Соңғы жылдары жаһандық күш тепе-теңдігінің Азия-Тынық мұхиты аймағына қарай ойыса бастаумен қатар аймақтың әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық маңызы арта түсіп, аймақ елдер арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық пен интеграциялық бастамалар да маңызды бола бастады. Әлем халқы мен экономикасының тең жартысынан астамын құрайтын Азия-Тынық мұхиты аймағында қазіргі таңда Аймақтық жан-жақты экономикалық серіктестік (Regional Comprehensive Economic Partnership – RCEP), Транс-Тынық мұхиты серіктестігі (Trans-Pacific Partnership – TPP) және Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея еркін сауда келісімі (ЕСК) сияқты аймақтық экономикалық интеграция бастамалары жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Азия-Тынық мұхиты экономикасының маңызды орталығы саналатын Шығыс Азиядағы Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея қатарлы көрші үш ел арасында ұзақ жылдар бойын жалғасып келе жатқан ЕСК келіссөздері соңғы жылдары жаһандық және аймақтық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер аясында тіпті де көбірек талқылана бастады.
Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК үш ел арасындағы тарифтік кедергілерді біртіндеп жоюға және сауда, инвестиция, қаржы және валюта саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Әсілінде, Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК 1997 жылғы Азия қаржы дағдарысынан кейін Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяның өзара аймақтық экономикалық интеграцияға мән беруінен бастау алды деуге болады. Бүкіл Азияны әуре-сарсаңға салған 1997 жылғы Азия қаржы дағдарысының жағымсыз салдарын азайту мақсатында 1997 жылы желтоқсанда Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (ASEAN) мен Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасында ASEAN+3 платформасы басталған болатын. Жылына бір рет өткізіліп, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы тұрақты сауда-экономикалық үнқатысу пен келіссөздер тетігін қалыптастырған ASEAN+3 платформасының 2002 жылдың қараша айында өткен отырысында Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК идеясы алғаш рет ұсынылған еді. Кейінірек, алғашқысы 2008 жылы желтоқсанда Жапонияның Дазайфу қаласында өткен Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея басшыларының саммитінің аталмыш елдер арасындағы үшжақты ЕСК бойынша іс-қимылдардың ілгерілеуінде маңызды рөл атқарғанын айтуға болады. Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея басшыларының саммитімен қатар, үш елдің сыртқы істер министрлері мен сауда министрлері арасындағы үшжақты саммиттер сияқты жоғары деңгейдегі үнқатысу тетіктері аясында да Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК талқыланды. Осыған орай 2012 жылдың мамыр айында Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасында инвестицияларды өзара ынталандыру, жеңілдету және қорғау туралы алғашқы келісімге қол қойылуы Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бойынша келіссөздерінің ресми басталуына мүмкіндік берді (MOFA Japan, 2012). 2013 жылы наурызда алғашқы Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК келіссөздері өткен Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде 2019 жылдың қарашасында аталмыш келіссөздердің 16-шысы өткізілді (China FTA Network, 2019a).
2002 жылы күн тәртібіне шыққан Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСІК бойынша үшжақты келіссөздер үдерісі ішінара кешеуілдеулерге қарамастан маңызды ілгерілеушіліктерге де қол жеткізді. Бұл тұрғыда 2015 жылдың желтоқсанында күшіне енген Қытай-Оңтүстік Корея ЕСК Пекин мен Сеул арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бойынша келіссөздерді де жеделдете түсті (China FTA Network, 2015). 2019 жылғы сәуірде төртінші рет өткен Қытай-Оңтүстік Корея ЕСК-нің екінші кезеңінің айтарлықтай ілгерілеуі Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСІК бойынша өтіп жатқан келіссөздерге ықпал етуде (China FTA Network, 2019b).
