2023 жылдың 5 сәуірінде Тайван президенті Цай Ин-вэннің Калифорнияда АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккартимен және партияаралық конгресс делегациясымен кездесуі Тайван мен Қытай арасындағы шиеленісті тағыда ушықтырды. Осы кездесуге жауап ретінде Қытай 2023 жылдың 8-11 сәуірі аралығында Тайван бұғазында қазірге дейінгі ең үлкен әуе және теңіз жаттығуларын өткізді. Тайван Қорғаныс министрлігі аталған жаттығуға Қытайдың 71 соғыс ұшағы мен 7 әскери кемесі қатысқаны анықталғанын және жаттығу кезінде 43 соғыс ұшағы Тайван бұғазының орта сызығын кесіп өткенін хабарлады [Хуаң және Ли, 2023]. Пекиннің аталмыш әскери жаттығуы әлемдік баспасөзде Қытай Тайванға басып кіре ме, жоқ па деген сұрақты қайта туындатты.
Әсілінде, Қытайдың Тайван бұғазындағы бұл ауқымды әскери жаттығуы алғашқысы емес әрі соңғысы да болмауы мүмкін. 2022 жылдың тамызында АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелосидің соңғы 25 жылда АҚШ-тың ең жоғары дәрежелі саясаткері ретінде Тайванға барған сапары кезде, Қытай тағы да дәл осындай наразылық танытып, Тайван бұғазында әскери жаттығу өткізген болатын [CSIS, 2022]. Ең алдымен, Қытай мен Тайван арасындағы келіспеушіліктің 1949 жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе екенін ескерсек, Пекин мен Тайбэйдың шиеленісі бірде қатаң, бірде бәсең болып жалғаса беретінін болжауға болады. Өйткені келіспеушіліктің бір жағында жылдар бойы Тайванды Қытай территориясының бір бөлігі деп мәлімдеп келген Пекин тұрса, екінші жағында Қытайдың мәлімдемесін жоққа шығарып, Тайванның 70 жылдан астамуақыттан бері тәуелсіз ел екенін алға тартып келе жатқан Тайбэй тұр. Тайван аралы мен құрлықтық Қытайдың арасындағы географиялық арақашықтық небәрі 130 шақырым болса да, Тайбэй мен Пекин арасындағы саяси, идеологиялық, әлеуметтік және мәдени арақашықтық әлдеқайда үлкен. Мысалы, Лондондағы Economist Intelligence Unit (EIU) дайындаған 2022 жылғы Жаһандық демократия индексі бойынша, 167 елдің арасында Тайван 8,99 ұпаймен 10шы орында болса, ал Қытай 1,94 ұпаймен 156-шы орында тұр. Тіпті аталған индексте Қытай билігі «авторитарлық режим» ретінде көрсетілген [EIU, 2023]. Сонымен қатар, Тайванда тәуелсіздікті жақтайтын Демократиялық даму партияның (DDP) жетекшісі Цайдың президенттік мерзімі мен Қытайда елдің негізін қалаған Мао Цзэдун мен реформатор Дэн Сяопиннен кейінгі ең күшті көшбасшы ретінде танылған Си Цзиньпиннің билігінің тұспа-тұс келуі Тайбэй мен Пекин арасындағы ұзақ уақытқа созылған келіспеушіліктің бұрынғыдан да арта түскенін айтуға болады. Атап айтқанда, Си басшылығындағы Пекин билігінің соңғы жылдарда Гонконгтағы үстемдігін нығайтуға талпынуы мен наразылықтарды күшпен басуы, сондай-ақ, Тибет пен Шыңжаңдағы адам құқықтарына қарсы қуғын-сүргін саясаты еркін де демократиялы Тайван қоғамының алаңдаушылығын арттырған еді. Ендеше, бір партиялы «авторитарлық» Қытайдың жылдар бойы алға қойған «Бір ел екі жүйе» аясындағы «Бейбіт бірігу» саясатын еркін де демократиялы Тайванның қабылдай қоюы екіталай деуге болады.
