Қазіргі дүниежүзі елдері өз экономикасын жан-жақты дамыту мақсатында туризм саласына негізгі басымдықтар беруге тырысады. Себебі туризм арқылы экономикалық әлеуетті реттеу экономиканың басқа салаларына қарағанда тиімді болады. Қазіргі кезде туризмнің көптеген бағыттары қалыптасқан. Соның ішінде, арнайы табиғи жағдайды қажет етпейтін этнотуризм саласы екені анық. Этнотуризм үшін арнайы табиғи ерекшеліктің қажеті жоқ, себебі бұл әр мемлекеттің қалыптасқан дәстүрлеріне, тарихи өмір тіршілігіне сай және мәдени мұрасын насихаттайтын сала ретінде қалыптасады. Яғни этнотуризм көне мәдени мұраларды музей арқылы ғана емес, арнайы ескерткіштер, тарихи орындар және арнайы жобалар арқылы келуші туристерге таныстыруды көздейді.
Туризм саласын зерттеушілердің зерттеулеріне қарайтын болсақ, этнотуризм бағытының қалыптасуы мен мағынасы жөнінде көптеген ғылыми пікірлерді байқауға болады. Мысалы, этнотуризмді кейбір зерттеушілер этнографиялық туризммен байланыстырaды. Ал, Батыс елдерінде этнотуризмге мәдени туризм яғни «cultural heritage tourism» деп анықтама береді. Халықаралық ескеркіштер мен көрнекті жерлерді қорғау (ICOMOS) ұйымы этнотуризмге ерекше мән беріп, көрнекті жерлер мен ескерткіштерді анықтау деп сипаттама береді [Icomosictc.org, 1999]. Жалпы алғанда, этнотуризмді мәдени туризм, этнографиялық, антропологиялық, сакралды және этномәдени туризм сияқты ұғымдармен байланыстыра беруге болады. Қалай алғанда да этнотуризм тарихи ескерткіштер мен жергілікті халықтың мәдениетін насихаттауды мақсат етеді.
Жалпы, қазіргі кезде әлем бойынша этнотуризмді насихаттау артып келеді. Мұны ең алдымен әлемдік өркениет үлгілері мен архитектуралық ескерткіштері сақталып отырған Еуропа елдері туристік саланың басты бағыты ретінде жолға қойған. Сол сияқты әлемдік өркениетте өзіндік орны бар түркі мемлекеттері арасында да этнотуризмді дамытуға арналған арнайы бағдарламалар және оны жүзеге асыратын орындар бар. Мысалы, Түркияны есептемегенде посткеңестік түркі мемлекеттерінде этнотуризм КСРО ыдырағаннан кейін ғана қолға алына бастады. КСРО кезеңінде тарихи және мәдени ескерткіштерге саяхат жасау ішінара болғанымен оны арнайы этнотуризм ретінде қарастыру болмады. Десек те, түркі елдері арасында көне замандардан келе жатқан этнотуристік нысандар жетікілікті. Мысалы, түркі мемлекеттері арасында ЮНЕСКО тізіміне кіретін көптеген ескерткіштер бар. Соның ішінде Әзербайжанда б.з.д. 10-8 мыңжылдықты қамтитын таулы Гобустан кешені [Cyberleninka.ru, 2016]. Ал Өзбекстанның 4 қаласы ЮНЕСКО тізіміне кіріп, 30 дан астам тарихи орындар сақталған [Киличова, 2020]. Сол сияқты Қырғызстан территориясында да Жібек жолы бойындағы Манас Ордо, Үзген сияқты ортағасырлық қала ескерткіштері сақталған [Manas.su, 2019]. Сонымен қатар, Түрікменстанның Мары, Ниса, Көне Үргеніш сияқты қалалары әлемдік мұра тізіміне еніп отыр. Мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы түркі халықтарының мәдениетін таныстыратын мұралар сақталып отыр [Advantour.com, 2022]. Осындай мысалдар Қазақстанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас, Үстірт, Доңызтау сияқты көптеген тарихи ескерткіштерімен байланыстырылады. Түркияда да ортақ түркі мәдениетін көрсететін Көне Стамбұл қаласы, Диарбакыр үлкен мешіті, Кызылтепе, Ерзрум мешіттері сияқты ортағасырлық ескерткіштер жетерлік [Adebiportal.kz, 1996; Archeology.kz. 2002]. Тұтас алғанда Түркі мемлекеттерінде орналасқан тарихи ескерткіштер мен мәдени орындар этнотуризмді дамытудың басты нысаны болып табылады. Түркі халықтарының өзара бірегейленуіне тек тарихи ескерткіштер емес, сонымен қатар Наурыз және басқа да дәстүрлі шаруашылық мерекелері де этномәдени туризмді насихаттауға ықпал етіп отыр.
