2023 жылдың 5-13 наурызы аралығында Пекинде өткен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) 14-шақырылымының 1-отырысы ел көшбасшысы Си Цзиньпиннің үшінші мерзімге сайлануымен аяқталды [Gov.cn, 2023]. Онсыз да 2022 жылдың қазан айында өткен Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) XX құрылтайында Си үшінші рет ҚКП Бас хатшысы болып сайланған еді [Халық газеті, 2022]. Әлемнің халқы ең көп елі және екінші ірі экономикасы саналатын Қытайды тағы бес жыл бойы (мүмкін одан да көп) басқаратын Сидің үшінші кезеңінде Пекиннің ішкі және сыртқы саясаты қалай қалыптасатыны және олардың ықтимал әсерінің қандай болатыны бүкіл әлемнің негізгі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болып отыр.
Екі мерзім ҚКП Бас хатшысы және Қытай төрағасы болған кезде гі басқару стилімен Сидің үшінші мерзімде де қызметін жалғастыратыны күтілген жағдай болатын. Өйткені ол билікке келген 2012 жылдың қараша айынан бастапсаяси, әскери және сыртқы саясасалаларында үлкен өзгерістер мен реформалар жүргізу арқылы билікті өз қолына шоғырландырып, елді дара билеп келген еді. Си саяси аренадағы өзі бастаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің перде артында барлық ықтимал саяси қарсыластарын жоюмен қатар, 2013 жылдың қарашасында Орталық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, 2016 жылдың наурызында Орталық әскери істер комитетінің Операциялық командалық комиссиясы және 2017 жылдың қаңтарында Әскери және азаматтық интеграцияны дамыту орталық комиссиясысияқты жаңа құрылымдарды құру арқылы ҚКП-ныңелдегі қауіпсіздік күштеріне жетекшілік рөлін бекіте түсті. Билікке келгеннен кейін «Қытай арманы» ұраны мен «Белдеу мен жол» бастамасы сияқты геосаяси және геостратегиялық қадамдар жасаған Сидің дипломатиялық бастамалары мен көзқарасы Пекиннің «қытайлық ерекшелікке ие державалық дипломатия» тұжырымдамасының жол картасын айқындайтын негізгі идеология ретінде көрсетіліп, қытайлық баспасөзде «Xiplomacy» деп ата бастады [News.cn, 2022]. Әсіресе, 2017 жылғы қазан айында өткен ҚКП-ның XIX құрылтайында Сидің аты мен оның «Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализм доктринасы» ҚКП-ның партия жарғысына енгізіліп, Қытай көсемі Мао Цзэдун мен реформатор көшбасшысы Дэн Сяопиннен кейін аты мен доктринасы конституциялық деңгейдегі партия жарғысына енген үшінші ҚКП басшына айналды [Gov. cn, 2017]. 2018 жылы наурызда өткен БХӨЖ-нің 14-шақырылымының 1-отырысында Қытай конституциясына өзгерістер енгізіліп, төрағалық мерзім шектеуінің алынып тасталуы Сидің билікте шексіз мерзімге қалуына құқықтық негіз қалыптастырған еді [Синьхуа, 2018].
Сидің үшінші мерзімі, шынын қуғанда, күшейе түскен Қытай көбейе түскен проблемаларының барған сайын айқын сезіле бастаған кезіне тұспа-тұс келді деуге болады. Бәрінен бұрын, алда Си билігін күтіп тұрған маңызды мәселелердің бірі ретінде Қытайдың экономикалық мәселелерін атауға болады. Соңғы жылдары жылжымайтын мүлік секторының құлдырауы мен энергетика, әсіресе электр энергиясы саласындағы дағдарыс сынды көптеген мәселелерге тап болған Қытай экономикасының өсу қарқыны үздіксіз бәсеңдеді. Мысалы, 2018 жылы 6,6%-ға, 2019 жылы 6,1%-ға өскен және 2020 жылы соңғы 40 жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп 2,3% ғана өскен Қытай экономикасы 2021 жылы 8,1%-ға артқанымен, бірақ 2022 жылы қайтадан баяулап, тек 3% өсімге қол жеткізді [Қытай статистика бюросы, 2019; Қытай статистика бюросы, 2020; Қытай статистика бюросы, 2021; Қытай статистика бюросы, 2022; Қытай статистика бюросы, 2023]. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылы қаңтардағы «Әлемдік экономикалық жағдай мен перспективалар2023» есебіне сәйкес, 2023 жылы Қытай экономикасының 4,8%-ға өсетіні болжанып отыр [БҰҰ, 2023].