Әсіресе, 2019 жылы желтоқсанда Қытайдың Чэнду қаласында өткен Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея басшыларының 8-ші саммиті үш ел арасындағы ЕСК келіссөздерін қамтыған аймақтық экономикалық интеграцияның ілгерілеуіне маңызды үлес қосты деуге болады. Әлемдік экономика тұрақты түрде баяулай бастаған және АҚШ-Қытай сауда соғысы жалғасып жатқан кезде өткен Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея басшыларының 8-ші саммитінде тараптар үш ел арасындағы ЕСК-ін қамтыған саяси және сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету және аймақтық ынтымақтастықты арттыру бойынша өзара ортақ пікірге келді. Қорытынды ретінде «Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ынтымақтастығының онжылдық болашағы» атты құжатты жариялаған үшжақты саммитте 2020 жылы қол қою жоспарланған RCEP келісімінің негізінде Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бойынша келіссөздерді одан әрі жеделдету, сөйтіп үш ел арасындағы сауда-экономика, қаржы, инвестиция, техника және туризм салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту қарастырылды (Xinhua, 2019).
Жақында, 2020 жылы 14 мамырда Қытайдың Чэнду, Тяньцзинь, Далянь, Шанхай, Сужоу және Циндао қалаларында Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК аясында Қытай-Жапония өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша пилоттық аймақ құрылатындығы туралы хабарланды(Live Japan, 2020). Ал, 2020 жылы 21-22 мамыр аралығында Пекинде өткен XIII Жалпықытайлық халықтық конгресінің (ЖҚХК) 3-ші отырысында Үкімет жұмысы туралы есебін ұсынған Қытай премьер-министрі Ли Кэцян өз елінің аймақтық және жаһандық сауданы ырықтандыруға және инвестицияларды жеңілдетуге үлкен мән беретінін мәлімдеп, Қытайдың алдағы кезеңде RCEP және Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бағытына күш салатынын атап өтті (Xinhua, 2020). Сонымен қатар, XIII ЖҚХК 3-ші отырысында Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы трансшекаралық транзакцияларды жеңілдету үшін үш елдің және Гонконгтың валютасы арасында сандық валюта пайдалану ұсынысының жасалуы да назар аударарлық жайт (Ledger Insights, 2020).
Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы соңғы сауда-саттық мәліметтеріне назар аударсақ, Шығыс Азиядағы Қытай бастаған аталмыш үш елдің ұзақ уақытқа созылған Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК келіссөздеріне көбірек назар аударуы керек екенін көрсетеді. Себебі, 2018 жылғы мәліметтер бойынша әлемдік экономиканың төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы үшжақты сауда айналымының жалпылай төмендегені байқалды. Мәселен, 2019 жылы Қытай-Жапония екіжақты сауда көлемі 303,91 млрд. доллар болып 4,3%-ға төмендесе, ал Қытай-Оңтүстік Корея екіжақты сауда көлемі 244,43 млрд. доллар болып 9,4%-ға құлдырады. Сондай-ақ, Жапония мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты сауда көлемі де 11,7%-ға төмендеп, 76,67 млрд. доллар болды (MOFCOM, 2020a; MOFCOM, 2020b).
