2025 жылдың 29 сәуірінде Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан (ҚҚӨ) теміржолы жобасы аясында Қырғызстанда Ферғана таулары, Нарын №1 және Қоштөбе туннелдерінің құрылысы ресми түрде басталды. Әрқайсысы бір жолақты, 10 шақырымнан асатын бұл туннелдер аталған теміржол желісінің ең маңызды бөлігі саналады. Аталмыш туннелдерді үш ел бірігіп құрған ҚҚӨ теміржол компаниясы қаржыландырып, құрылыс жұмыстарын Қытай мемлекеттік теміржол корпорациясына қарасты Қытай халықаралық теміржол компаниясы жүргізіп жатыр [China Daily, 2025]. Осылайша, көп жылдан бері талқыланып келе жатқан ҚҚӨ теміржол жобасы соңында құрылыс кезеңіне өтті. Аталған теміржол желісі Орталық Азияның Қытаймен байланысын күшейтіп қана қоймай, аймақтық сауданы түбегейлі өзгерту әлеуетіне ие. Дегенмен, ҚҚӨ теміржолы тек экономикалық мүмкіндіктер әкелумен қатар, геосаяси, экологиялық және қаржылық қауіптері де бар.
Әсілінде, 1990-жылдардың басында ұсынылып, алғаш рет 1997 жылы Парижде өткен Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі (TRACECA) отырысында ортаға қойылған ҚҚӨ теміржол жобасының басты мақсаты аталған үш елдің теміржол желілерін өзара ұштастырып, Ауғанстан, Иран және Түркия арқылы Еуропаға дейін созылатын балама құрлық дәлізін құру болатын. Осылайша Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақыты қысқартып, тасымал шығындарын азайту жоспарланған. Алайда, 1997 жылдың сәуірінде Ташкентте тараптар арасында аталмыш теміржол құрылысы бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қойылғанына қарамастан, жоба шамамен отыз жылға жуық түрлі деңгейде келіссөздердің нысаны болып келді. Бұл ұзақ мерзімде тараптар арасында теміржол желісінің бағыты мен техникалық сипаттамалары және қаржылық мәселелері бойынша туындаған келіспеушіліктер, Қырғызстанда жиі болған саяси тұрақсыздық, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара даулары, сондай-ақ аймақтағы геоэкономикалық және геосаяси жағдайлар жобаның іске асуын айтарлықтай тежеп келді.
Алайда соңғы жылдары Пекин, Бішкек және Ташкент арасындағы сауда, экономика және инвестиция бойынша ынтымақтастықтың нығаюына байланысты ҚҚӨ теміржолына қатысты үшжақты келіссөздер айтарлықтай жеделдеген болатын. Нәтижесінде, 2022 жылы үш ел ортақ саяси мәмілеге келіп, сол жылдың қыркүйегінде аталмыш темір жолдың Қырғызстандағы бөлігін салуға байланысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2023 жылы жобаның инженерлік және техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары ресми басталып, 2024 жылдың маусымында Пекинде Қырғызстан бөлігінің құрылысы мен қаржыландыру шарттары бойынша түпкілікті келісім жасалды. Кейінірек, 2024 жылдың шілдесінде Бішкекте Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол компаниясы құрылып, сол жылдың желтоқсанында Жалал-Абадта ҚҚӨ теміржолының іргетасын қалау рәсімі өтті [Қырғыз теміржолдары, 2024; Eurasia Pluse, 2025].
Жоспарға сәйкес, ҚҚӨ теміржолы Қытайдың Қашғар қаласынан басталып, Қырғызстанның Торугарт және Арпа аудандарынан өтіп, Өзбекстанның Әндіжан өңірінде аяқталады. Жалпы ұзындығы шамамен 523 шақырымды құрайтын бұл бағыттың 260 шақырымы Қырғызстан аумағынан өтеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Қытай мен Орталық Азия арасындағы тасымалдау уақыты 7 күнге қысқарумен қатар, Қырғызстан жылына 15-20 миллион тонна транзит жүкті тасымалдау әлеуетіне ие болатыны болжанып отыр [Railway PRO, 2024]. Сонымен қатар, бұл теміржол арқылы Оңтүстік Азия мен Таяу Шығысқа бағытталған жаңа сауда жолдары да ашылады. Демек, ҚҚӨ теміржолы Орталық Азия үшін шығыс-батыс бағытында жаңа көлік дәлізін ұсынады. Әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ Қырғызстан мен Өзбекстан үшін Қытай нарығына жету уақыты мен шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Бішкек тұрғысынан алғанда, аумағының 94%-ын таулар алып жатқан географиялық ерекшеліктеріне байланысты көлік инфрақұрылымында автомобил жолдарына тәуелді Қырғызстан үшін ҚҚӨ теміржолы аса маңызды [FAO, 2016]. Елдің солтүстік пен оңтүстік аймақтарын байланыстыратын теміржол желісінің болмауы және қолданыстағы автомобил инфрақұрылымының тозуы Қырғызстанды көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мәжбүр етіп отыр. Қазіргі жоспар бойынша, ҚҚӨ теміржолының Қашғардан бастап Торугарт асуы арқылы Арпа, Макмал және Жалал-Абад қалаларына жетіп, одан әрі Өзбекстанның Әндіжан қаласына қосылуы елдің Тәңіртау арқылы бөлінген солтүстік және оңтүстік бөліктерін байланыстыруға сәйкес келеді. Бұл тұрғыда, Қырғызстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алғашқы теміржол жобасы болып, 2022 жылы құрылысы басталған Балықчы-Қочқор-Қара-Кече теміржол желісін кейіннен ҚҚӨ бағытына қосу жоспарланған [Қырғыз теміржолы, 2024]. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстан теміржол бойындағы аймақтарда еркін сауда және логистикалық орталықтар құруды жоспарлауда. Әсіресе, Әндіжан мен Ош қалаларының логистикалық хабқа айналуы жұмыспен қамтуды арттырып, өңірлік дамуға ықпал етеді.
ҚҚӨ теміржолының құрылысының Орталық Азияда Қытайдың экономикалық ықпалы артып, аймақтық геосаяси тепе-теңдік өзгеріп жатқан кезеңде басталуы да назар аударарлық. «Белдеу және жол» бастамасының маңызды бөлігі саналатын ҚҚӨ теміржолы Қытайдың батысқа бағытталған логистикалық стратегиясының бір бөлігі. Әсіресе, Ресей-Украина соғысы салдарынан солтүстік дәліздегі геосаяси белгісіздіктер Қытайды балама бағыттар іздеуге мәжбүрлей түсті. Бұл тұрғыдан ҚҚӨ теміржолы Пекин үшін саяси әрі экономикалық жағынан стратегиялық қадам болып есептеледі. ҚҚӨ теміржолы желісі дәстүрлі түрде Ресей бақылауындағы солтүстік дәліздерге балама болып, Қытай тауарларын Ресейді айналып өтіп, Еуропа мен Таяу Шығысқа жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл жоба Ресей тарапынан стратегиялық қауіп ретінде қабылдануы ықтимал
Орталық Азия елдері үшін ҚҚӨ теміржолы көпжақты сауда мүмкіндіктерін ашатын маңызды қадам ретінде қарастырылғанымен, оның жергілікті қажеттілікпен қаншалықты үйлесетіндігі де өз алдына өзекті мәселе. Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы аясында жасаған инфрақұрылымдық инвестициялары Пекиннің жұмсақ күшін арттыруға және «қарыз тұзағы дипломатиясы» қаупіне алып келуі ықтимал. ҚҚӨ теміржолының Қырғызстан бөлігінің жалпы құны 4,7 млрд АҚШ долларын құрайды, оның ішінде 2,35 млрд доллары Қытайдан алынатын қарыз есебінен қаржыланбақ. Сонымен қатар, ҚҚӨ теміржол компаниясының акцияларының 51%-ы Қытайға, 24,5%-ы Қырғызстанға, 24,5%-ы Өзбекстанға тиесілі [Kabar, 2024]. Қаржылық қиындықтарға тап болып отырған Қырғызстанның жалпы сыртқы қарызы айтарлықтай өсіп келеді. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мәліметтеріне сәйкес, Қырғызстанның сыртқы және жалпы қарыз тәуекелдері орта деңгейде, ал мемлекеттік қарыз 2035 жылға қарай ЖІӨ-нің 39,7%-ын құрайтыны болжанып отыр. 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша елдің жалпы сыртқы қарызының 36,5%-ы Қытайға тиесілі [ХВҚ, 2025]. Қазіргі экономикалық жағдайды ескергенде, ҚҚӨ теміржолы жобасының шығындары Бішкек үшін үлкен қаржылық ауыртпалық болып отыр. Сонымен қатар, Қытайдан алынған миллиардтаған долларлық қарыз Қырғызстанды «қарыз тұзағына» түсіру қаупін күшейте түсті. Құрылыс мерзімінің ұзартылуы немесе техникалық қиындықтар себебінен шығындардың өсу ықтималдығы да аталмыш жобаның тұрақтылығын да қауіпке ұшыратуы мүмкін. Сондықтан Қырғызстан балама қаржыландыру жолдарын қарастыруы тиіс.
