Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Өзбекстан Республикасының экономикалық дамуы Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімовтің ұсынған ‘‘Өзбекстан моделі’’ негізінде жүзеге асырылды. Еркін нарықтық экономикаға көшудің бес негізгі қағидаттарын іске асыру реформалау процесінде біршама қысқа мерзімде елге қойылған міндеттерде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Экономикалық реформаларды сауатты және дәйекті жүзеге асыру есебінен тұтастай алғанда экономиканың құрылымы мен дамуында оң өзгерістер байқалды (Podrobno.uz, 2017).
Реформалардың бірінші кезеңі нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру және нарықтық қатынастардың іргетасын құру үшін барлық жағдай жасалды. Бұл кезеңде кәсіпкерлер класы қарқынды дами бастады. Шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерліктің қарқынды дамуы мемлекеттің қолдауымен ел ішіндегі жекешелендіру процестерімен сүйемелденді (Biznes-daily.uz, 2018). Өзбекстандағы реформалардың екінші кезеңі экономиканың қаржы секторын нығайтуға және тұрақтандыруға толық бағытталды. Сонымен 1999 жылына дейін экономиканың нақты секторына тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 10 млрд. доллардан асты. Нәтижесінде ел өзінің отын-энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, өнеркәсіпті нығайтты. Бұл шетелдік инвестициялар елдің энергетикалық және өнеркәсіптік салаларының дамуына оң әсерін тигізді.
Үшінші кезеңде заманауи экономиканың іргетасы құрылды. Макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізілді және жаңа институттар мен басқару органдарын құру бойынша үлкен жұмыс жүзеге асырылды. Қаржы, салық және ақша жүйелерінде түрлі өзгерістер болды. Мәселен, тек 1998 жылы ғана жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі 4,4% өсті, оның ішінде өнеркәсіп секторы 5,8% және ауыл шаруашылығы 4% артты.
2008 жылдан бастап Өзбекстан экономикасының даму процесінде жаңа кезең басталды деп айтуға болады. Әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстың әсерінен экономиканың өсу қарқынын қорғау мақсатында Өзбекстанның «2009-2015 жылдарға арналған» дағдарысқа қарсы бағдарламасы дайындалды. Бағдарлама қиын дағдарыс жағдайында да жұмыспен қамту деңгейін экономиканың өсуінің тұрақтылығымен қамтамасыз етуге бағытталған. Екінші жағынан, халықтың әл-ауқатын тұрақты қорғауды қамтамасыз ету үшін түрлі әлеуметтік бағдарламалар жасалды (Cyberleninka.ru, 2018). Осы шаралардың арқасында дағдарыстың салдары белгілі бір дәрежеде азайтылғанымен, экономиканың өсу қарқыны 2008 жылғы 9% -дан 2015 жылы 7% -ға дейін құлдыраған жоқ (Dünya Bankası, 2019). Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2016 жылы Президент болып сайланған Шавкат Мирзиёев елдің экономикалық жағдайын жоғары деңгейге көтеру керек екенін және бұл көптеген салалардағы реформалар нәтижесінде болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мирзиёев басқарған өзбек экономикасы көптеген салаларда жоспарланған және жүзеге асырылған реформалардың арқасында әлемге кеңірек ашылу арқылы экономиканы одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. 2016 жылғы 14 желтоқсанда Олий Мажлистің бірлескен отырысында Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М. Мирзиёев салалар мен аймақтарды жаңғырту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті (Fundamental-economic.uz, 2017).
2015 жылдан бастап күшіне енген экономикалық құлдырау Мирзиёев реформаларының алғашқы нәтижелерімен бірге өсу тенденциясын көрсетті, ол 2017 жылғы 4,4% -дан 2018 жылы 5,1% -ға және 2019 жылы 5,2% -ға өсті (World Bank, 2019). Салалық негізде өнеркәсіп пен құрылыс салалары елдің ЖІӨ-нің дамуына үлкен ықпал етті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 19,3% -ға артып, 6,1 млрд. доллар құрады.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамына сәйкес Өзбекстанның жалпы өнімінің өсімі 2021 жылы 5,5%, ал 2021 жылы 6% құрайды. Сонымен қатар, сарапшылар көрсеткішке әсер ететін басты факторлар шетелдік инвестициялар көлемі, ауыл шаруашылығындағы жағдай және экспорттың өсу қарқыны болатынын атап өтті (Andris Molchanov, 2019).
Елдегі ең үлкен инвестициялық әлеуетке дәстүрлі салалар ие. Бұл мұнай-газ, химия және тау-кен өндіру, ауыл шаруашылығы және тоқыма өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс, банк, телекоммуникация және туризм сияқты әлеуетті перспективалық бағыттар. Сонымен қатар бүгінгі таңда елдің Экономика және өнеркәсіп министрлігі кешенді даму тұжырымдамасын әзірледі, ол Өзбекстанға 2030 жылға қарай табыс деңгейі орташадан жоғары 50 әлем елдерінің тобына кіруге мүмкіндік береді (Uz.sputniknews.ru, 2019).
2018 жылмен салыстырғанда тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,5 есеге артып, 4,2 миллиард долларға жетті. Осының есебінен 142 заманауи кәсіпорын іске қосылды (Regnum.ru, 2018). Мәселен, металлургия саласындағы тікелей шетелдік инвестициялардың өсуі 2018 жылмен салыстырғанда 2 еседен астам, тоқыма саласы 2,7 есе, азық-түлік тауарлары өндірісі 3,1 есе, фармацевтика саласы 6,3 есе өсті (Uzdaily.com, 2019). Өзбекстанның Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметтері бойынша 2018 жылы билік 1,7 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестицияларды игерді. Соңғы 20 жылда Өзбекстан экономикасына игерілген тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 25,3 млрд долларды құрайды. Оның 11,8 миллиард доллары соңғы бірнеше жылда инвестиция ретінде тартылған. Егер елдегі өзгерістер соңғы бірнеше жылдағыдай жоғары қарқынмен болатын болса, мемлекет шетелдік инвесторларға ұзақ мерзімді салымдар үшін барынша қызықты мүмкіндіктер ұсына алады. Айта кету керек, Өзбекстан соңғы бірнеше жылда DoingBusiness рейтингінде 166-орыннан 76-орынға көтерілді (Forbes.kz, 2019).
Инвестициялар мен тұтынудың өсуі елдегі нақты ЖІӨ-нің өсуіне ықпал етті. Инвестициялар экономика өсуінің негізгі қозғаушы күші болып қалады. Тұтастай алғанда, 2020-2021 жылдар іске қосылған экономикалық реформаларды ескере отырып неғұрлым серпінді болады. Іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту, үй шаруашылықтарының кірісін арттыру және экспорт көлемінің күтілетін өсуі сияқты жағымды сценарийлерді ескере отырып, Өзбекстан экономикасы алдағы жылдары тұрақты өсуді жалғастырады деп айтуға болады.
Kaynaklar:
Философия ғылымдарының докторы (PhD) Жандос Ранов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика және әкімшілік ғылымдар факультетінің Халықаралық қатынастар бөлімін бітірді. 2008 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика және әкімшілік ғылымдар факультетінің Экономика бөлімінде магистр дәрежесін алды. Кейінірек сол университетте Есеп және аудит кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды.