ҚР Президенті Қ. Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялады [Kaz.zakon, 2022]. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамды дамытудың басты негізі жас ұрпақ екенін түсіндіреді. Бұл Қазақстанның қазіргі әлеуметтік даму жағдайында келешек ұрпақтың өміріне баса назар аудару қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, еліміз бойынша халықтың табиғи өсімін реттеу қалыптасқан демографиялық ахуалды жақсартуға жағдай жасайды. Бұл тұрғыда өңірлердегі бала туу көрсеткіштері мен балаларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Бұл мәселелерді статистикалық деректер мен арнайы зерттеулер арқылы талдауға болады.
Қазіргі кезде елімізде халық саны 19.10 миллион адамды құрап отыр [Stat.gov.kz, 2022]. Оның ішінде 0 ден 17 жасқа дейінгі балалардың саны 2021 жылдың басында 6,295,590 құраған. Бұл көрсеткішті 2011 жылғы статистикалық деректермен салыстырғанда 22,9 % өскен [Bala.stat.gov.kz, 2021a]. Соның ішінде Түркістан облысындағы балалар санын бөліп алып қарайтын болсақ, 2021 жылдың басында 889,872 бала тіркелген. Бұл көрсеткішті Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстыратын болсақ: Маңғыстау облысында көрсетілген мерзімде – 291,145 бала; Шығыс Қазақстан облысында – 291,145; Солтүстік Қазақстанда – 134,454 бала бар [Bala.stat.gov.kz, 2021b]. Алайда, 2020 жылғы деректер бойынша Түркістан облысында 1000 адамға шаққанда 17,02 бала болып еліміз бойынша орташа көрсеткіш 21,81 төмен болып қалды. Бұл көрсеткіш бойынша ең төмен көрсеткіш Жамбылда 12,59 және ең жоғары туу көрсеткіші Қостанайда 30,65 [Bala.stat.gov.kz, 2020a]. Бұл еліміздегі ең тығыз қоныстанған өлкелердің бірі болғанымен, туу көрсеткіші орташа деңгейде болса да, басқа өңірлермен салыстырғанда ерте некеге тұру көрсеткішін де жан-жақты зерттелу керектігін көрсетеді.
Осындай негізде қалыптасып отырған Қазақстандағы демографиялық ахуал әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына сүйенеді. Бұл ең алдымен балалардың жас ерекшелігіне қарай арнайы әлеуметтік жобалар арқылы дамытуды көздейді. Бұл тұрғыда еліміздің «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында «Әйел мен баланың денсаулығын жақсарту. Ана мен баланың денсаулығын қорғау бiздiң мемлекетiмiздiң, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тiкелей назарында болуға тиiс» деп көрсетілді [Adilet.zan.kz, 1997]. Осыған сәйкес халық санының өсу динамикасына баланың денсаулығы маңызды фактор болып табылады. Бала туу санының өсу динамикасын сақтап тұру үшін балалардың денсаулығына мән беріліп, олардың туылу кезіндегі денсаулығы, өсе келе пайда болатын ауыруын болдырмау үшін жағдай жасалады. Бұл үшін Қазақстан бойынша 5,194 педиатр дәрігер қызмет етеді [Bala.stat.gov.kz, 2020c]. Еліміздегі бала денсаулығының реттелуі қазақстандық балалардың жан жақты дамуына және келешек өмірін қолайлы қалыптастыруының кепілі болып табылады.
Баланың өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі, балабақша, мектеп жасына толуы. Қазақстан бойынша балалардың мектепке дейінгі білім алуына арналған 10,867 ұйым бар. Олардың дені балабақшалар, шағын орталықтардан тұрады [Bala.stat.gov.kz, 2020d]. Соның ішінде Түркістан облысында 1,418 балабақша бар. Онда 157,544 бала тәрбиеленеді. Ал балабақшаға кезекте тұрғандардың саны 5,460 баланы құрайды [Balabaqsha.snation.kz, 2022].
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланы жалпы орта білім беретін бастауыш сыныпқа дайындайды. Сонымен қатар, бала тәрбиесімен отырған ата-анасының жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Осы сияқты жалпы білім беретін мектептердің де баланың тәрбиесіне және білім алуында маңызды орын болып табылады. Қазіргі кезде Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 910 (10 жеке меншік) ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 97 бастауыш, 57 негізгі, 756 орта мектеп бар. Оның 78 қалада, 832-ауылдық елді мекендерде орналасқан [Gov.kz, 2022a]. 2025 жылға дейін облыс көлемінде 158 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Бұған республикалық бюджеттен 51,027,970,0 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған [Gov.kz, 2022b]. Облыстағы білім сапасына келетін болсақ, 2021 жылы Орталық Азия елдеріне арнайы дайындалған Index of Disparity in Access to Quality Secondary Education IDAQSE рейтингісі бойынша Түркістан облысы республика бойынша орта білім мектептеріндегі оқушы саны, мамандардың білімінің жоғарылығына, түлектердің ЖОО түсуі көрсеткішіне бойынша көш бастап тұр [Kapital.kz, 2021]. Алайда Түркістан облысы мектептері 2020-2021 жылғы оқу жылында Республикалық олимпиадалар қорытындысы бойынша 62 және 74 орындарға жайғасқан [Matol.kz, 2021].
