Қазақстанның ортағасырлық дәстүрлі қала мәдениеті цитадель, шахристан және рабат болып үшке бөлінеді. Қала үшін бұл үш бөліктің де маңызды қызметтері болды. Сонымен қатар, бұл бөліктер өзара тығыз қарым-қатынаста болғанымен әлеуметтік және мәдени жағынан ерекшеленді. Осы тұрғыда қалыптасқан ортағасырлық қалалардың бірі ретінде Түркістан қаласының құрылымы мен ерекшелігі жетерлік. Алайда, қазіргі Түркістанның мәдени және әлеуметтік дамуын зерттеуде бірқатар ерекшеліктерді ескеру керек. Оның ішінде қаланың үлкеюі, адам санының өсуі және саяси маңызының артуы да қарастырылады.
2018 жылы 19 маусымнан бастап облыс орталығы болған Түркістан қаласының жан-жақты дамуы еліміздің оңтүстік аймағындағы ірі саяси және экономикалық аймақ ретінде қарастырылады. Жалпы, Түркістанды Түркі дүниесінің рухани астанасы деп түсінетін болсақ, ендігі жерде қаланың саяси маңызының да жоғарылағанын байқауға болады. Бұл облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық және мәдени инфрақұрылымының жақсаруының басты міндеті болып табылады. Қала төңірегіндегі жаңашылдықтар мен өзгерістер облыс орталығының құрылысын ескі қала және жаңа ықшам аудандар ретінде бөліп қарастыруға негіз болып отыр. Ескі қаланың аумағына көне ғимараттар мен ескерткіштер және мәдени архитектуралық кешендер жатса, жаңа ықшам аудандарға яғни жаңа қала аумағына көп қабатты тұрғын үйлер, өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар және т.б. жатады [Turkistan.gov.kz, 2019].
Қазіргі кезде Түркістанның өркендеуін мәдени және әлеуметтік жобалар аясында қарастыратын болсақ, оны мынадай факторлармен айшықтауға болады. Біріншіден, қаладағы мәдени және әлеуметтік маңызы бар құрылыстардың қызметі. Екінші, қала ішіндегі ескерткіштер мен көркемдік жобалардың ерекшелігі. Үшіншіден инновациялық құрылымдық жобалар мен бастамалар және төртіншіден, қалада өтетін дәстүрлі конкурстар мен фестивальдардың жұмысы болып табылады. Осы факторлар Түркістан қаласының мәдени және әлеуметтік өркендеуін түсіндіруге мүмкіндік береді.
Жоғарыда келтірілген факторлардың біріншісіне тоқталатын болсақ, оған Түркістан қаласындағы орталық мәдени демалыс алаңдары, Гүлдер, Жеңіс, Түркі, Рәміздер саябағы, аллеялар, қалалық мәдениет үйі, туристік нысандар, облыстық театр, кітапханалар, музейлер, Яссауи атындағы ХҚТУ-дің мәдениет орталығы және т.б. жатады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар құрылыстарға халыққа қызмет көрсету орталығы, неке сарайы, жастар орталығы, ірі ойын-сауық сауда орталықтары, тойханалар мен қоғамдық тамақтану орындары жатады. Көрсетілген нысандардың қала халқының мәдени және әлеуметтік өміріне ықпалы зор. Мысалы, қала тұрғындары үшін Есім хан алаңы мен Гүлдер саябағы бос уақытты өткізудің өте тиімді орны болып табылады. Қазіргі кезде аталмыш демалыс алаңдары жарықтандырылып, су бұрқақтар мен арнайы орындықтар орнатылған. Ал, театрлар мен мәдениет үйлерінде жергілікті және елге танымал әртістердің, әзіл-ысқақ театрларының концерттері беріліп тұрады. Сонымен қатар, жергілікті халық Шаншар, Алдараспан сияқты әзіл-ысқақ театрларының концерттерін жібермей көреді. Сол сияқты Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында отандық және шетелдік авторлардың драмалық және комедиялық қойылымдары беріліп тұрады. Алайда, бұл спектакльдерге жиі баратындардың саны аз, себебі жастар арасында театр мәдениеті қалыптаспаған [АӨЖМ, 2019].