Этнотуризмнің түркі мемлекеттерін интегралануында жергілікті этнотуризмнен тыс ортақ келісімдер, ұйымдар, этноспорт түрлері арқылы бас қосу шаралары іске асырылып келеді. Мұнда түркі мемлекеттері арасындағы этнотуризмді дамытуда этноспорттың маңызының зор екенін атап өтуіміз қажет. Соның бірі Дүниежүзілік көшпелілер ойынын ерекше айтуға болады. Ол 2014 жылдан бастап Қырғызстанда бастау алып өткізіліп келеді. 2022 жылы VI Дүниежүзілік көшпелілер ойыны Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтетін болады [Idelreal.org, 2022]. Түркі халықтарына ортақ көшпелі мәдениетті насихаттайтын дүниежүзілік іс шараның қазіргі кезде аясы кеңейіп әлемнің басқа да елдері қызығушылық танытып отыр. Бұл этноспорттық шараға көшпелі мәдениетті Еуропа жеріне алып барған Мажарстанның қызығушылық танытып отырған атап өтуімізге болады.
Қазіргі кезде Түркі мемлекеттері арасында ортақ туристік әлеуетті көтеру мақсатында арнайы құрылған платформа қалыптасқан. Оның бірі Түркі мемлекеттері ұйымының турзим саласы бойынша жыл сайын бас қосуы болып табылады. Мысалы, 2022 жылы Түркі мемлекеттер ұйымы мүшелерінің туризм министрілерінің VII отырысы Әзербайжан Республикасының Шамахы қаласында өтті. Мұнда сала басшылары бір қатар ортақ жобаларды іске асыру қажеттігін талдады. Оның ішінде «Біріккен тур және Заманауи Жібек жолы», «Түркі әлемінің туристік астанасы» сияқты жобаларды қолға алу сөз болды. Сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы туристік қатынасты реттеу үшін әуе рейістерін тиімді ұйымдастыру қажетті айтылды [Azertag.az, 2022]. Бұл тұрғыда Қазақстанның түркі елдері арасында этнотуризмді дамытуда әлеуеті басым екенін айтып кеткен жөн. Мұны 2019 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жақын келешекте этнотуризм бойынша әлемдік орталық ретінде саналуы тиіс екенін атап өткен болатын [Forbes.kz, 2019]. Бұл үшін Қазақстанның Түркі елдері арасында этнотуризмнің интеграциялық негізі ретінде дамытуға әлеуеті зор. Мысал ретінде Түркістан қаласындағы тарихи және мәдени ескерткіштерін және соңғы жылдары бой көтерген «Керуен сарай» туристік кешенін айтуға болады. Мұнда қазіргі Түркістан қаласының көне дәстүрлерге негізделген туристік нысанның келуші туристерге қолайлы жағдай жасауға мән берілген. Сонымен қатар, Қазақстан этнотуризмді дамыту мақсатында көптеген арнайы этнофестивальдерді, этноауылдар, музейлер, кешендер құруды қолға алған. Мысалы, Қазақстан бойынша әр аймақта жұмыс істеп тұрған этноауылдар бар. Соның ішінде Алматы облысында «Ғұндар», Нұр-Сұлтанда «Nur-Sultan Ethno Fest», Маңғыстау облысында «Көгезэтноауылы», Түркістан облысында «Алаш» этноауылдары құрылған. Мұнда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар, дәстүрлі материалдық мәдениет үлгілері қойылған. Сонымен қатар, келуші туристерге арналған шоу бағдарламалар ұлттық ойындар ұйымдастырылады [Cyberleninka.ru, 2021]. Сонымен қатар, кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстарының кешендері аспан астындағы музейлер ретінде ұйымдастырылып, туристерді қабылдауға дайын екенін айтуға болады.
Жалпы алғанда, түркі мемлекеттері этнотуризм арқылы интеграциялану үрдісін жекелеген елдер арасында жүзеге асыру жағдайы да сақталған. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында өзара туристік байланысты нығайту барысында Silk Road Visa сияқты жоба қолға алынды. Мұны «Орталық азиялық шенген» депте атауға болады. Бұл виза арқылы әлемнің 105 елінен Орталық Азия елдеріне туристік сапар шегуге болады [Tengritravel.kz, 2021]. Аталмыш виза жүйесін Қазақстан мен Өзбекстан қолға алғанымен, басқа Орталық Азия елдері де өз көрнекті жерлеріне туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Қорытындылай келе, түркі әлеміндегі этнотуристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін кейбір мәселелерді атап өткен жөн. Соның бірі – визалық өтініштерді жеңілдету. Тағы бір маңызды мәселе – әуе рейстерін көбейтіп, билет бағасын тартымды ету. Сонымен қатар, мәдениет министрліктері мен туризм ведомстволары арасында бірлескен бағдарламалар құру. Соңында айта кететін маңызды жайт, жалпы мәдени құндылықтарды өскелең ұрпаққа таныстыру және насихаттау этнотуризмнің туристік және экономикалық перспективасынан бөлек стратегиялық маңызды мәселе болып табылады.
Дереккөз:
Advantour.com (2022). Түрікменстандағы тарихи-мәдени туризм. Сілтеме: https://www.advantour.com/rus/turkmenistan/tourism/historical-cultural-tourism.htm. Қаралған күні: 30.05.2022.
Adebiportal.kz (1996). Түркі республикаларының сәулет ескерткіштері. Cілтеме: https://adebiportal.kz/ru/books/view/turk-cumhuriyetleri-mimarlik-abideleri__1324. Қаралған уақыты: 24.09.2022.
Archeology.kz. (2002). Көшпелі сәулет. Еуразия тарихы мен мәдениетінің феномені. Сілтеме: http://arheology.kz/monografii/79-arkhitektura-kochevnikov-fenomen-istorii-i-kultury-evrazii-pamyatniki-aralo-kaspijskogo-regiona.html. Қаралған уақыты: 24.09.2022.
Azertag.az (2022). Шамахиде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм министрлерінің 7-ші отырысы өз жұмысын бастады. Сілтеме: https://azertag.az/ru/xeber/V_SHamahe_nachalo_rabotu_7_e_zasedanie_ministrov_turizma_stran_chlenov_Organizacii_tyurkskih_gosudarstv-2148662. Қаралған күні: 01.06.2022.
Сyberleninka.ru (2016). Әзірбайжан халқының мәдени мұрасы этнотуризмді дамытудың негізі ретінде. Сілтеме: https://cyberleninka.ru/article/n/kulturnoe-nasledie-azerbaydzhanskogo-naroda-kak-osnova-razvitiya-etnoturizma-v-respublike/viewer. Қаралған күні: 02.06.2022.
Cyberleninka.ru (2021). Этникалық ауылдар Қазақстандағы туристік бағыттардың тұрақты дамуының факторларының бірі ретінде. Сілтеме: https://cyberleninka.ru/article/n/etnoauly-kak-odin-iz-faktorov-ustoychivogo-razvitiya-turistskih-destinatsiy-v-kazahstane. Қаралған күні: 02.06.2022.
Киличова О. З. (2020). Өзбекстандағы этнографиялық туризмнің өзектілігі мен даму жолдары / О.З.Киличова, Ш.Б.Гаффаров. – Мәтін: тікелей // Жас Ғалым. – 13 (303). – С. 111-113.
Manas.su (2019). Қырғызстандағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары. Сілтеме: http://manas.su/blog/obekty-vsemirnogo-naslediya-yunesko-v-kyrgyzstane1. Қаралған күні: 31.05.2022.
Icomosictc.org (1999). Мәдени туризмнің халықаралық хартиясы. Сілтеме: https://www.icomosictc.org/p/international-cultural-tourism-charter.html. Қаралған күні: 01.06.2022.
Idelreal.org (2022). IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның басқа қаласына көшті. Сілтеме: https://www.idelreal.org/a/31849293.html. Қаралған күні: 31.06.2022.
Forbes.kz (2019). Қазақстан әлемдік этнотуризм орталықтарының біріне айнала алады. Сілтеме: https://forbes.kz/process/tokaev_kazahstan_mojet_stat_odnim_iz_mirovyih_tsentrov_etnoturizma/. Қаралған күні: 04.06.2022.
Tengritravel.kz (2021). «Азия шенгені» туралы не белгілі – Silk Road Visa. Сілтеме: https://tengritravel.kz/my-country/chto-izvestno-ob-aziatskom-shengene-Silk-Road-Visa-438403/. Қаралған күні: 02.06.2022.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.