Сонымен қатар, қазіргі таңда балаларды әлеуметтік қамсыздандыру үшін әрбір облыс, аудан орталықтарында арнайы орталықтар қызмет етеді. Оның негізінде 2020 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда балаларға арналған 245 кітапхана жұмыс жасайды. Бұл 2010 жылмен салыстырған айтарлықтай кеміген, аталмыш жылда республика бойына 41,371 кітапхана болған. Ал балаларға арналған театрлардың көрсеткішінде 2010 жылы елімізде 59 театр болса, 2020 жылы театрлардың саны 65 ке жеткен. Балаларға арналған цирктердің де көрсеткішінде төмен нәтижелер байқалады [Bala.stat.gov.kz, 2020e].
Республика бойынша балаларға арналған мұндай ұжымдардың қызметінің азаюын қосымша білім беру ұйымдарының контингентінің өсуі, арнайы үйірмелердің қызметінің жандануы және ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы ойын сауық орындарының, балалар алаңдарының көбеюімен байланыстыруға болады. Екінші жағынан балалар шығармашылығын дамытуға, балалардың әлеуметтік спортпен шұғылдануына, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған оқушылар сарайы, арнайы орталықтар мен үйірмелер жұмыс жасайды [Dshturkistan.kz, 2022].
Жалпы балалардың денсаулығы, білім және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесінен тыс, балалардың құқығын қорғау жағдайы да арнайы қарастыруды қажет етеді. Қазақстан жағдайында балалардың құқығы мен әлеуметтік жағдайы ЮНИСЕФ шеңберінде қарастырылады [UNICEF, 2022]. Алдағы уақытта, Түркістан облысының әкімдігі балалардың құқығы, әлеуметтік жағдайын БҰҰ-ның қорлары мен республикалық, облыстық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен байланыстыратын болады.
Қорытындылай келе, халықтың табиғи өсімі Қазақстанның демографиялық құрылымы үшін маңызды фактор болып табылады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, бос уақытын тиімді пайдалану, білім алу және балалардың құқықтарын қорғау тікелей жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Осыған байланысты бүкіл республикада және Түркістанда әлеуметтік қамсыздандыруды, тегін білім беруді және бала денсаулығын дамыту үшін жағдай жасалуда.
Дереккөздер:
Adilet.zan.kz (1997). Қазақстан – 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K970002030_/info. Қаралған уақыты: 07.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2021a). Демографиялық сипаттамалар. Жынысы мен жасы бойынша балалардың саны. Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/kz/chislennost-detej-po-polu-i-vozrastu/. Қаралған уақыты: 04.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2021b). 2021 жылдың басына балалар саны. Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/kz/chislennost-detej-na-nachalo-2020/. Қаралған уақыты: 05.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2020a). Общие коэффициенты рождаемости. Доступно по адресу: https://bala.stat.gov.kz/rozhdaemost/. Дата просмотра: 04.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2020b). Анасының жасы бойынша туылғандар. Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/kz/rodivshiesya-po-vozrastu-materi/. Қаралған уақыты: 05.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2020c). Денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері. Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/osnovnye-pokazateli-zdravoohraneniya/. Қаралған уақыты: 05.02.2022.
Bala.stat.gov.kz (2020d). Типтер бойынша мектепке дейінгі ұйымдар. Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/kz/doshkolnye-organizatsii-po-tipam/. Қаралған уақыты: 08.09.2022.
Bala.stat.gov.kz (2020(e). Балалар үшін мәдениет мекемелері Сілтеме: https://bala.stat.gov.kz/kz/uchrezhdeniya-kultury-dlya-detej/. Қаралған уақыты: 07.02.2022.
Balabaqsha.snation.kz (2022). Түркістан облысының мемлекеттік қызметтердің бірыңғай порталы. Cілтеме: https://balabaqsha.snation.kz/kz/tko. Қаралған уақыты: 08.02.2022.
Dshturkistan.kz (2022). Түркістан оқушылар сарайы. Сілтеме: https://dshturkistan.kz/news. Қаралған уақыты: 07.02.2022.
Gov.kz (2022a). Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы. Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-adami-aleuetti-damytu/activities/4599?lang=kk. Қаралған күні: 08.02.2022.
Gov.kz (2022b). Түркістан облысында 2020-2025 жылдар аралығында құрылысы салынатын білім беру нысандары. Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-adami-aleuetti-damytu/projects/details/997?directionId=4599&lang=kk. Қаралған күні: 06.02.2022.
Kapital.kz (2021). Составлен рейтинг областей по доступности качественного образования. Cілтеме: https://kapital.kz/gosudarstvo/94729/sostavlen-reyting-oblastey-po-dostupnosti-kachestvennogo-obrazovaniya.html. 07.02.2022.
Kaz.zakon (2022). 2022 жыл елімізде “Балалар жылы” деп жарияланды. Сілтеме: https://kaz.zakon.kz/6001196-2022-zhyl-elimizde-balalar-zhyly-dep-zhariialandy.html. Қаралған күні: 07.02.2022.
Matol.kz (2021). 100 лучших олимпийских школ Казахстана по итогам РО 2020-2021 у.г. Сілтеме: http://matol.kz/news/217?lang=kz. Қаралған уақыты: 08.02.2022.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.