Негізі Тайванның қазіргі әлеуметтік және этномәдени жағдайы тұрғысынан алып қарағанда, Тайбэй мен Пекиннің жолы қазірше тоғыса қоймайды. Соңғы жылдардағы Тайванның ұлттық бірегейлігінің даму динамикасы да бұл болжамды растайды. Мысалы, 1992-2022 жылдар аралығында Тайвандағы ұлттық бірегейліктің қалыптасу динамикасы туралы Тайванның Ченчи ұлттық университеті Сайлауды зерттеу орталығының сауалнамалық зерттеулеріне сәйкес, аталған үдерісте Тайванда жалпы тайвандық бірегейлікті қабылдайтындардың саны бірте-бірте көбейіп, керісінше, қытайлық бірегейлікті қабылдайтындардың саны азайған. Мысалы, 1992 жылы тайвандық бірегейлікті қабылдағандардың үлесі 17,6 пайыз болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 60,8 пайызға жеткен. Керісінше, қытайлық бірегейлікті қабылдағандардыңүлесі1992жылғы25,5 пайыздан 2022 жылы 2,7 пайызға дейін төмендеген [NCCU, 2023a]. Сонымен қатар, Сайлауды зерттеу орталығының тағы бір сауалнамасына сәйкес, Тайванда тәуелсіздікті қолдайтындардыңкөрсеткіші1994жылғы8 пайыздан 2022 жылы 25,4 пайызға дейін өскен. Керісінше, Қытаймен бірігуді жақтаушылардың үлесі 1994 жылғы 15,6 пайыздан 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеген [NCCU, 2023b]. Оның үстіне, аталмыш арту мен азаю үрдісінің, әсіресе соңғы 4-5 жылда жеделдей түскені көңіл аударарлық. Мысалы, Тайванның тәуелсіздігін қалайтындардың үлесі 2018 жылғы 15,1 пайыздан 2022 жылы 28,5 пайызға дейін өссе, Қытаймен бірігуді қалайтындардың үлесі 2018 жылғы 12,8 пайыздан 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеген [NCCU, 2023b].
Алайда алдағы кезеңде Қытай мен Тайван арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасатынын дәп басып айту қиын болса да, болжауға болады. Ең алдымен, Қытай-Тайван қарым-қатынасының болашағы Пекин мен Тайбэйдың келесі қадамдарына байланысты өрбитін болады. Кем дегенде, алдағы қысқа мерзім тұрғысынан қарастырғанда, атап өтетін маңызды жәйттің бірі – 2024 жылдың қаңтарында болатын Тайвандағы президент тік сайлау. Аталмыш сайлауда ең үлкен бәсекелестік биліктегі DDP партиясынан кандидат болған қазіргі вице-президент Лай Уильям мен Қытай Ұлтшыл партиясының (KMT) кандидаты Хоу Ю-йи арасында болмақ. Егер Лай жеңіске жетсе, DDP мен ізашары Цайдың тәуелсіздікті жақтайтын саясатын жалғастыратынын болжауға болады. Тайванның ең маңызды бұқаралық ақпарат құралдарының бірісаналатынSET News-тің 2023 жылдың мамыр айында жүргізген сауалнамасына сәйкес, Лай 29,8 пайыздық көрсеткішпен көш бастады [SET News, 2023]. Егер KMT кандидаты Хоу жеңіске жетсе, Тайван өзінің қазіргі мәртебесін сақтауға тырысады деуге болады. Өйткені Хоудың «Бір ел екі жүйе» саясатына да, Тайван тәуелсіздігіне де қарсы екені белгілі болып отыр [Эверингтон, 2023]. Екі жағдайда да Қытай жақтап отырған «Бір ел екі жүйе» аясындағы «Бейбіт бірігу» саясатының күн тәртібіне шығуы екіталай.