Сонымен қатар, Қырғызстандағы жоспарланған бағыт биік және экологиялық тұрғыдан сезімтал аймақтардан өтеді. Табиғи мекендердің бұзылуы, су көздерінің ластануы және жергілікті тұрғындарды көшіру қаупі бар. Қырғызстандағы экологиялық ұйымдар Чатыр-Көл және Арпа аңғарларындағы құрылыс жұмыстарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Жергілікті қауымдастықтарды жобаға қоспау және шешім қабылдау үдерісінен шеттету әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін. Әсіресе, құрылыс барысында экологиялық әсерді бағалау жеткіліксіз жүргізілсе, бұл қауіп күшейе түседі. Сондай-ақ, бағыт бойындағы кейбір археологиялық орындардың бүлінуі және мәдени мұраның жойылу қаупі жергілікті дереккөздері дабыл қаққан болатын[Сапаров және Ибраимов, 2021].
Қорытындылай келе, ҚҚӨ теміржолы, әсіресе, Қырғызстан мен Өзбекстан үшін тарихи мүмкіндік болып саналатыны сөзсіз. Алайда, бұл мүмкіндіктің тұрақты табысқа айналуы тек техникалық және экономикалық жоспарлаумен шектелмей, ашықтық, экологиялық сезімталдық және аймақтық тепе-теңдік саясатымен тығыз байланысты. Елдің шектеулі қаржылық ресурстары мен қарыз жүктемесін ескерсек, Қытай қаржысына тәуелді аталмыш жоба бойынша Қырғызстанның қарызды қайтару қабілеті үлкен қауіп тудырады. Мұндай жобаларда қолданылатын қарыз келісімдеріндегі құпиялылық шарттары борышкер елдердің сыртқы саясаттағы мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан, Қырғызстан үшін қаржылық ашықтық пен қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту аса маңызды. ҚҚӨ теміржолы жобасының аймақтық ықпалдастықты ынталандыруы және даму қарқынын жеделдетуі үшін көп тарапты басқару үлгісі қажет. Жергілікті халық, азаматтық қоғамдық ұйымдары, академиялық орта және жеке сектор бұл үдеріске қатыстырылып, тек мемлекетаралық дипломатиямен шектелмеуі керек. Ұзақ мерзімді табыс тек теміржолдың салынуымен емес, оның қалай пайдаланылатынына, қаншалықты тиімді болатынына және экологиялық тұрақтылық қағидаттарына қаншалықты сай келетініне байланысты.
Дереккөз:
China Daily (2025). Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының үш маңызды туннелінің құрылысы басталды. Сілтеме: https://www.chinadaily.com.cn/a/202504/29/WS6810e628a310a04af22bceab.html. Қаралған уақыты: 23.06.2025.
Eurasia Pluse (2025). Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы. Жоба қанша уақыттан бері талқыланып келеді? Сілтеме: https://eurasiapluse.kz/ky/kytaj-kyrgyzstan-zbekstan-temir-zholu-dolboor-kachantan-beri-talkuulanyp-zhatat/. Қаралған уақыты: 24.06.2025.
FAO (2016). AQUASTAT деректері. Сілтеме: http://www.fao.org/nr/water/aquastat/data/query/index.html. Қаралған уақыты: 24.06.2025.
Jalil Saparov, Bakyt Ibraimov (2021). Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы әлі белгісіз. Сілтеме: https://dialogue.earth/en/business/china-kyrgyzstan-uzbekistan-railway-remains-uncertain/#:~:text=Experts%20worry%20about%20the%20environmental,inevitably%20affected%20flora%20and%20fauna. Қаралған уақыты: 27.06.2025.
Kabar (2024). Сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге өту. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы. Сілтеме: https://kabar.kg/news/perekhod-na-kachestvenno-novyi-uroven-zheleznaia-doroga-kitai-kyrgyzstan-uzbekistan/. Қаралған уақыты: 26.06.2025.
Қырғыз теміржолы (2024). Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы жобасы. Сілтеме: https://railway.kg/content?slug_name=invest-proektyi24032024153434. Қаралған уақыты: 24.06.2025.
Railway PRO (2024). Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы бойынша келісімге қол қойылды. Сілтеме: https://www.railwaypro.com/wp/agreement-signed-for-china-kyrgyzstan-uzbekistan-rail/. Қаралған уақыты: 25.06.2025.
Халықаралық валюта қоры (2025). Қырғыз Республикасы: 2025 жылғы IV бап консультациясына арналған қызметкерлер есебі: Қарыз тұрақтылығы бойынша талдау. Сілтеме: https://www.elibrary.imf.org/view/journals/002/2025/118/article-A003-en.xml#RA003fn5. Қаралған уақыты: 26.06.2025.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