Екінші фактор ретінде қарастырылатын қала ішіндегі ескерткіштер мен көркемдік жобаларды бірнеше топқа бөліп көрсетсек болады. Оның негізгісі ретінде ортағасырларға жататын діни-ғұрыптық кешендер, мешіттер жатады. Олардың ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Жұма мешіті, Қылует жер асты мешіті және Яссауи кешеніндегі Қазақ хандығы дәуіріне жататын пантеондық кешеннің орны ерекше. Сонымен қатар, қала ішіндегі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жататын тарихи ескерткіштер жатады. Оның қатарында қазіргі Темір жол вокзалы, Саттар Ерубаев атындағы мемориалды музейдің және т.б. құрылыстары жатады. Жалпы, бұл кешендерде өз заманына тән архитектуралық стильдері сақталған. Бұл ерекше сәулет өнерімен көмкерілген ескерткіштер ескі Түркістанның көне мәдениеті мен жаңа ескерткіштердің астасып жатқандығын көрсетеді. Қазіргі кезде қала ішіндегі саябақтар мен аллеяларда көне мәдениеттің үлгісіндегі көркемдік атрибуты бар нысандар бой көтеріп келеді. Соның ішінде Гүлдер саябағындағы триумфты аркалардың көне шығыстық архитектуралық стильде безендірілуі көркемдік ерекшелікке жатады. Сонымен қатар, көптеген ірі ғимараттар ортағасырлық архитектуралық ерекшелікке бейімделгенін байқауға болады. Мысалы, Түркістан облыстық прокуратура ғимараты, Яссауи атындағы ХҚТУ-дың бас ғимараты, «Наурыз» ойын-сауық орталығы ғимараты және т.б. дәл орта ғасырлардағыдай күмбезді етіп салынған. Бұл ғимараттарға Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің үлгі болғандығы көрінеді. Жалпы, қаланы безендіру жұмыстарында барынша шығыстық стильге басымдық беріліп келеді, оның ішінде қонақүйлер мен сауда орындары құрылыстары ерекше көзге түседі. Мысалы, «Ханака» қонақүйінің құрылысы шығыстық стильде салынып, сыртын арнайы ортағасырлық келбетті көрсететін тас кірпіштермен қаптап, декорациялық әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл үрдіс тек қонақ үйі емес, сонымен қатар Нәзір Төреқұлов атындағы кітап үйі ғимаратында, Шығыс моншасы ғимаратында да жүргізілуде [АӨЖМ, 2020].
Қаланың мәдени дамуының үшінші фактор бойынша дамуына инновациялық құрылымдық жобалар жатады. Оның қатарында қала ішіндегі әртүрлі нысандардағы заманауи технологиялардың тиімді қолданылуы жатады. Мысалы, Гүлдер саябағындағы SMART орындықтардың орналасуы, Жеңіс саябағындағы «Өмірді өзгертуге бір кеңес» тақтасының орын алуы қала жастарының бос уақыт өткізуін қызықты етеді. Ал, саябақтардағы әуенді, түрлі түсті субұрқақтар мен LED экрандардан қала тарихы мен мәдениетінің таныстырылуы қала қонақтары мен туристер үшін танымдық ақпарат болып табылады. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі тазалықты сақтау мақсатында қойылған жаңа үлгідегі қоқыс жәшіктері мен бейне камералардың орнатылуы қаланың таза әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді.
