індеті ұзақ уақыт жалғасатын болса, 2020 жылы Қытайдың ішкі туристерінің саны 19,5%-ға, ал туризмнен түсетін кіріс 27,9%-ға азаятыны болжануда (Pinchain, 2020). Коронавирус індеті Қытайда тез таралып жатқандықтан, көптеген елдер өз азаматтарына Қытайға саяхаттамауды ескертті және көптеген халықаралық авиакомпаниялар Қытайға рейстерін тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл жағдай Қытайға келетін шетелдік туристер санының да азаятындығын көрсетеді. Осы бағытта Қытайдың Туризмді зерттеу институтының болжамына қарағанда, коронавирус салдарынан 2020 жылы Қытайға келетін шетелдік туристер саны 34,7%-ға, ал туризмнен түсетін кіріс 40,6%-ға төмендеуі мүмкін. Егер елде коронавирус індеті ұзаққа созылса, 2020 жылы Қытайға келетін шетелдік туристер саны 40,7%-ға, туризмнен түсетін кіріс 44,6%-ға азаятын болады (Pinchain, 2020). Мұндай жағдайда 2020 жылы Қытайдың туризмнен түсетін жалпы табысы 22% да 29,6% арасында төмендеуі мүмкін деп болжануда (Pinchain, 2020).
Коронавирустың өршуі Қытайдың өндіріс секторына кері әсер етіп, уақыт өте келе кейбір салаларда сұраныстың басқа елдерге өтуіне түрткі болуы мүмкін. Себебі, коронавирус салдарынан Қытайда миллиондаған жұмысшылардың жұмысқа шықпауынан, әсіресе, өндірістің ақсауы мен өнімділіктің төмендеуінен өндіріс секторында күрделі дағдарыс туындауда. Сонымен қатар, коронавирус әсерінен қытайлық тауарларға сұраныстың төмендеуі де Қытайдың өндірістік секторының қысқаруына себеп болады. Қытайдың өндірістік секторында, әсіресе, еңбек күшін көбірек қажет ететін электроника, киім және тоқыма салалары коронавирустың теріс әсеріне көбірек ұшырайтынын айтуға болады. Өйткені, Қытайдың экспортында еңбек күшін көбірек қажет ететін электроника, дайын киім және тоқыма бұйымдарының үлесі маңызды орынға ие. Мәселен, 2019 жылы Қытайдың жалпы экспортының 26,9%-ын электроника, ал 19,2%-ын киім-кешек пен тоқыма өнімдері құрады (People, 2020). Енді, коронавирус салдарынан Қытайдағы өндірістік нысандардың жабылуына және өндіріс қуатының төмендеуіне байланысты аталмыш өндіріс салаларының сұранысты дер кезінде қанағаттандыру қиынға соғады. Бұндай жағдайда электроника, киім және тоқыма өнеркәсібі сияқты салалар бойынша ғаламдық сұраныстың Қытайдан басқа елдерге ауысу мүмкіндігі күшейе түседі.
Коронавирус індетінің Қытай экономикасының қозғаушы күші болып табылатын қызмет көрсету секторына және Қытай экспортының негізін құрайтын өндіріс секторына ықтимал теріс әсерін ескере отырып, онсыз да соңғы жылдары бәсеңдеп келе жатқан Қытайдың экономикалық өсу қарқыны 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда тіпті де төмен болады. Әсіресе, 2018 жылдың наурызында басталып, 2020 жылдың қаңтарында АҚШ-қа пайдалы сауда келісімімен аяқталған АҚШ-Қытай сауда соғысы сияқты сыртқы және ішкі факторлардың салдарынан 2019 жылы Қытайдың экономикалық өсу қарқыны соңғы 30 жылдың ең төменгі деңгейіне түскен болатын. Мысалы, 2018 жылы 6,5% болған Қытайдың экономикалық өсімі 2019 жылы 6,1%ды құрады. (China NBS, 2020). АҚШ-Қытай сауда соғысының салдары жойылмай тұрып, қытайлық экономикалық сарапшылар Қытайдың экономикалық өсу қарқыны 2020 жылы 5% да 5,2% шамасында болады деп болжаған еді (Синьхуа, 2019). Егер коронавирус індеті одан әрі күшейе түссе, онда Қытайдың экономикалық өсу қарқыны 5%-дан асу-аспауы да күдік туындатады.