Ендеше, Қытай өзі қалаған «Бейбіт бірігу» болмаса, Тайванға әскери шабуыл жасай ала ма? Бұл сұрақты келесі бірнеше маңызды факторлар бойынша сараптауға болады. Ең алдымен, шағын арал болғанымен, 1949 жылдан бері іс жүзінде тәуелсіз мемлекет және әлемнің 18-ші үлкен экономикасы болумен қатар, әлемде әскери күші 23-ші орында тұрған Тайванның Қытайға оңай олжа бола қоймасы анық. Тайванның дамыған экономикасы мен жоғары технологиясын ескере отырып, Тайбэйдың Пекиннің ықтимал әскери шабуылынан өзін қорғауға жеткілікті түрде дайын екенін межелеуге болады. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жоғары технологиялық қарулардың шешуші рөл атқарған Ресей-Украина соғысының мысалы жоғары технологиялық қаруларға ие болудың маңыздылығын анық көрсетіп отыр [Кул, 2023]. Тағы бір жағынан, АҚШ-тың Тайванға қару-жарақ көмегі мен қару-жарақ сатуының артуы да назардан тыс қалдыруға болмайтын фактор. Соңғы рет 2023 жылдың 6 мамырында Вашингтон Тайванға 1 миллиард долларлық қару-жарақ көмегінің бірінші бөлігі ретінде 500 миллион доллар бөлгенін жариялады [OCAC, 2023]. Пекиннің күшейіп келе жатқан қауіп-қатеріне қарсы Вашингтонмен әскери ынтымақтастығын арттыруға мән берген Тайбэй оның үстіне АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Канада және Жаңа Зеландия құрған «Бес көз» (FVEY) барлау альянсымен де ынтымақтастығын нығайта түсті [Америка дауысы, 2023]. Қала берді, Тайванның әскери міндет мерзімін 6 айдан бір жылға дейін ұзартуының да маңызды зор [Америка дауысы, 2023].
Сондай-ақ, Қытайдың Тайванға ықтимал әскери шабуылы АҚШ пен оның одақтастарының әскери араласуына себеп болатынын және бүкіл Үнді-Тынық мұхиты аймағын үлкен соғысқа итермелейтінін болжау қиын емес. Өйткені Қытаймен жаһандық бәсекелестікке түскен АҚШ тұрғысынан алып қарағанда, ықтимал соғыс жағдайында Тайванға қолдау көрсету Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы өзінің геосаяси және геоэкономикалық орны мен мүддесін қорғау деген сөз. Жаһандық ЖІӨ-нің 40 пайызына және әлем халқының 60 пайызына ие Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз жолдары жыл сайынғы әлемдік жүк тасымалының шамамен бестен бір бөлігін құрайды. Сондықтан, АҚШ билігі Үнді-Тынық мұхиты аймағында өзінің AUKUS, Quad және басқа да қауіпсіздік және әскери келісімдері арқылы, сондай-ақ,Үнді-Тынықмұхиты экономикалық шеңбері (IPEF), АҚШ-Жапония саммиті, АҚШ-Оңтүстік Корея саммиті және Жапония-Австралия 2+2 саммиті сияқты маңызды саяси және экономикалық ынтымақтастық тетіктері арқылы аймақтағы ықпалын сақтауға тырысып келеді. Қытайдың Тайванға ықтимал әскери шабуылы үлкен жаһандық экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін деген де болжамдар да бар. АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Аврил Хейнс әлемдік жартылай өткізгіш чип өндірісінің шамамен 60 пайызын өндіретін Тайванда ықтимал соғыс салдарынан өндіріс тоқтайтын болса, бұл әлемдік экономикаға жылына 600 миллиардтан 1 триллион долларға дейін зиян келтіруі мүмкін деп мәлімдеді [Reuters, 2023].
Қорыта айтқанда, қазіргі саяси, экономикалық және әскери жағдайға байланы сты Қытай мен Тайванның бейбіт немесе әскери жолмен бірігуі мүмкін емес. Күшейіп келе жатқан Қытай Тайванды өз аумағының ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырғанымен, Тайван аралы мен құрлықтық Қытай бірікпес, бірікпейтін бөліктер тәрізді. Тайванның қазіргі мәртебесін сақтау әзірге екі тарап үшін де ең ұтымды амал деуге болады. Қытай Тайванға әскери шабуыл жасаса, АҚШ пен оның батыстық одақтастарымен қатар, Үнді-Тынық мұхиты аймағында өзімен егемендік дауы бар көптеген елдермен бетпе-бет келетіні анық. Сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздігі шет елдерге өте тәуелді және экономикалық өсімі экспортқа негізделген Қытайдың АҚШ пен оның одақтастарының ықтимал эмбарголары мен экономикалық санкцияларына ұзақ уақыт төтеп бере алмайтынын да межелеуге болады. Қытайдың ең болмағанда қысқа мерзімде Тайванға әскери шабуыл жасамайтынын болжау қиын емес.
Дереккөз:
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.