Қазір әлемдік климаттың орташа температурасы өткен ғасырға қарағанда 1°С-қа артқан [Таиров, 2021]. Бұл жылынудың негізгі себептерінің бірі технологиялық даму екендігі белгілі. Адамдардың экологиялық мәселелерге салғырт қарауы мен көмірқышқыл газының мөлшерден тыс бөлінуі атмосферадағы парниктік газдардың көбеюіне әкелді [Біріккен Ұлттар Ұйымы, 2020]. Мұндай климаттық өзгерістер нәтижесінде экономикалық және әлеуметтік мәселелер де ұлғайып жатыр.
Осы себепті қазіргі уақытта адамдар экологиялық мәселелердің маңыздылығына мән бере бастады. Сәйкесінше, олар тұрақты және экологиялық таза орта құруға қатысуға барынша ұмтылуда. Климаттың өзгеру мен табиғи ресурстардың сарқылу қаупінің алдын алу мақсатында «жасыл құрылыс» мәселесі қазіргі заманның күн тәртібіне шықты. Қазірде көптеген елдер ғимараттарды жобалау және құрылысын жүргізу кезінде экологиялық аспектілерді ескеру қажеттілігін мойындайды. «Жасыл» құрылыс – материалдарды таңдаудан бастап қалдықтарды жоюға дейінгі процестің әр кезеңінде экологиялық аспектілерді ескеретін құрылыс тәсілі [Корниенко, 2017]. Процестің әр кезеңінде экологиялық аспектілерді ескеретін мұндай құрылыс тәсілі ресурстарды пайдалану тұрғысынан тиімді және қоршаған ортаға қолайлы ғимараттарды салу үшін тұрақты шешімдерді ұсынады.
Жасыл құрылыстың негізгі қағиаттары ретінде энергия тиімділігі, қайта қалпына келетін энергия көздерін және экологиялық таза материалдарды пайдалану, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару болып табылады [Корниенко, 2017]. Кез-келген ғимаратты жылыту, салқындату және жарықтандыру үшін айтарлықтай энергия қажет. Ал жасыл құрылыс жылуды бойында ұстап қалу, энергияны үнемдейтін жылыту және салқындату жүйелері, тиімді жарықтандыру және энергияны басқару сияқты әдістерді қолдана отырып, энергияны тұтынуды азайтуды алдына міндет етіп қояды. Сондай-ақ, күн және жел энергиясы сияқты қайта қалпына келетін энергия көздерін пайдалану – жасыл құрылыстың негізгі принциптерінің бірі. Осындай принциптер негізінде салынған ғимараттар күн батареяларын, жел генераторларын және табиғи көздерден энергия алуға мүмкіндік беретін басқа жүйелерді кеңінен пайдаланады [Біріккен Ұлттар Ұйымы, 2020]. Бұл электр энергиясын тұтынуды азайтып қана қоймай, сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды фактор болып табылатын парниктік газдар шығарындыларын азайтуға көмектеседі.
Жасыл құрылыстың тағы бір маңызды аспектісі – қайта қалпына келетін экологиялық таза материалдарды пайдалану. Өндіру кезінде энергияны көп тұтынатындықтан және процес барысында зиянды шығарындылар деңгейінің жоғары болуына байланысты темірбетон және болат сияқты дәстүрлі құрылыс материалдары қоршаған ортаға теріс әсер етеді. Жасыл құрылыста ағаш және шыны талшықты арматура сияқты қайта қалпына келетін көздерден алынған қоршаған ортаға зияны жоқ материалдар белсенді қолданылады [Turkov.ru, 2022]. Мұндай материалдарды таңдау кезінде олардың өндірістік процесі, қоршаған ортаға әсері және қайта пайдалану немесе қайта өңдеу мүмкіндігі ескеріледі. Бұл қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға және табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жасыл құрылыс суды тұтынуды азайтуды көздейді. Сәйкесінше, мұндай ғимараттар суды жинауға, тазартуға және қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жүйелерді пайдаланады [Каранова, 2017]. Мысалы, жаңбыр суын өсімдіктерді суару үшін, ал ағынды суларды көгалдарды суару мақсатында пайдалануға болады. Сондықтан, жасыл құрылыс жаңбыр суы мен ағынды суды өңдеу жүйелерін және ғимараттардағы суды тұтынуды азайту үшін су үнемдеу жабдықтарын орнатуды көздейді. Жасыл құрылыс, сондай-ақ, қалдықтарды азайтуға және құрылыс материалдарын барынша қайта өңдеуге бағытталған [Никифорова, 2020]. Бұған тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын бөлек жинау және қайта өңдеуге жататын материалдарды пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.