Қорытындылай келе, қорқынышты түрде біртіндеп таралып бара жатқан коронавирус індетін Қытайдың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына зиян келтіретін қауіпті факторға айналғанын айтуға болады. Іс жүзінде, коронавирус індетінің алды алынып Қытайдағы қалыпты экономикалық жағдай басталғаннан кейін де коронавирустың Қытай экономикасына тигізетін кері әсері біраз уақытқа созылады. Коронавирус кезінде және одан кейін де Қытай тауарлары тек өндіріс тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар сауда тұрғысынан проблемаға жолығатын болаты. Коронавирус індетінің аймақтық және жаһандық әсері тұрғысынан қарағанда, көптеген елдердің Қытайға рейстерді күшінен қалдыруы мен қытайлық азаматтарға виза беруді тоқтатуы, сонымен қатар көрші елдердің Қытаймен шекара қақпаларын жабуы, алдағы уақытта Қытайдың шекара маңындағы саудасымен қоса, жалпы сыртқы саудасына да кері әсер етуі ықтимал. Алайда, коронавирустың Қытай экономикасына кері әсері тек Қытаймен ғана шектеліп қалмай, аймақтық және жаһандық сауда-экономикалық дамуға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан, әсіресе, Қытаймен тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы елдер мен көршілес елдер Қытайдағы коронавирус індетінің жағдайын мұқият қадағалап, қажетті экономикалық, медициналық және қауіпсіздік шараларын күшейтуі керек.
Дереккөз:
China NBS (2019). Қытайдың 2018 жылғы ұлттық экономикалық және әлеуметтік даму статистикасы. Сілтеме: http://www.stats.gov.cn/tjsj/zxfb/201902/t20190228_1651265.html. Қаралған уақыты: 27.02.2020
China NBS (2020). Қытайдың 2019 жылғы ұлттық экономикалық және әлеуметтік даму статистикасы. Сілтеме:http://www.stats.gov.cn/tjsj/zxfb/202002/t20200228_1728913.html. Қаралған уақыты: 27.02.2020
China NBS (2020). 2019 жылы Қытай экономикасы негізінен тұрақтылықты сақтады. Сілтеме: http://www.stats.gov.cn/tjsj/zxfb/202001/t20200117_1723383.html. Қаралған уақыты: 27.02.2020
Gov.cn (2019). Қызмет көрсету саласы Қытайдағы ең көп жұмыс беруші сала болды. Сілтеме: http://www.gov.cn/guowuyuan/2019-07/22/content_5412873.htm. Қаралған уақыты: 28.02.2020
Mofcom(2020). Қызмет көрсету саласын дамытуға түрлі шаралар арқылы тиімді ықпал ету керек. Сілтеме: http://tradeinservices.mofcom.gov.cn/article/yanjiu/pinglun/202002/ 98318.html. Қаралған уақыты: 28.02.2020
People (2020). 2019 жылы Қытайдың жалпы импорт және экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Сілтеме: http://finance.people.com.cn/n1/2020/0114/c1004-31547735.html. Қаралған уақыты: 29.02.2020
Pinchain (2020). Қытайдың туризм экономикасы есебі №12: негізгі пікірлер мен мәліметтер. Сілтеме: https://www.pinchain.com/article/213948. Қаралған уақыты: 01.03.2020
WHO (2020). Коронавирус 2019 (COVID-19) жағдайы туралы есеп – 40. Сілтеме: https://www.who.int/docs/default-source/coronaviruse/situation-reports/20200229-sitrep-40-covid-19.pdf. Қаралған уақыты: 01.03.2020
Xinhua (2019). 2020 жылы Қытай экономикасының жағдайы нашар болмайды. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/fortune/2019-12/02/c_1125297049.htm. Қаралған уақыты: 01.03.2020
Xinhua (2019). 2019 жылы Қытайдың дәстүрлі жаңа жылында ішкі туристердің саны 415 миллионға жетті. http://www.xinhuanet.com/politics/2019-02/10/c_1124096886.htm. Қаралған уақыты: 01.03.2020
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.