Түркістан қаласы облыс орталығына айналғаннан кейін бірқатар іс-шаралар, концерттер, фестивальдер ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар қаланың мәдени әлеуетін көтеріп, төртінші факторды қамтиды. Мысалы, 2019 жылы 9 тамызды Түркістан жастар қаласы аясында «Turkistan Jastar Fest» фестивалы өткізілді. Фестиваль барысында жастар арасында «Street Workout», «Street Ball», «Rap battles», «Street Dance» және т.б. бойынша бақ сынады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының жастары арасында 2019 жылы қыркүйек айының әр бейсенбі күндері орталық арбатта «Dombyra Party» ұйымдастырылып тұрды. Сонымен қатар, сол жылдың 30 қазанында «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен бір сауда саттық орталығында «Менің Туым, менің Отаным» атты патриоттық акциясы өтті. Бұл акция жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге септігін тигізді. Сондай-ақ, Түркістан қаласы Туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Graftsman-2019» халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге Иран, Түркия, Үндістан, Ресей Федерациясы, Ресей Федерациясының құрамдас бөлігі Якутия, Башқұртстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғыз республикасынан, Өзбекстан елдерінен 200 ге жуық қолөнершілер қатысты [Inform.kz, 2019]. Бұл іс-шарадан бөлек Түркістан қаласының дәмхана, кафе мен мейрамхана ұжымдарының арасында алғаш рет «Дәмді Түркістан» атты I қалалық тамақ фестиваль өткізілді [Ernur.kz., 2019]. Қаланың туристік әлеуетін көтеру мақсатында «Turkistan Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Turkistan: One Way – One History» атты халықаралық туристік форум ұйымдастырылды [Ayu.edu.kz, 2019]. Форум Жібек жолы бойында орналасқан елдердің туризмін дамытуға бағытталып, ондағы өзекті мәселелерді шешуге арналды. Жалпы, «Ұлы Жібек жолы» атауы Түркістан қаласының брэндіне айналған.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласындағы мәдени және әлеуметтік жобалардың іске асуы тікелей қаланың дамуына негізделген. Ол қала социумын жаңа сипатта дамытып, ілгері дамыған қалалардың үлгісінде жүруге бағытталған. Сонымен қатар, Түркістандағы мәдени бастамалар дәстүрлі мәдениет үлгілерін сақтап қалудың негізі ретінде қарастырылады. Әсіресе, мәдени туризмді дамытудың жаңа бағыттарын қалыптастырып келеді. Ал, жаңа ықшам аудандардағы әлеуметтік нысандар жас отбасылар мен облыс орталығына өзге аймақтардан көшіп келгендер үшін ынғайлы заманауи қоныс болып отыр. Сонымен қатар, қазіргі кезде құрылысы бітпеген көптеген сауда орындары, театр, амфитеатр, музейлер мен мәдени орталықтардың қызметі келешекте Түркістан қаласының мәдени және әлеуметтік дамуын жаңа деңгейге көтеретін болады. Түркістандағы мәдени өзгерістер мен әлеуметтік ерекшеліктер тек қала тұрғындары үшін ғана емес, сонымен қатар, облыстың басқа аймақтарына да өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл еліміздегі қала антропологиясында жаңа зерттеулерді қажет ететін өзекті мәселе болып қалыптасады.
Дереккөз:
Turkistan.gov.kz (2019). Основные положения проекта генерального плана по развитию города Туркестан как культурно-духовного центра тюркского мира. Сілтеме: http://turkistan.gov.kz/ru/generalnyy-plan. Қараған уақыты: 23.03.2020.
АӨЖМ (2019). Автордың өзінің жинаған материалдары. Түркістан қаласы, 2019 жыл, қараша-желтоқсан айлары.
АӨЖМ (2020). Автордың өзінің жинаған материалдары. Түркістан қаласы, 2020 жыл, қаңтар-наурыз айлары.
Inform.kz (2019). Түркістанда Graftsman-2019 халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі өтуде. Сілтеме: https://www.inform.kz/kz/turkistanda-craftsman-2019-halykaralyk-kolonershiler-zharmenkesi-otude_a3582023. Қараған уақыты: 24.03.2020.
Ernur.kz (2019). Түркістандық аспаздар бес метрлік кәуап пісірді. Сілтеме: http://ernur.kz/turkistan-oblysy/turkistandyk-aspazdar-bes-metrlik-kauap-pisirdi-video. Қараған уақыты: 22.03.2020.
Ayu.edu.kz (2019). Международный туристический форум ”One Way – One History” Ссылка: http://ayu.edu.kz/ru/archives/47996. Дата обращения: 23.03.2020.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.