Жасыл құрылыс стандарттарын әзірлеу және қолданысқа енгізу инновациялық технологиялар мен экономикалық дамуға әсер етіп, қоғамның өмір сүру сапасын және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартады. «Жасыл стандарттарды» Еуропалық Одақ, Солтүстік Америка, Австралия, Азия елдері және Ресей кеңінен қолдануда. Бұл стандарттарды әлемдік деңгейде сертификаттайтын арнайы жүйелер бар. Олардың көшбасшысы ретінде 1990 жылы әзірленген Ұлыбританиялық BREEAM (BRE Environmental Assessment Method) жүйесі және 1998 жылы жасалған американдық LEED (leadership in Energy and Environmental Design) жүйесін айтуға болады [Алимова, 2023]. Аталмыш екі жүйе де құрылыс нысанын экологиялық қауіпсіздік, энергия тиімділігі және ыңғайлы басқарылатын ішкі ортаны қамтамасыз ететін заманауи «жасыл» технологияларды енгізу тұрғысынан бағалайды. LEED және BREEAM екеуі де сапалы орта құруды, энергия мен суды үнемдеуді, қауіпсіз жергілікті материалдарды және қайта өңделетін материалдарды пайдалануды, қалдықтарды бөлек жинауды, қоршаған орта мен үй-жайлардың параметрлерін басқаруды реттейді. LEED талаптарына сәйкес сертификатталған ғимараттар қарапайым ғимараттарға қарағанда электр энергиясын 25%-ға, суды 30%-ға дейін үнемдейді [Гельманова, 2016].
Соңғы жылдары бұларға тағы да американдық екі жүйе WELL және Fitwell қосылды. Бұл – тұрғындардың денсаулық деңгейін және оған сәулет пен қоршаған ортаның қалай әсер ететінін бағалайтын жаңа деңгейдегі стандарттар түрі. Мысалы, WELL бойынша шатырда жемістер мен көкөністерді өсіре алатын жылыжайлардың болуы, сондай-ақ психологиялық және физикалық денсаулыққа оң әсер ететін эко-демалыс (бау-бақша, мал шаруашылығы) ортасын құру өте маңызды [Дементеев, 2021]. Бүгінде жалпы ауданы 1 миллиард шаршы метрден асатын жылжымайтын мүлік нысандары LEED жүйесіндегі «жасыл» стандарттың талаптарын орындаған. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы – Абу-Даби қаласы – экологиялық құрылыс бойынша көшбасшы болып саналады. Мұнда 22,4 мыңнан астам «жасыл» ғимарат бар [Густова, 2020]. Ал Ресейдегі заманауи тұрғын үйлердің жағдайы әлі де жоғары экологиялық стандарттардан алыстау. Көпқабатты құрылыс нысандарында өмір сүрудің жайлылығын және құрылыс процесінде энергия тиімділігін арттыратын экоқұрылыстың элементтері ғана енгізілуде [Савенко, 2022]. Мысалы, LEED талаптары бойынша «Меркурий-Cити» мұнарасы, «Гиперкуб» кеңсе орталығы, «Нордстар Тауэр» бизнес орталығы, Sok, Eightedges, Лахта-центр смарт-кеңселері ғимараттары сертификатталса, Trinity Place, «Электро», Ducat Place III, Central City Tower сияқты ғимараттар BREEAM стандарттарына сәйкестендірілген [Бабкин, 2022].
Қазақстанда да «жасыл» жобалар әзірленіп, қолданысқа беріліп жатқан құрылыс нысандары да аз емес. Солардың қатарына Алматыдағы «Greenville» қалашығы, «Esentai Tower» және «BNC Plaza» бизнес орталықтары, «Ergo Group» тұрғын үй кешені, Астанадағы «Talan Towers» бизнес орталығы, Астана Халықаралық қаржы орталығы, «MEGA Silk Way» және «Abu Dhabi Plaza» сияқты сауда және бизнес орталықтары жатады. Елімізде мұндай «жасыл» құрылысқа себепкер болған 2017 жылдың 10 маусымымен 10 қыркүйек арасында Астанада ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі деп айтуға болады. Себебі, «Болашақ энергиясы» деген атпен өткізілген бұл көрменің жалпы мақсаты «жасыл құрылыс» нормаларына және энергия үнемдеудің әлемдік стандарттарына сәйкес құрылыс нысандарын салу еді. Мұндай әлемдік стандарттарға сай сертификаттау жүйелері «жасыл» нарықтың кеңеюіне үлес қосатыны сөзсіз. Бұл процес ерікті болса да, жылжымайтын мүлікке деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында құрылыс компаниялары осы стандарттарға сай болуға барынша ұмтылып жатыр.
Дегенмен, мұндай тұрғын үйлердегі пәтерлердің бағасы және бизнес орталықтардағы алаңдарды жалға алу құны дәстүрлі материалдардан салынғандар ғимараттарға қарағанда әлдеқайда жоғары. «Жасыл» ғимараттардың қымбат болуының негізгі себебі – экологиялық таза құрылыс материалдарының әдеттегі құрылыс материалдарынан қымбат болуы. Сонымен қатар, «жасыл» технологиялар қосымша қызмет көрсетуді қажет етеді. Бұл, өз кезегінде, жылжымайтын мүлік иелері үшін қосымша шығын. Жасыл құрылыстың баяу ілгерілеуінің тағы бір себебі – әлемдік ұйымдардың сертификаттау құнының жоғары болуы. LEED сертификаттау стандарты 100000 АҚШ долларынан жоғары соманы құраса, BREEAM сертификатын алу үшін 70000 АҚШ доллары және 15-20% кеңесшінің жұмысы үшін қосымша төлем жасау керек [Сулейменова, 2016].
Осы мәселелерді ескере отырып, әлем елдері өзінің ерекшеліктеріне сәйкес жергілікті «жасыл» стандарттарды қалыптастыра бастады. Мысалы, ресейлік GREEN ZOOM жүйесі Францияның HQE, Германияның DGNB, Австралияның Green Star, Швейцарияның Minergie, БАӘ-нің Estidama және әйгілі LEED пен BREEAM жүйелерінен ерекшеленеді [Бабкин, 2022]. Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмады. 2015-2018 жылдары «Жасыл құрылыс жөніндегі Қазақстандық кеңестің» бастамасымен ғимараттарды экологиялық сертификаттайын «OMIR» аттықазақстандық жүйесі әзірленді. Ол Қазақстанның географиялық, климаттық, экономикалық және өзге де өңірлік ерекшеліктерін, сондай-ақ қазақстандық құрылыс индустриясының мүмкіндіктерін ескере отырып дайындалған. «OMIR» сертификаты Қазақстанда алғаш рет 2022 жылы Астана қаласында «Гранд Виктория» тұрғын үй кешеніне табысталды. Бұл кешен «М2 Development» компаниясы тарапынан алдын ала «жасыл» талаптарға сәйкес жобасы жасалып, жоғары сапалы үш қабатты панельдерді және қасбеттік әрлеуі бар индустриялық өндірісті қолдану арқылы салынған. Аталмыш кешен – «OMIR» сертификатын иеленген әзірше еліміздегі жалғыз құрылыс нысаны.
Еуропалық Одақ пен АҚШ-та жасыл құрылыстың басталуына елдегі қымбат электр энергиясы себепкер болса, оның қарқынды жүруіне мемлекеттің арнайы саясаты тікелей әсер етті. Мәселен, АҚШ-та LEED сертификатын алған тұтынушыға орташа есеппен 0,45%-ға дейін ипотека бойынша төмендетілген пайыз ұсынылады. Ал тұрғын үйді міндетті сақтандыру мөлшерлемесі қарыз алушыға байланысты орта есеппен 0,2-0,4%-ға төмендетіледі. Ипотека бойынша жеңілдіктерден басқа, АҚШ-та салықтық жеңілдіктер белсенді қолданылады. Мысалы, Флоридада үй иелері энергияны үнемдейтін жабдықты орнатқаннан кейін мүлік салығынан 100% босатылады [Мирошниченко, 2021]. Жасыл тұрғын үйдің құны нарықтағы қарапайым тұрғын үйден қымбат болғанына қарамастан, ол коммуналдық төлемдердің үнемділігіне, ғимараттардың қызмет ету мерзімінің ұзақтығына және экологиялық таза үйде өмір сүру үрдісіне байланысты әлдеқайда тиімді.
Ал Қазақстанда экологиялық стандартқа көшу инвесторлар үшін экономикалық жағынан тартымды болуы тиіс және мемлекет тарапынан толықтай қолдауға ие болуы керек. Мысалы, АҚШ-тағыдай энергияны үнемдейтін технологияларды қолданатын тұрғындар үшін салықтық жеңілдіктер, ресурстарды тұтыну шығындарының төмендеуі, сондай-ақ компаниялар үшін «жасыл» облигацияларды пайдалану сияқты арзан қаржыландыру сияқты артықшылықтарға ие болу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, мұндай құрылысты жеңілдетілген несиелеу арқылы ынталандыруға да болады. Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар айының бастап «Жасыл ипотека» бағдарламасы іске қосылды. «Жасыл ипотека» – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған талаптарға сәйкес келетін дайын жылжымайтын мүлік нысанын сатып алу үшін банк тарапынан берілетін несие. Ол бойынша тек OMIR, ГОСТ Р, BREEAM, LEED жүйесіне сәйкес арнайы экологиялық стандарттарға сай келетін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға болады. Әзірше бұл бағдарлама бойынша «Отбасы банк» ғана жұмыс жасауда. Ипотека шарты бойынша 20% алғашқы жарна төлеу арқылы жылдық 12,5%-бен 35 млн. теңгеге дейін банк несие береді [Отбасы банк, 2023]. Дегенмен, бұл еліміздің қаржы жүйесі шеңберінде басқа банктік несиелермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді бағдарлама болып отыр. Енді «Жасыл ипотека» елімізде «жасыл» құрылысты кеңінен дамыту үшін ынталандырушы фактор болды.
Қорытындылай келе, бірқатар қиындықтарға қарамастан, жылжымайтын мүлік нарығында тұрақты даму идеясы қарқын алып келе жатқандықтан елдегі «жасыл» құрылыс болашағынан зор үміт күттіреді. Уақыт өте келе тұрғындар экологиялық таза үйлердің пайдасына таңдау жасайтыны анық. Ендігі мәселе мемлекеттік бағдарламалар мен құрылыс нарығы қаншалықты тез жұмыс жасайтындығында болып тұр. Құрылыс саласында әзірленіп енгізілетін кез-келген экологиялық стандарттарды енгізудің артықшылықтары болашаққа бағдарланады. Сондықтан одан жылдам пайда күтудің қажеті жоқ. Керісінше, енгізілген технология бірнеше жылдан кейін қандай нәтиже беретінін талдау қажет.
Бүгінде «жасыл» ғимараттар тек экологиялық мәселелерді шешуші құрал ғана емес, шығындарды азайту мен жылжымайтын мүліктің құнын арттырудың маңызды экономикалық құралына айналды. Оның үстіне, сертификатталған ғимараттар коммуналдық төлемдер жағынан тиімді және экологиялық таза болғандықтан нарықта сертификаты жоқ ғимараттарға қарағанда едәуір қымбат тұрады. Мемлекет үшін «жасыл» құрылыс азаматтардың денсаулығына әсер ететін экологиялық және одан туындайтын әлеуметтік мәселелердің, сонымен қатар жақын болашақта туындауы мүмкін су және электр энергиясымен қамтамасыз ету тапшылығын жоятын экономикалық мәселелердің шешімі болып отыр.
Дереккөз:
Алимова, Дарья және Перькова, Маргарита (2023). «Жасыл» құрылыс процестерін реттейтін халықаралық экологиялық стандарттарды салыстырмалы талдау. Вестник БГТУ им. В.Г. Шухова, 4, б. 55-66.