Қорытындылай айтқанда, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея экономикасының Азия-Тынық мұхиты аймағында да, әлемде де маңызды орынға ие екенін ескергенде, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея үшкені арасында еркін сауданы дамыту және аймақтық экономикалық интеграцияны жеделдету сияқты прагматикалық ынтымақтастықты арттыру қажет екендігі даусыз. Қазіргі жағдайда COVID-19 індетінің жаһандық экономикаға әсері барған сайын күшейіп, АҚШ-Қытай қайшылығы қайтадан шиеленісе бастаған қазіргі жағдайда, әсіресе, аймақтық еркін сауда келісімдерін ілгерілету және экономикалық ынтымақтастықты нығайту әрі Қытай үшін, әрі Жапония мен Оңтүстік Корея үшін де маңызды бола түсуде. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы кезеңде Пекин, Токио және Сеул арасында Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бойынша келіссөздердің жеделдейтінін болжауға болады. Алайда, жаһандық және аймақтық геоэкономикалық және геостратегиялық өзгерістермен қатар, үш ел арасында бұрыннан жалғасып жатқан дау-дамай да Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК бойынша келіссөздерге әсер етуі мүмкін. Нақтап айтқанда, Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК-нің болашағы, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея үшкені арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарымен қатар, белгілі бір деңгейде АҚШ-тың Жапония мен Оңтүстік Кореяда әскери күші, Тайвань мәселесі, Корей түбегіндегі шиеленіс және Жапония мен Қытай арасындағы Санкаку (Диаою) аралдарына талас-тартыс сияқты көптеген маңызды мәселелерге байланысты болмақ. Сондай-ақ, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы RCEP және TPP сияқты тіпті де кең ауқымды келісімдерге байланысты өзгерістер де Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК-не әсер етуі мүмкін.
Дереккөз:
China FTA Network (2019a). Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ЕСК туралы 16-шы келіссөздері Сеулде өтті. Сілтеме: http://fta.mofcom.gov.cn/enarticle/chinarihen/ chinarihennews/201912/41963_1.html. Қаралған уақыты: 20.05.2020.
China FTA Network (2015). Қытай-Оңтүстік Корея және Қытай-Австралия ЕСК 2016 жылы 20 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Сілтеме: http://fta.mofcom.gov.cn/enarticle/enkorea/ enkoreanews/201601/30417_1.html. Қаралған уақыты: 21.05.2020.
China FTA Network (2019b). Қытай-Оңтүстік Корея ЕСК-нің екінші кезеңі бойынша 4-ші келіссөздері Пекинде өтті. Сілтеме: http://fta.mofcom.gov.cn/enarticle/chinakoreatwoen/ chinakoreatwoennews/201904/40205_1.html. Қаралған уақыты: 21.05.2020.
Live Japan (2020). Қытайдың Чэнду қатарлы 6 қаласында Қытай-Жапония өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша пилоттық аймақ құрылады. Сілтеме: http://www.livejapan.cn/home/home_headLines/20200525/27637.html. Қаралған уақыты: 20.05.2020.
Ledger Insights (2020). Хонг Конг, Қытай, Корея және Жапония арасындағы саудаға стаблекоин валютасы ұсынылды. Сілтеме: https://www.ledgerinsights.com/stablecoin-currency-proposed-for-hongkong-china-korea -japan-trade/. Қаралған уақыты: 25.05.2020.
MOFA Japan (2012). Жапония үкіметі, Корея Республикасы үкіметі және Қытай Халық Республикасы үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара ынталандыру, жеңілдету және қорғау туралы келісім. Сілтеме: https://www.mofa.go.jp/announce/announce/2012/5/pdfs/ 0513_01_01.pdf. Қаралған уақыты: 20.05.2020.
MOFCOM (2020a). Жапонияның 2019 жылғы сыртқы сауда мәліметтері. Сілтеме: https://countryreport.mofcom.gov.cn/record/view110209.asp?news_id=68472. Қаралған уақыты: 26.05.2020.
MOFCOM (2020b). Оңтүстік Кореяның 2019 жылғы сыртқы сауда мәліметтері. Сілтеме: https://countryreport.mofcom.gov.cn/record/view110209.asp?news_id=68418. Қаралған уақыты: 26.05.2020.
Xinhua (2019). Қытай-Жапония-Оңтүстік Корея ынтымақтастығының онжылдық болашағы. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/world/2019-12/24/c_1125383968.htm. Қаралған уақыты: 22.05.2020.
Xinhua (2020). 2020 жылғы Қытайдың Үкімет жұмысы туралы есебі. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/ politics/2020lh/2020-05/22/c_1126018545.htm. Қаралған уақыты: 25.05.2020.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.