Бүгінгі еңбек нарығы өркендеген технологиялық инфрақұрылым, интернет және ақпараттық технологиялардың арқасында айтарлықтай өзгеріске ұшырады. XXI ғасырда, әсіресе, соңғы жылдағы адамзат өмірінің көптеген саласында болып жатқан қарқынды өзгерістер қамтыған аймақтарын жеделдете дамытып, кеңейтіп, жаңа жұмыс бағыттарының пайда болуына түрткі болды. Дәрігер, мұғалім, ғалым, сот, есепші сынды дәстүрлі танымал мамандықтардың қатарына қазіргі уақытта көп салада әлеуметтік медиа маркетингінен бастап, жасанды интеллектіге негізделген медицина сынды мамандықтар қосылды. Қазіргі заман талабына сәйкес, дәстүрлі мамандықтарға да тәжірибесі мен дағдыларын жаңарту қажеттілігі туындады. Бұл процесте тиісті технологиялық құралдар мен инфрақұрылымды пайдалану тәжірибесінің маңызы арта түседі [Нұрбек, 2022].
Болашақта ауқымды масштабта еңбек нарығының қалай қалыптасатыны жайлы сарапшылардың көзқарасы әртүрлі. Кейбір пікірлерге қарағанда, алдағы бірнеше онжылдықта роботтар, алгоритмдер және жасанды интеллект екі миллиардқа жуық адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Сонымен қатар, жаңа өзгерістер талабына қарай туындайтын мамандықтар жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болып, жұмыспен қамтуға ықпал ететіні айтылған [Нұрбек, 2020]. Мұндай кең ауқымды болжамдар айтылғанымен, болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын нақты айту өте қиын.
Технологиялық өзгерістердің еңбек нарығына әсер ету процесіне байланысты әртүрлі сала мамандары мен ғалымдар болашақта машина жасау мен робототехникадағы әзірлемелердің маңыздылығын атап көрсетеді. Мысалы, тарихшы Ю. Харари жасанды интеллект саласы адам эмоциясын оның өзінен жақсы түсінетінін айтады (Харари, 2019). Басқа көзқарастарға назар салсақ, қаржы сарапшысы, дәрігер, журналист, есепші, психолог, антрополог, археолог сынды мамандықтар болашақта жартылай немесе толық автоматтандырылады деген пікірлер кездеседі [Шваб, 2018]. Сонымен қатар, интернетте адамдардың әрекеті мен тұтынатын өнімдері мұқият бақыланады. Яғни, интернетте адамдар тұтынған өнімнің мазмұнына ұқсас контенттердің ұсынылатыны сынды көптеген жағдайға тап болуымыз мүмкін. Жасанды интеллект технологиясы қайталанатын операцияларды анықтау барысында ақпарат көлемі мен тәжірибесі арта түсетіндіктен, банк секторындағы едәуір мамандарды алмастырады деп болжам жасалған [Харари, 2019]. Қазіргі уақытта Google, Tesla сынды ірі компаниялар жүргізушісіз, өздігінен жүретін автомобильдер шыға бастағаны да белгілі [Анаш, 2018].
Мұндай болжамдар күнделікті өміріміздегі кейбір мәселелерде жиі көрініс табатынын байқаймыз. Мысалы, интернетке смартфон арқылы қосылып, көптеген өнімдерді сатып алу, түрлі банк операцияларын жүзеге асыру және төлем жасау әрекеттерін өзіміз орындай алатындықтан, банктер мен басқа да мекемелердегі осындай жұмыстармен айналысатын қызметкер санының айтарлықтай азайғанын байқаймыз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен 2020 жылы жарық көрген «Жаңа мамандықтар мен құзіреттер атласында» Қазақстанда алдағы бес-он жылдан кейін тоғыз сала бойынша өзгеретін, жоғалып бара жатқан және пайда болатын жаңа мамандықтар тізімі құрастырылған [Enbek.kz, 2020]. Атласта Қазақстан экономикасының дамуына басым үлес қосатын тау-кен металлургия кешені, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, мұнай және газ, көлік және логистика, туризм, машина салалары бойынша жұмыс істейтін мамандар өз мамандығын терең білумен қатар, гибридті дағдыларды да (цифрлық қабілеттерге басымдық беріледі) жоғары деңгейде меңгеру қажеттілігі айтылған. Сонымен қатар, атласта белгілі бір мамандықтарға сұраныс азаятындықтан, жұмыспен қамту да қысқаратыны айтылған. Оның ішінде мейрамхана және билет кассирі, билеттерді брондау операторы, ыдыс жуушы, есепші, құжат айналымы жөніндегі маман сынды әртүрлі мамандықтардың иелері көрсетілген [Enbek.kz, 2020]. Атлас құрастырған мамандар жастарға қауіп төніп тұрған мамандықтарды таңдамауға кеңес береді. Атлас жобасының жетекшісі С. Нұрбек болашақта Қазақстанда 129 мамандыққа қажеттілік болмайтынын алға тартады [Сақтаған, 2022].
Қазіргі білім саласы мен еңбек нарығын зерттеп жүрген мамандар болашақта сұраныс артатын мамандықтарды да атап өтеді. Олар бүгінде ғалымдардың зерттеу тақырыбының аясы тым тарылып кеткендіктен, ғылым салаларындағы және қоғамдағы күрделі проблемаларды кең көзқарас тұрғысынан талқылап, шешуге мүмкіндігі мен қабілеті азайып бара жатқанын атап көрсеткен [Жаһан, 2020]. Сондықтан, мамандану дәстүрінен шығып, тарихтан жете мәлім болғандай, көп сала бойынша пәнаралық ғылымдар негізінде білім алған әрі алысқа болжам жасай алатын мамандарды жетілдіру ісі академиялық тұрғыда кездесетін мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді [Жаһан, 2020].
Еңбек нарығындағы әртүрлі өзгерістерге қарамастан, көптеген саладағы мамандық топтары маңыздылығын жоймай, болашақта арықарай өмір сүре береді. Оған қоса, макро ауқымнан жеке деңгей аясында қарастырғанда ақындарға, батырларға және басшыларға, жалпы барлық жұмысшыға назар салсақ, кәсіби топтарда жұмыс құрылымының көп өзгермегенімен, тек сипаттама немесе анықтамалары кеңейе түскені назарға ілігеді. Мысалы, ақын дегеніміз туындыгер немесе шығармашылық адамы ретінде танылғаннан кейін бұл ұғымның мазмұны кеңейіп, басқа салалардағы инженерлер мен дизайнерлерді де қамтыған. Мұндай кәсіп немесе мамандықтарды әртүрлі санаттарға жатқызатын пікірлер кездеседі. Мысалы, батырлар санатында кәсіби тұрғыда қабылдау әрекеті қауіпсіздік саласындағы әскерлермен ғана шектелмейді, яғни кәсіпкерлерді де заманымыздың батырлары ретінде қабылдауға болады. Түйіндеп айтқанда, бүгінгі технологиялық инфрақұрылым мен әзірлемелер еңбек нарығында практикалық және техникалық өзгерістер тудырумен қатар, өміріміздегі әртүрлі қабылдаулар мен түсініктерді концептуалды түрде біріктіріп жатыр [Жаһан, 2022].
Қорыта келгенде, күнделікті қайталанбалы, схемалы үдерістерге негізделген жұмыс орындарында көрініс тапқан робототехника мен жасанды интеллект саласының қолданылу өрісі кеңейіп, көптеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжамдар кездеседі. Сонымен қатар, мұндай инновациялық үдеріс әртүрлі мамандықтарды ашуға және кеңейтуге мүмкіндік беру арқылы жаңа жұмыс орындарымен де қамтамасыз етеді. Сондықтан мемлекеттер өзіндегі жұмыс күшіне, әсіресе, жастарға осындай үрдістерден шет қалмай, жұмыспен қамтудың жаңа бағыттарын пайдалануға кеңес береді. Болашақта қойылатын шарттарға қарай өзгеріп әрі пайда болып жатқан мамандықтар тұтас еңбек нарығын қалай қалыптастыратынына бірге куә боламыз.
Дереккөз:
Анаш, Думан (2018). Жүргізушісіз көлік: пайдасын көреміз бе, зиянын шегеміз бе? Сілтеме: https://egemen.kz/article/164477-zhurgizushisiz-kolik-paydasyn-koremiz-be-ziyan-shegemiz-be. Қаралған уақыты: 21.04.2022.
Жаңа мамандықтар мен құзіреттер Атласы (2020). Сілтеме: https://www.enbek.kz/atlas/kk/about. Қаралған уақыты: 20.04.2022.
Жаһан (2020). Бізге терапевтер, философтар керек. Жаһан: 1 (28). 22-29.
Жаһан (2022). Ескірмейтін үш мамандық. Жаһан: 1 (38). 22-27.
Нұрбек, Саясат (2020). Жаңа мамандықтар атласы. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=dmOcy6u5ZWQ. Қаралған уақыты: 20.04.2022.
Нұрбек, Саясат (2022). 5 жыл босқа оқыдым. Саясат Нұрбек өз өмірі туралы және болашақ пен дағдылар жайлы. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=UKBd9RpST5o. Қаралған уақыты: 22.04.2022.
Сақтаған, Арай (2022). Қазақстанда 129 мамандық жойылады – Саясат Нұрбек. Сілтеме: https://turkystan.kz/article/175946-kazakstanda-129-mamandyk-zhoyylady-sayasat-nurbek/. Қаралған уақыты: 22.04.2022.
Харари, Ювал Ноаһ (2019). ХХІ ғасырға 21 сабақ. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 384 б. Сілтеме: https://elib.kaznu.kz/book/9595. Қаралған уақыты: 20.04.2022.
Шваб, Клаус (2018). Төртінші индустриялық революция. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 200 б. Сілтеме: https://openu.kz/kz/books/8. Қаралған уақыты: 21.04.2022.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Айнур Ахметова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының зерттеушісі. «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавриат (2006-2010 жж.), магистратура (2011-2013 жж.) және докторантурада (2016-2019 жж.) білім алған. 2020 жылы «ХХІ ғасырдағы (2000-2015 жж.) қазақ романындағы «Мәңгілік ел» концепті» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.