Бабкин, Александр, Курчеева, Галина және Апрелова, Лада (2022). Салауатты қала тұжырымдамасын іске асыру жағдайындағы жасыл құрылыс мәселелері. π-Economy, 2 (15), б. 59-78.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (2020а). 13-мақсат: Климаттың өзгеруіне және оның салдарына қарсы шұғыл шаралар қабылдау. Сілтеме: https://www.un.org/sustainabledevelopment/ru/climate-change/. Қаралған күн: 02.05.2023.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (2020b). Қайта қалпына келетін энергия дегеніміз не? Сілтеме: https://www.un.org/ru/climatechange/what-is-renewable-energy. Қаралған күн: 04.05.2023.
Дементеев, Дмитрий, Сергеевич Калиткин, Андрей Петрович, Шеина, Георгиевна, Cветлана, және Белаш, Владимир (2021). Жасыл құрылыстың жаңа еуропалық стандарттары: WELL және FitWel. Инженерный вестник Дона, 9 (81), б. 37-45.
Гельманова, Зоя, Амирханова, Меруерт және Георгиади, Иван (2016). «Жасыл» құрылыс аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің тиімді құралы ретінде. Научное обозрение: Экономические науки, 1, б. 12-15.
Густова, Наталья (2020). Экологиялық құрылыстың әлемдік астанасы аталды. Сілтеме: https://realty.rbc.ru/news/5fb680259a79473691ecad78. Қаралған уақыты: 06.05.2023.
Отбасы банк (2023). Жасыл ипотека. Сілтеме: https://hcsbk.kz/ru/zelenaya-ipoteka/. Қаралған уақыты: 07.05.2023.
Каранова, Влада және Сикорская, Мария (2017). «Жасыл» құрылыс. Вестник магистратуры, 9 (72), б. 15-20.
Корниенко, Сергей (2017). Жасыл құрылыс-қоршаған ортаның тұрақтылығын арттырудың инновациялық және әлеуметтік маңызды элементі. Здания высоких технологий, 3, б. 60-67.
Мирошниченко, Кристина және Мандрыкина, Ирина (2021). «Жасыл» құрылыс: экоүйлер қанша тұрады және дәстүрлі үйден қай жері жақсы. Сілтеме: https://tass.ru/nedvizhimost/12198827. Қаралған уақыты: 07.05.2023.
Никифорова, Валентина, Каверзина, Людмила және Нужина, Ирина (2020). «Жасыл» құрылыс аумақтарды тұрақты дамытудың тиімді құралы ретінде. Проблемы социально-экономического развития Сибири, 1 (39), б. 44-50.
Савенко, Алексей, Михеев, Георгий, Морозов, Елена, Шендрик, Назар, Мазурин, Артем, Чумак, Василий (2022). Ресейде “жасыл құрылыс” технологияларын енгізудің экономикалық тиімділігі. Экономика и предпринимательство, 5 (142), б. 1354-1358.
Сулейменова, Айжан (2016). Қазақстан үшін «өмір». Сілтеме: https://forbes.kz//process/ecobusiness/jizn_dlya_kazahstana/?. Қаралған уақыты: 07.05.2023.
Таиров, Ринат (2021). “Жағдай нашарлайды”: сарапшылар жаһандық жылынудың қайтымсыз салдары туралы ескертті. Сілтеме: https://www.forbes.ru/newsroom/obshchestvo/436957-situaciya-stanet-huzhe-eksperty-predupredili-o-neobratimyh-posledstviyah. Қаралған уақыты: 02.05.2023.
Turkov.ru (2022). Экологиялық материалдар – құрылыс технологиясының болашағы. Сілтеме: https://turkov.ru/info/articles/ekologicheskie_materialy/. Қаралған уақыты: 05.05.2023.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Жандос Құдайбергенов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия институтының зерттеушісі. 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2011-2013 жылдары Хаджеттепе университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. Нәтижесінде, «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы интеграциялық процестер» атты магистрлік диссертациясын сәтті қорғап шықты. 2018 жылы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Менеджмент» мамандығына докторантураға түсті