Қытай экономикасының экспортқа негізделген даму моделі тұрғысынан алып қарағанда, ел экономикасының алдағы кезеңдегі тұрақты өсуі немесе оның бұрынғы өсу қарқынына жетуі Пекиннің келесі экономикалық саясатының қаншалықты табысты болатынына да байланысты. Вашингтонның пайдасына шешілген сауда келісімімен аяқталған АҚШ-Қытай сауда соғысының Қытай экономикасына тигізген кері әсерінің ізі кетпей тұрып, 2020 жылдың ақпан айында басталған жаһандық коронавирус (COVID-19) індетінің жағымсыз салдары да әлі жойыла қоймады. Сонымен бірге бір жылдан бері Ресейдің Украинаны басып алуы да Қытай экономикасының ауыл шаруашылығынан энергетикаға, тасымалдан инвестицияға дейін көптеген салаларына кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені соғысқа дейін Қытайдың жылдық жүгері импортының шамамен 30%-ын және арпа импортының 20%-дан астамын қамтамасыз еткен Украина «Белдеу және жол» бастамасында да маңызды көпір болатын. Сондықтан Си билігі алдағы уақытта дереу ішкі экономикалық мәселелерді тезірек шешумен қатар, қолайсыз геоэкономикалық жағдайда басқа елдермен экономикалық ынтымақтастықты арттыруға күш салуға тура келеді. Әйтсе де, бұрын орталық басқару аппаратында болмаған, Қытайдың жаңадан сайланған премьер-министрі Ли Цянның ел экономикасын қаншалықты алға жылжыта алатыны әзірге белгісіз. Жаңа премьер-министр Лидің супер лидер Сидің көлеңкесінде ғанақалып-қалмайтынын алдағы кезеңде көре жатармыз.
Енді бір жағынан, Сидің үшінші мерзімі жылдар бойы «бейбіт даму» ұранын көтерген Қытайдың жалпы имиджі төмендеп, әлемде синофобия көзқарасы біртіндеп артып келе жатқан кезеңге дүп келіп отыр. АҚШ-тағы PewResearchCenter зерттеушілерінің 2022 жылы жүргізген сауалнамаларына сәйкес, Израильді де қамтыған Еуропа, Солтүстік Америка және Азия-Тынық мұхиты елдерінде Қытайға қарсы көзқарастың тарихта болмаған деңгейге жеткені байқалады. Аталмыш аймақтардағы 19 елден сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы Қытайдың адам құқықтары саласындағы саясатын, 72%-ы әскери күшін, 66%-ы экономикалық бәсекелестігін және 59%-ы Қытайдың басқа елдердің ішкі саясатына араласуын күрделі мәселе ретінде қарастырған. Әсіресе, көршілес Жапонияда 60%, Австралияда 57% және Оңтүстік Кореяда 46% қатысушының Қытайдың әскери қуатын күрделі мәселе ретінде қарастыруы назар аудартады [Силвер, Хуанг және Клэнси, 2022]. Өйткені соңғы жылдары Қытай билігінің ұлттық қауіпсіздік саясатына әсіре көңіл бөліп, Шығыс Түркістанда адам құқықтарына өрескел қайшы қатаң саясат жүргізуімен Гонкоңдағы наразылықтарды күшпен басуы, сондай-ақ Тайван мәселесі мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі егемендік дауларына байланысты Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы басқа елдермен келіспеушіліктерге жол ашуы, көптеген елдерде қытайлық қауіп-қатер, яғни синофобия көзқарасының барған сайын артып келе жатқанын айтуға болады. Жоғарыда аталған сауалнамалық зерттеулер көрсеткендей, әлемде синофобия көзқарасының күшеюі, басқаша айтқанда, Қытайдың жалпы имиджінің төмендеуі Пекиннің соңғы жылдардағы «xipolmacy» деп атаған сыртқы саясат ұстанымының сәтсіздігінің бір көрсеткіші іспеттес. Бұл жағдай Сидің үшінші мерзімде қандай ішкі және сыртқы саясат ұстанатынына тікелей байланысты болмақ.
Халықаралық қатынастар тұрғысынан алып қарағанда, Сидің үшінші мерзімі үшін ең үлкен сынақ – АҚШ-Қытай қарым-қатынасының болашағы екені сөзсіз. Өйткені әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы қарым-қатынастар адам құқықтарынан дипломатияға, сауда мен технологиядан геосаяси және геоэкономикалық бәсекелестікке дейінгі көптеген салаларда қайшылықтар мен келіспеушіліктерге толы. Өйткені, Вашингтон мен Пекин арасындағы соңғы он жылдағы келіспеушіліктер екіжақты қарым-қатынастардан гөрі, АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекелестікке байланысты екенін анық байқауға болады. Қазірдің өзінде АҚШ-Қытай қарым-қатынасы соңғы отыз жылдағы ең төменгі деңгейде. Оның үстіне 2023 жылдың ақпанында АҚШ әуе кеңістігіне енген қытайлық «барлау шарының» салдарынан Вашингтон мен Пекин арасында туындаған жаңа дағдарыс, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің жоспарланған Пекин сапарының кейінге шегерілуіне және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саяси мүдделеріне қайшы әрекет етті деген негіздемемен 6 қытайлық компанияның экспортының шектелуіне себеп болды [Фриман, Левин, 2023; АҚШ Сауда министрлігі, 2023]. Осылайша АҚШ-тың сыртқы істер министрінің Қытайға соңғы бес жылдағы алғашқы сапарының күшінен қалдырылуына себеп болған шар дағдарысы АҚШ-Қытай қарым-қатынасында өзара сенімсіздіктің әлі жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Геосаяси және геостратегиялық тұрғыдан АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекелестік күн санап арта беретінін ескерсек, АҚШ-Қытай қарым-қатынасындағы келіспеушіліктер бір ғана шар дағдарысымен шектелмейтіні даусыз. Демек, Сидің үшінші мерзімінде АҚШ-Қытай қарым-қатынасының негізгі бағыты Үнді-Тынық мұхиты аймағына шоғырланатынын да болжауға болады.
Жаһандық сауданың, әсіресе энергетика тасымалының ең маңызды жолдары өтетін Үнді-Тынық мұхиты аймағы АҚШ-Қытай қарым-қатынасы тұрғысынан да, аймақтық және жаһандық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер тұрғысынан да үлкен маңызға ие. Сондықтан соңғы жылдары Барак Обаманың «Азияға қайта оралу» стратегиясы, Доналд Трамптың «Егемен және еркін Үнді-Тынық мұхиты аймағы» бастамасын және ЖоБайденнің AUKUS келісімі тұрғысынан да АҚШ-тың сыртқы саясатының басымдылығы тұрақты түрде Үнді-Тынық мұхиты аймағына бағытталғанын айтуға болады. Сондай-ақ, соңғы бірнеше жылда Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ, Австралия, Жапония және Үндістан арасындағы «Quad» төрттік альянсының қалыптасуы Қытайдың аймақтағы артып келе жатқан ықпалының алдын алуға бағытталғаны да айдан анық. Аймақта Тайван мен Оңтүстік Қытай теңізін өз жері деп қарайтын Пекин тұрғысынан алып қарағанда,Үнді-Тынық мұхиты аймағы Қытайдың сауда-экономикалық, геосаяси және геостратегиялық мүдделері үшін өмірлік маңызға ие. Сондықтан Сидің үшінші кезеңінде Пекиннің, әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағында маңызды геосаяси және геоэкономикалық қадамдар жасауға тырысатынын болжау қиын емес.
Сонымен қатар, Сидің үшінші кезеңінде Қытай Тайванға әскери шабуыл жасау-жасамауы да өте күрделі сұрақ. Қанша жерден Қытай билігі Тайванды қосып алуды геосаяси және геостратегиялық мақсат ретінде қарастырғанымен, Тайбэйдің қазіргі саяси, экономикалық және әскери жағдайы Пекиннің қалауына ешқашан мүмкіндік бермейтіні сөзсіз. Әзірге тіпті демократиялық Тайван қоғамының бір партияның қатаң басқаруындағы Қытаймен бірігетінін ойлаудың өзі қателік болар еді. Керісінше, Тайванның Қытай территориясының бір бөлігі екенін алға тартып келген Пекиннің алдағы қысқа мерзімде Тайванға әскери шабуыл жасауы да екіталай. Өйткені Қытайдың Тайванға ықтимал шабуылы кез келген уақытта бүкіл Үнді-Тынық мұхиты аймағында үлкен соғысқа ұласу қаупін тудырады. Әзірге Қытай мұндай үлкен қауіппен күресетін жағдайда емес. Алайда, егер Си үшінші мерзімнен кейін төртінші мерзімге билікте қалуға тырысса және Қытай қоғамының қарсылығына тап болса, ішкі саяси қарсылықты басу үшін Тайванды әскери күшпен қосып алуықтималдығын қарастыруы мүмкін екенін ескермеуге болмайды.
Қорытындылай келе, Си қанша жерден ҚКП басқару құрылымындағы дәстүр лі жас шектемесі мен мерзім шектеуінен асып түсіп, Маодан кейінгі ең күшті Қытай басшысы болса да, бірақ оның биліктегі үшінші мерзімі оңай болмайтынын болжауға болады. Өйткені, аймақтық әрі жаһандық геосаяси және геоэкономикалық жағдай тез өзгеріп, Қытайдың экономикалық мәселелері туындай бастаған кезеңге сәйкес келген Сидің үшінші мерзімінің қалай болатыны көптеген ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Сонымен қатар, қазіргі ҚКП Орталық саяси бюросы
Тұрақты комитетінің Сиден басқа 6 мүшесінің де жасы 60-тан асқаны және Сиден кейінгі билік мұрагерінің әлі анықталмағаны не Си төртінші мерзімге де билікте қалауы мүмкін немесе ҚКП элитасында күрделі бір белгісіздік бар деген екі түрлі ойға жетелейді. ҚКП дәстүрі бойынша, келесі басшының кандидаты қазірден-ақ Орталық саяси бюроның Тұрақты комитетінде болуы керек еді. Қала берді, 2022 жылдың қазан айында өткен ҚКПXX құрылтайында ҚКП-ның бұрынғы Бас хатшысы және Қытай төрағасы ХуЦзиньтаодыңзадлапкүшпен шығарылуы ҚКП-ның өз ішіндегі қайшылықтарды да паш еткен болатын. Бұл қайшылықтың Сидің үшінші мерзіміне қаншалықты әсер ететіні тағы бір сұрақ деуге болады.
Дереккөз:
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.